Бас тақырып

Қарағандыда жаңа жұлдыз ашылды

Арқа даласын тербеген «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалі осымен жиырмасыншы мәрте жалауын көтерді. Қазанның 11 күні соның ашылу салтанатына қатысқан біз Алматы қаласының мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі концертіне тәнті болдық. Фестиваль аясында осындағы «Жұлдыздар аллеясы» аталған оркестрдің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз, профессор Қанат АХМЕТОВТІҢ есімімен толықты.

Фото: karaganda-region.gov.kz

Кеншілер мәдениет сарайының алды ду-думан дейсің. Орталық саябақ пен мәдениет сарайының арасын қақ жарып өтетін ұзын жол жабылды сол сәтте. Ұлы өнерге құрмет осындай болса керек. Өнерпаздар саябақтан бері сырнайлатып, кернейлетіп сарайдың алдынан бір-ақ шықты. Қоңыр күздің қабағы – ашық. Дүн-дүние жасарып, жаңғырып кетті, тегі. Фестивальді мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі ашқаны өз алдына. Осында төрт күн бойына толастамайтын өнер жәрмеңкесіне Түркия, Ресей, АҚШ, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, тағы басқа елдердің өнер ұжымдарынан атаулы әртістер келіп, қатысуда. Концерттен бөлек, олар өткеретін шеберлік сыныптары тағы бар. Халықаралық шараны ұйымдастырушы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікке қалай алғыс айтпайсыз мұндайда?!

Халықаралық деңгейдегі өнер жәрмеңкесінен қарағандылықтар мен қала қонақтары да құр қалмауға тырысқан секілді. Кеншілер мәдениет сарайы лық толды. Сахнада – мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі және оның дирижері Қанат Ахметов. Жерлесіміз Қанат аға 1990 жылдары Құрманғазы атындағы консерватория студенттерімен бұл оркестрді өзі құрған деседі. Содан бері мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі қазақ композиторларының туындыларын орындап, олардың атағын әлемдік деңгейге көтерді. Қазақ авторларының 30-ға жуық партитуралары Еуропа елдерінің баспаларынан жарыққа шығып, бүкіл әлемге таралды. Венада, Тайванда, өзіміздің республикамызда компакт-дискілер шығарылды. Сондай-ақ, көптеген халықаралық конкурстар лауреаты атанып та үлгерді. Ресей және өзге де ТМД елдері, Франция, Англия, Германия, Швеция, Норвегия, Испания, АҚШ (13 рет), Түркия, Жапония, Қытай мемлекеттері жерлесімізді құрметтеп, дирижер әрі тромбон солисі ретінде күні бүгінге дейін шақырып, өнер көрсетеді.

Оркестр концертін Түркештің «Көңілашарымен» ашты. Р.Глиэрдің шығармасын оркестрдің солисі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Береке Еңкебаева әріптестерінің сүйемелдеуімен орындап шықты. Ресейлік Денис Марьевтің Қанат ағамызға арнаған төрт бөлімнен тұратын «Қанат» атты композициясы тіптен әсерлі шықты. Бұл – кәсіпқой өнер иесінің жанын төсеп жазған үлкен шығармасындай сезілді бізге. Оркестр бұдан кейін де бірнеше шетелдік шығармаларды орындаса, әнші Береке Еңкебаева Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» тамылжытты.

Концерт басталмас бұрын алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев сөйлеп, Қанат Мұғинұлының шығармашылық жолына тоқталып, дирижердің есімін Қарағандының Құрмет кітабына жазып, қолын қойдырған. Соның жалғасы ретінде концерттен соң Қарағандының «Шахтерлер даңқы» алаңындағы «Жұлдыздар аллеясында» Қанат Ахметовтің «Жұлдызы» салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шара мерекелік отшашуға ұласты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button