«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

90 жылдыққа – 90 түп тал

Биыл «Saryarqa Aqparat» медиахолдингіне қарасты «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің жарық көргеніне – 90 жыл. Мерейтойға тарту ретінде медиахолдинг ұжымы Қарағанды қаласындағы Сарыарқа даңғылын абаттандыруға өз үлесін қосып, 90 жылдыққа арнап – 90 түп тал екті.

– «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің ұжымы Сарыарқа даңғылын абаттандыруға үлесін қосты. Бұл шараны біздің екі облыстық газеттің мерейтойына арнап ұйымдастырдық. Биыл «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің жарық көргеніне 90 жыл толады. Біз осы датаны тағылымды іс-шаралармен атап өтуді жоспарлап отырмыз. Наурыз айында медиахолдинг БАҚ өкілдері арасында облыстық спартакиада өткізген болатын. Келесі кезекте қаламыздың көркеюіне үлес қосқанды жөн көрдік. Алдағы уақытта осындай бірнеше шара ұйымдастыру жоспарда бар.

Бүгін 90 жылдыққа арнап 90 түп тал ектік. Бұған екі газеттің қызметкерлері ғана емес, біздің Life09 интернет жобамыздың қызметкерлері де атсалысуда.

Соңғы уақытта Қарағандыда құрылыстар қарқынды жүріп, барынша сәулеттеніп келеді. Соған сай қаламыздың жасыл желегін де көбейтуіміз керек. Осыған үлес қосу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Сонымен қатар, біз осы арқылы өскелең ұрпаққа да үлгі көрсетеміз.

Осы бастамаға қолдау көрсеткен, Қазыбек би ауданының әкімдігіне, медиахолдинг қызметкерлеріне алғыс айтамын, – дейді «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет.

Айта кету керек, Қазақстан халқының бірлігі күні Қарағандының екі ауданында ағаш отырғызу акциясы өтті. Екі күнде қалада үш мыңға жуық көшет егілді. Оңтүстік-Шығыста 800 пирамидалық терек отырғызылды, Майқұдықта, Пришахтинскіде және Сұрыптау шағын аудандарында – шамамен 900 түп ағаш егілді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button