Бас тақырыпМәселе

Жаңа Қазақстанда «жамау» мектеп әлі бар

«Мектептердегі орын тапшылығы – өте өзекті мәселе. Мен биылғы Жолдауымда 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бердім. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы осы тапсырманы сапалы әрі тиімді орындауына қарай бағаланады. Қазір мектеп салу үшін жер телімін алу айтарлықтай қиындық туғызатын болды. Өңір әкімдеріне барлық мектепке жер телімін алдын-ала бөлуді тапсырамын. Елді-мекеннің жоспарын жасап, тұрғын-үй салған кезде әлеуметтік нысан болу қажеттігі ескерілуге тиіс. Бұл – заңнамада көрсетілген талап».

Мемлекет басшысының Қ.ТОҚАЕВТЫҢ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің

VI отырысында сөйлеген сөзінен.

Жаңаарқада болат жолдың бойында орналасқан Мыңадыр деген ауыл бар. Айтары сол, тұрғындарының бас ауыртқан мәселесі – мектеп. Мектеп жоқ емес. Бар. 9 жылдық 144 Мыңадыр негізгі мектебі. Сөздің турасына келсек, сыртынан қарасаңыз, мектеп деуге келмейді, төбесіндегі Туға қарап, жақындай келе маңдайшадағы тақтайшасынан оқып барып, аңғарасыз. Бұл мектеп мерекелік шара өткізетін мәжіліс залы, спорт залы, шеберхана дегеннен жұрдай. Дәлізінен екі адам қатар әрең өтеді. Арнайы сынып бөлмелерінде заманауи жабдықтар жоқ. Аядай мектептің сыйымдылығы 60 оқушы болса, онда қазір 130-ға жуық бала білім алады.

Ауылда 80-ге жуық түтін тұрады. 500-ге тарта халқы бар. Әлгі мектеп ескіріп, кетеуі кеткен деуге де келмейді. Ертеде ауыл халқы 4 бөлмелі үйді мектеп қылып алған. Тек, 2012 жылы сол кездегі аудан әкімі Ғабдрахман Омаровтың қолдауымен үш бөлме қосып беріпті. Содан бері мектеп мұғалімдерінің өзі сыртын қоршап, абаттандырып келеді.

– Мектепте жалпы 130-ға жуық бала білім алуда. Даярлық сынып пен 9 сыныпты қосқанда 99 бала оқиды. Шағын балалар орталығының өзінде 30 бала тәрбиеленуде. Үлкен топта 17, кіші топта 13 бала бар. Педагог саны – 24. Мұғалім тапшылығы да бар. Химия, ағылшын пәнінен. Бірақ, басты мәселеміз – мектеп. Үлкен болмаса да, спорт, акт залы бар мектеп салып берсе деп армандаймыз. Әсіресе, оқушылардың арманы. Жыл сайын бала өсімі артып келеді. Жылда мектеп табалдырығын аттайтын балалар саны 3-5-ке көбейеді. Мысалы, биылдың өзінде 22 бала мектепке келеді деп күтіп отырмыз. Осы уақытқа дейін ауылда мектеп салынбаған. Тек, екі мәрте бөлме қосқаны болмаса. Ашығын айтқанда, жамау-жамау мектепте білім беріп келеміз, – дейді атын жарияламауды өтінген мектеп мұғалімі.

Аудан орталығына жарысқа, шараға барғанда көздері жәутеңдеп, мектептеріне қызыға қарайды екен. Қыста дене шынықтыру сабағын кабинетте өткізіп, дойбы, тоғызқұмалақ қана ойнайды. Мерекелік шараны ұядай кабинетте ұйымдастыруға мәжбүр. Бірақ, өнерлі оқушылары ауданға жарысқа барса, оқ бойы озық келеді.

– Біз ауданға жиі жарысқа барамыз. Барған сайын әр мектебінде боламыз. Шыны керек, қатты қызығамыз. Біздің де жаңа мектепте білім алғымыз келеді. Бұрын Аяз атаға хат жазатынбыз. Жап-жаңа мектеп салып берсе екен деп. Бірақ, әлі де үмітіміз зор. Президентіміздің теледидарда 1000 мектеп саламыз деген сөзін естідік. Сол мектептің бірі біздің ауылға бұйырса деп тілейміз, – дейді мектеп оқушысы Мадина Құдайберген.

Ауыл халқынының алаңына айналған мәселеден аудан басшылығы хабарсыз емес. Бірақ, аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаевтың айтуынша, мектеп салу үшін апатты жағдайда я үш ауысымда оқуы керек екен.

– Біз Мыңадыр ауылында бірнеше рет болдық. Бұл мәселеден толық хабардармыз. Иә, бала өсімінің де бар екенін білеміз. Бірақ, күйіп тұрған мәселе емес. Бұл мектеп қалыпты жағдайда. Мәселен, Қызылжар ауылындағы мектеп үш ауысымда білім берудің аз-ақ алдында тұр. Алдағы жылы сол жаққа мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін Мыңадыр мектебін кезекте тұр деуге болады. Дегенмен, аса қатты қажеттілік тудырып тұрған жоқ, – дейді Қанат Шубайұлы.

Аудандық білім бөлімі болса, облысқа Мыңадыр станциясына 150 орындық мектеп салуға ұсыныс берген. Басқарма «кет әрі» демеген. Қолдап отырса керек. Ендігі мәселе министрлік қарауында.

– Бала өсімі артып келеді. Облыс басқармасына аталған ауылға 150 орындық мектеп салып беруді ұсынған едік. Ол жердегілер де құптап отыр. Негізі, тарихында мектеп болмаған ғой. Бұрынғыдай тағы 1-2 бөлме қосып бергеннен пайда жоқ. Бірден жаңа мектеп салған тиімді. Себебі, мектеп стандартқа сай емес. Сыйымдылығы 60 оқушы болса, қазір 130-ға жуық бала білім алып отыр. Тіпті, өте тығыз. Жергілікті мәслихат депутаттары да жоғары жаққа жеткіземіз деп отыр. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы бір мектеп салынса, тамаша болар еді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Махаббат Балабаева.

Жаңа Қазақстанға «жамау» мектеп қажет пе, қажет емес пе? Ауыл балаларының қала баласынан несі кем? Осы орайда ауыл дискриминацияға ұшырап жатыр деген ойға еріксіз келеді екенсің…

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button