Ресми

ҚАСИЕТКЕ ҚҰНДАҚТАЛҒАН ҚҰНДЫЛЫҚ 1. Олжасы орасан онжылдықтар

Күні кеше ғана ел газеті «Егеменнің» жылашар санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бірнеше қайталап оқыдым. Оқыдым да, толқыдым.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта ең басты құндылығымыз саналатын Тәуелсіздік ұғымының өзі науқаншылдықтың торына шырмалып, жалаң ұранға айналып бара жатқан секілді еді. Құндылықтың құндағы сетінеп кетер ме екен деген күдікке маталғалы қашан. Осы бір күмәннің көбесін сөккен екен Президент мақаласы. Сөз жоқ, ел күткенді еңсерген тұщымды мақала оқыдық. Ұлттық құндылықтарымызды қасиетке құндақтап берген екен. Басқаны қайдам, өз басым Президенттің бұл мақаласын Мәңгілік Елдің Манифесіндей қабылдадым.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылнамасын шартты түрде үш онжылдыққа бөліп, байыпты шолу жасайды. Бұл онжылдықтардың мыңжылдық мерзім мехнатын көтеріп тұрғанын, Тәуелсіздік символына айналған Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерінің куәсі екенін, батыл байлам, тарихи тәуекелдерінің жемісі екенін түйсінетін уақыт жетті, білем… Дәл осыны тұспалдаған Президенттің тұщымды ойларының тұңғиығына бойлап көрелік.

Бірінші онжылдық немесе қаз-қаз басқан Қазақстан

Тәуелсіздік жылнамасына жүйелі шолу жасай отырып, ресми биліктің тарихи жауапкершілігін талғаммен таразылаған Президент Тәуелсіздік тынысын «қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір» деп бағалайды. Немесе Мемлекет басшысының мына бір түйініне зер салыңыз: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ». Елінің ертеңіне асқан жауапкершілікпен қарайтын басшының сөзі! Ел күткен есті сөз!

Халықтың әл-ауқаты – Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ ресми биліктің ұйқысын қашырған ұрымтал мәселе. Өйткені, Одақ құрамынан еншісіз бөлінген жас мемлекет үшін қолда барды ұқсатқаннан басқа амал қалмаған. Қолда барымыздың өзі қойны-қонышымыздағы шикізат қана болатын. Тағдыршешті таңдардың күрделі болғанын сол уақытта еңбекақы мен зейнетақысын айлап-жылдап ала алмаған, ақшаның мөрін ұмытуға айналған халық жақсы біледі. Бүгінгідей импорт алмасып, игілігін ел көретіндей мүмкіндік жоқтың қасы. Өйткені, үш ғасырдан астам уақыт «ұлы державаның» боданы болған Қазақ елінің Тәуелсіздігін бірлі-жарым ел болмаса, алпауыттар мойындай қоймаған. Даламызды көрмеген, данамызды оқымаған әлем халқы үшін біз өркениеттен өгей, ғылым-білімнен қашып, жабайы көшпенділер қатарында едік.

Ауылды айтыңыз… «Ильич шамы» сөнген. Байланыс бағандарын отынға жарып, сымын сабынға айырбастап жібергенбіз. Саулық қойын «самопал» арақтың бір шишасына айырбастап алған шопаннан «бақытты» жан жоқ еді. Міне, сол кезде біреуге «Ауыл қайта гүлденеді» десең, ертегі айтып тұрғандай көрінетінсің.

Соның бәрі көрген түстей артта қалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығын «Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі» деп атап, осы бір күрделі кезеңдегі Елбасының еңбегі мен қажырына ерекше тоқталады. Бұл жерден сабақтастықтың алтын көпірін айқын аңғаруға болады. Жалпы, бейбіт жағдайдағы билік транзитінің біздің елдің мәңгілік бағына бастау болғанын түсінетін кез жетті. Біз тұщынып оқыған Президент мақаласында сабақтастық салтанаты салиқалы өріліп, Елбасы көрегендігі көркем ойлармен көмкеріледі.

Сонымен, бірінші онжылдық еншісінде қандай игілік бар? Дағдарыс дауылына төтеп бере отырып, шекарамызды шегендеп, Ата Заңымызды қабылдадық. Мемлекеттік нышандарымызды қабылдап, теңгерімі тегеурінді теңгемізді шытырлатып санай бастадық. Әлем картасынан ойып тұрып орын алған жас Қазақстан мемлекетін әлем мойындап, бірнеше халықаралық ұйымдардың мінберінен үн қаттық. Өкінішке орай, осынау игілікті көргіміз келмейді. Иә, қазіргінің жасы тұрмақ, ақсақал-қара сақалының өзі Тәуелсіздік игілігін көрмегендей «көсем» болып, жаңа ашылған партияны жағалап, «саяси мода» қуып жүр. Бұлар үшін Тәуелсіздіктің құны – көршіден алған қарыз ақшадай ғана. Солар оқыса ғой осы мақаланы. Оқыған болса, осыдан 30 жыл бұрын әлемдік аренаның босағасын қаз-қаз басып аттаған Қазақстанның бүгінгі келбетіне сүйсініп қана отырар еді…

Екінші онжылдық, немесе өзгерістер өрінде

Бұл кезеңді «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» депті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Иә, біз жаңа ғасырды жасампаздықпен қарсы алғанбыз. Жаңа мыңжылдық табалдырығын ұлы өзгерістермен аттағанбыз. Жақсыны жазсақ, жарамсақ атанып, елдік мұратты екі ауыз сөзге арқау етсек, ертегіші атанған ұлттық публицистика осы кезеңде жасампаздықтың жаршысына айналған. Экономика еңселенді. Шетелдермен тауар айналымының көлемі артып, инвестиция игілікке жарады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлт ұпайын түгендеп, тоталитарлық жүйе жойып жіберуге шақ қалған құндылықтарымызды қайтардық. Арқа төсінен бой көтерген Елордамыз елдіктің нышанына, әлемдік сын-қатерлердің таразысына айналды.

Елбасының әрбір идеясының астарында тарихтан тамыр тартқан ақиқат жатты. Соны меңзеген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз мақаласында Тәуелсіздіктің тамырында халқымыздың талайлы тағдыры, қанмен жазылған тарихы барын батыл байламмен жеткізіп, бүгінгі қазақстандық қоғамға «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет» деп, тарихи жауапкершілік жүктейді. Тәуелсіздік дәуіріндегі Елбасы еңбегін ерекше сезіммен бағалай отырып, екінші онжылдық кезеңіндегі бетбұрыстар бедері мен болашақтың жарқын келбетін тамаша шендестіре отырып, өткен тарихсыз келісті келешек болмайтынын тамыршыдай дөп басады Қасым-Жомарт Кемелұлы. Тым әрідегі Ғұннан қалған ғұрпымызда да, Сақтан қалған салтымызда да, Алтын Орда мен Қазақ Хандығы қазық қаққан Ұлы Далада Азаттық жолындағы ұлы күрестің ұраны, миллиондаған ұрпақтың аяулы арманы барын айтады.

Сол екінші онжылдықта өз жемісін берген «Мәдени мұра бағдарламасының заңды жалғасындай болған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдығына арналған шаралар саяси билік аренасында жүйелілік барына дәлел болса керек-ті.

Ел күткен есті сөзді жеткізген Президент мақаласын тарих толғатып, кіндігін уақыттың өзі кескен Толағай ұлға, толайым ойлар тоғысына баладым! Толағай ойларының тобықтай түйінінде: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ел күткен сөз! Дауыңыз бар ма?

Ретті реформалар мен тарихи бетбұрыстар кезеңі саналатын екінші онжылдықтың еншісінде әлемді әбігерге салып, алты құрлықтың апшысын қуырған 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысы болғанын адамзат тарихынан сызып тастай алмаймыз. Біз – Еуропаның еңсесін түсіріп, Азияны абдыратып тастаған дағдарыс дауылын еркін еңсерген елміз! Мұның барлығын салмақты саралаған салиқалы сөз иесі: «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік» деп түйіндейді өз ойын.

Ақиқат сөз! Ел күткен…

Үшінші онжылдық немесе миллион үміт, бір өкініш

«Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, мерейлі мемлекетке айналдық» дейді Президент. Дау айттырмас ақиқат. Әлгі бір саяси сандыраққа маталған топтардың міншіл пікіріндегі «ертегі» емес!

Бір ғана «Қазақстан-2050» Стратегиясын алыңыз… Мақсатымыз – озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу! Экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіштері бойынша біз бұл межені бағындырып та үлгердік. Экономикалық жаңғыру, саяси реформа сынды сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп, рухани тұрғыдан жаңғыру кезеңіне бет бұрдық. Әр сала бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін бере бастады. Басқаны айтпағанда, бір ғана Қарағанды облысындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың көшелі көрсеткіштерінің өзі – ақиқатқа айналған аңыздың айғағы. Кеңес дәуірінің еншісіндегі 70 жылда көмірімізді алып, өмірімізді жүдеткен, ақ қары қара түстен арылмаған Қарағандыда жүздеген нысан бой көтеріп, миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салынды.

Үшінші онжылдыққа тиесілі ең елеулі оқиғаның бірі – Қазақстандағы билік транзиті. Қазақстанды Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бері басқарып, ең бір күрделі кезеңде еліміздің екі тізгін, бір шылбырын берік ұстаған әлемдік деңгейдегі сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының бұл шешімі елінің ертеңіне бейжай қарай алмайтын нағыз қайраткердің, шынайы тарихи тұлғаның көрегендігі еді. Бейбіт жағдайда билік ауыстырудың түп тамырында елдегі бейбітшілікті баянды ету мұраты жатқанын әлем сарапшылары жарыса жазды. Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның да өз мақаласында Елбасы еңбегін жоққа шығармай, әрбір ой-мақсатының тоғысында Тұңғыш Президент бастамаларына байыппен тоқталуында тегеурінді тектілік жатыр. Жетістіктерді жекешелендіруге, ортақ игілікті оқшаулауға болмайтынын дәлелдеген, маржан мен арзанның ара-жігін ажырата алатын асқақ өре, биік парасат аңғардық.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасының сенімді серігі бола жүріп, тәу етер Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қыруар еңбек сіңірген халықаралық дәрежедегі дипломат, қажырлы қайраткер осылай сөйлесе керек. Дамудың озық үлгісін танытқан үшінші онжылдықтың үлесінде қандай игілік болса, соның барлығында бүгінгі Президентіміздің де зор үлесі, айшықты қолтаңбасы бар. Қалай болғанда да, Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығы дәуірлеу кезеңі болды.

Өкініштісі сол, адамзат тарихындағы қара таңбаға айналған Covid-19 індетінің кең таралып, алты құрлықтағы тіршілік атаулыны бір тарының қауызына сыйғызып жіберген кезеңі де осы үшінші онжылдықтың үлесінде тұр. Әлем халқы бұрын-соңды болмаған ауыр індет, алапат қатермен бетпе-бет келді. Оның салдарынан жер-жаһанда экономикалық дағдарыс салқыны сезіліп, апат ауыртпалығы Қазақстанның қабырғасына да батты. Дегенмен, ел Президенті өзінің мақаласында экологиялық, биологиялық вирустан қауіпті идеологиялық вирустың қарқын алып бара жатқанына ел назарын аудартады. Жат жұрттың ықпалына шырмалып, жат діннің уағызына құлдық ұру үрдісі белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген ҚасымЖомарт Кемелұлы азат елдің ұландары адасудан ада болса деген ниетін жеткізеді. Бұл да – ел тізгінін ұстаған қайраткердің тарихи жауапкершілігі!

Не десек те, Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарымызды қасиетке құндақтап берді. Ел ертеңі жолындағы жауапкершілік – баршаға ортақ! Осыны ұмытпасақ екен!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button