Қарағанды облысының кей өңірлері қағаз анықтамадан бас тартты
18 сәуір сағат 00:00-ден бастап Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында және Бұқар жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Көкпекті, Ботақара, Ғ.Мұстафин, Петровка елді мекендерінде жұмыс орнынан берілген қағаз анықтамалар жарамсыз болады. Өткізу бекеттері жолаушыларды электронды база арқылы тексереді. Сонымен қатар, оларда карантин кезінде жұмыс істеуге рұқсат алған кәсіпорындардың тізімі болады.
Егер, Сіз, жеке автокөлікпен, велосипедпен жұмысқа барсаңыз немесе жаяу жүрсеңіз электронды базадағы тізімде болуыңыз керек. Тізімге тіркеу үшін, тек, жұмыс беруші тарап қана рropusk.kz сайты арқылы онлайн өтініш бере алады. Аталмыш сайт 2020 жылдың 17 сәуірінен бастап іске қосылмақ.
Егер, кәсіпорындардың қызметі қабылданған нормалармен реттелмеген болса, жергілікті әкімдіктер берілген өтінімді қабылдамауы мүмкін. Бұл шараның басты мақсаты – көшедегі халық санын азайту. Өйткені, соңғы уақытта карантин режимін бұзу және жалған анықтамалар қолдану оқиғалары жиілеген.
Электронды базаға қатысты қандай да бір сұрақтар туындаса 109 нөміріне хабарласуға болады. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта Қарағанды облысының өзге қалалары мен аудандарын электронды базаға енгізу жоспарлануда. Әзірге оларда қағаз анықтамалар жарамды. Электронды базаға көшу кезең-кезеңімен жүзеге асады.