Таңсәрі – жан сыры
«Достық» үйінде академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Салтанат СМАҒҰЛТЕГІНІҢ үш жаңа кітабының тұсаукесері өтті. «Таңсәрі» жыр кітабы мен «Өздік білім алу негіздері», «Позитивті интеллект» атты оқу-әдістемелік, танымдық бағыттағы кітаптары оқырманға жол тартты.
Бұған дейін де ақынның «Жанарымдағы жазулар», «Қарашығымдағы сағыныш» атты жыр жинақтары жеке демеушілерінің қолдауымен жарыққа шыққан еді. Үшінші «Таңсәрі» кітабы мемлекеттік тапсырыс негізінде Алматы қаласындағы «Дәуір» баспасында басылған. Кітап «Өлеңім… және Сіз барсыз!», «Ерке едім… әлі де еркемін», «От алау менің де ғасырым» сынды 3 бөлімнен тұрады. Өлеңдерінің тілі шұрайлы, тосын шешімдер оқырманды бей-жай қалдырмайды. Көптеген жаңа жырларымен қатар, «Қара адам» поэмасын да осы кітаптан оқи аласыздар. Бір ерекшелігі – Салтанаттың жырларында жалаң ұйқас пен пафостан көрі адам жанына үңілу басым. Өлеңді тақырыпқа матап, жыр құрамайды. Шумақтардың қалай туса, ақ параққа сол табиғи қалпында түскенін байқайсыз. Әнге сұранып тұрады.
Адам жанына көбірек үңілуін оның мамандығымен де байланыстыруға болады. Өйткені, ол – мықты психолог. Осы кеште тұсауы кесілген тағы екі кітап – осы сөзімізге дәлел.
Алдымен, жұртшылық әдеби-сазды, танымдық-поэтикалық кеш басталмас бұрын бұған дейінгі ақынның өмірі мен шығармашылық жолын өрнектеген бейнефильм һәм көрмемен танысты. Тың деректерге қанық болып, ақын жайлы өздерінше ой түйді.
Шығармашылық кешті тізгіндеген журналист Ернат Мелсұлы кешті ақынның жырларынан үзінді оқып, әрлеп отырды. Оқырман мен ақын арасындағы сырлы сұхбатпен өрбіген көңілді кеште ақынның өзі көсіле жыр оқыды.
Кітаптың тұсауын Нұр-Сұлтан шаһарынан арнайы келген ақын Танакөз Толқынқызы, ҚарУ-дың проректоры Мейіржан Сыздықов, «Қарағанды хабары» газетінің бас редакторы Ләззат Қожахметова кесті. Есілдің жағасынан Айжан Табаракқызы, Шымқаладан Әселхан Торбаева сынды ақын арулар кеште қонақ болып, жырдан шашу шашты. Ақын Руслан Нұрбай, Нұрлан Әбілдин, Ілияс Мұқай, композитор Есжан Әміров бастаған Арқаның зиялы қауым өкілдері бас қосып, шайырдың мәртебесін биіктетті.
Шәкірттері де қостап, шайыр жырларын жатқа соқты. Ақын сөзіне жазылған әндер орындалды. Көпшіліктің ыстық ықылас, ниеті, ақ тілек, баталары ағытылды. Ақын ару кешке келген қауымға жаңа жинақтарын қолтаңбасымен тарту етті.
Осылайша, Салтанат ақынның «Жанарындағы жазулары» мен «Қарашығындағы сағынышы» «Таңсәріде» қайта бүрлеп, Алаш аспанын бетке алып, самғап кетті…
Ақ жол!
Жәлел ШАЛҚАР.