Коронавирус

Қазіргі мақсат – таралуды тежеу

Алдағы уақытта Қарағанды қаласы бойынша жүретін 40, 43, 53 сияқты автобустардың саны артатын болады. Одан бөлек, бірқатар автобустарды Майқұдықтың «Көгілдір тоғандар» аялдамасынан бастап бері қарай жүргізу қолға алынбақ. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор басшысы Ескендір ҚАБИДОЛЛА мәлімдеді. Бұл шаралар қоғамдық көліктерде коронавирустық инфекцияның таралуын тежеу үшін жасалмақ.

Вирусқа қарсы шаралардың бірі ретінде мамандар арақашықтықты сақтауды айтады. Бірақ, қоғамдық көліктерде оның орындалмайтын талап екеніне көз жеткізу қиын емес. Сондықтан да, осындай шаралар қажет-ақ. Сектор басшысының айтуынша, қазір күніне 350-360 шамасында коғамдық көлік шығады екен. Олардың барлығында әр барып-қайтқан соңғы жерінде дезинфекциялық жұмыстар жасалады.

– Қала бойынша 2 мың орны бар 17 стационар дайын тұр. Оларда өкпені жасанды желдететін 80 аппарат, 7 компьютерлік томография, 9 рентген аппараты бар, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Халил Әкімжанов.

1 қыркүйектен басталған екпе салу жұмыстары осы айдың 1-і күні толығымен аяқталды. Барлығы қала бойынша 64 мың адамға екпе салынды. Сонымен қатар, Қарағандыда 245 дәріхана бар. Олар қажетті дәрідәрмекпен қамтылған.

Халил Рахымұлының айтуынша, қазіргі кезең кіші және орта бизнес субъектілеріне, оның ішінде, қоғамдық тамақтану ісімен айналысатындар үшін қиын болып тұр.

– 17 тамыз карантиндік шаралар жеңілдетілгеннен бері қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы жанданды. Бірақ, олардың арасында санитарлық талаптар мен нормаларды орындамайтындары кездеседі. Бүгінде қала бойынша 10 мобильдік топ тұрақты рейдтер жүргізеді. 1 қазаннан бері 6 мың кіші және орта бизнес субъектілері тексеріліп, 360-ына қатысты тиісті шаралар атқарылды, – деді қала әкімінің орынбасары.

Бұл ретте ол отбасылық мерекелерді өткізуді шегере тұруды сұрады. Себебі, инфекцияның таралуы күн санап артып келеді.

10 қарашадағы деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша 568 жаңа жағдай тіркелген. Біздің облыста 12 адамда КВИ анықталды. Сәйкесінше, ел бойынша 117 904, облыста 10 737 адам вирус жұқтарған.

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы да «сары аймаққа» енді. Бұған дейін онда Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары болған. Ал, «қызыл аймақта» өзгеріссіз: Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары бар.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button