Коворкинг орталығы – ел игілігіне

Қаражал қалалық балалар кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясының бастамасымен кітапхананы заманауи білім орталығы ретінде қайта құрып, тиісінше, жұмысын жандандыра түсу мақсатында коворкинг орталығы ашылды.

Орталықтың ашылуына арналған салтанатты рәсімде кітапхана директорының міндетін атқарушы Жанар Оқасова осынау білім және мәдениет ошағына келген әр адамның қолайлы жағдайда демалып, рухани тұрғыда жан-жақты кемелдену мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Ол, сондай-ақ, бұл қадамның оқырман қатарын арттыра түсуге септігі тиеріне де назар аударды.

Жергілікті тұрғындар, оның ішінде өскелең буын өкілдері молынан келген жиында лента қию рәсімін «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Мәуленина мен кітапхананың ең үздік оқырманы санатындағы қала тұрғыны Ислам Ерболұлы жүзеге асырды.

Кеншілер қаласындағы балалар кітапханасы заманауи үлгіде жабдықталған. Жас оқырмандардың бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті барлық жағдай жасалған.

– Әрине, кітапханада коворкинг орталықтың ашылуы – жалпы қауым үшін жағымды жаңалық. Тұсауы кесіліп, оқырман игілігіне берілген орталық тың идеялар мен жаңа жобалар дүниеге келетін ортаға айналып, жастардың буырқанған күшжігері елдің одан әрі өркендеуіне бағытталары анық. Уақыт талабына сәйкес, қазір кітапханалар тек қызмет көрсету мекемесі деңгейінде қалып қоймай, тұрғындардың зияткерлік демалыс ошағына айналып отыр, – дейді қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнұр Сатанова.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.