Коронавирус

Күн тәртібінде – әлеуметтің әлеуеті

Вирус қарапайым халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі ғана емес, билік органдарының да жұмысын өзгертті. Күн тәртібіндегі өзекті мәселе инфекцияның жалпы экономикадан бөлек, азаматтардың әл-ауқатына тигізетін теріс әсеріне қарсы іс-қимылмен толықтырылды. Басты ұстаным – қиын жағдайда қалған қазақстандықтардың бірде-біреуінің назардан тыс қалмауы. Президент пәрменімен қолға алынған түрлі әлеуметтік шаралар сындарлы сәтте мемлекеттің ешкімді аш-жалаңаш қалдырмайтынын көрсетті.

Індет жағдайында облыс тұрғындарына қандай әлеуметтік көмек көрсетілгені жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСПЕКОВАМЕН аз-кем сұхбаттасқан едік…

– Әсем Айтжанқызы, алдымен төтенше жағдай кезіндегі тегін азық-түлік себеті кімдерге тиесілі екеніне және қандай қағидаларға сәйкес берілетініне тоқталсаңыз?

– Төтенше жағдай кезеңінде халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес реттеледі. Яғни, азық-түлік және тұрмыстық жиынтық атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, тұрақты негізде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, кез келген жастағы І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектерге, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да беріледі.

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тiркелген жұмыссыздарға да тегін азық-түлік себеті ұсынылатынын айта кету керек.

– Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсетуді қолға алды. Облысымызда мұқтаж жандарға берілетін бір реттік 50 мың теңге алатындар саны қанша?

– Жалпы, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалалары бойынша қордан 683 млн. теңге беріледі. 50 мың теңгеден бір реттік көмекті көпбалалы отбасылар, І топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, жетім балалар, ҰОС және тыл ардагерлері алады. Төлем азаматтардың жеке шоттарына аударылады. Бір реттік көмекті алу үшін ешқайда барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Аталған қаражат өңірлік қорларға аударылып, әрі қарай жекелеген есеп-шоттарға түседі. Ал, мұқтаж жандар тізімі жергілікті жағдайды жақсы білетін әкімдіктерден алынады.

–  «Bіzbіrgemіz!» акциясы аясында қандай жұмыстар атқарылды?

– «Nur Otan» партиясының 85 мыңнан астам халқы бар қалалардағы өңірлік филиалдары әлеуметтік тәуекелдерге бейім санаттағылар «BizBirgemiz» қорының қаражатынан көмек көрсетуді бастады. Сондай-ақ, көмек көрсетілетін 7 санат анықталды. Олардың қатарында аз қамтылған көп балалы отбасылар, 1 топтағы мүгедектер, мүгедек бала күтіміндегілер, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, жетім балалар, асыраушысынан айырылғандар, ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер, одан бөлек, тыл еңбеккерлері де бар.

– Облыстың қанша тұрғыны 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақы алуға тапсырыс берді?

– Қазірдің өзінде жұмыс берушілерден – 6093, ал, жұмысынан айырылған қызметкерлерден – 7891 өтініш түсті. Табысынан айырылғаны расталса, олардың барлығына төлем төленеді. Ал, кейінгі күндері жәрдемақы алу тәртібі өзгергендіктен, кейінгі бір жылда бірыңғай жиынтық төлем жүйесіне қатыспағандар жұмыссыз ретінде тіркелген соң, өтініш тапсыруларына болады.

Айта кету керек, облыс орталығынан бөлек, жәрдемақы алуға Жезқазғаннан – 526, Сәтбаевтан – 156, Ұлытау ауданынан – 78 өтініш келіп түсті.

– Әсем Айтжанқызы, уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Әңгімелескен Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button