Партия бағыты – халықтың аманаты

Ел Президенті, Nur Otan партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қатысуымен партияның кезектен тыс XXII съезінде партия атауын өзгерту туралы ұсыныс айтылды. Бұған дейін саяси күштердің кезектен тыс сессиясында тиісті мәлімдеме жасаған Қазақстан Парламенті мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов партия атауын «Аманат» деп өзгертуге ұсыныс жасады. Президент аталған шешімді құптады.

Nur Otan-нан AMANAT-қа

– Партиямыз елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістердің ортасында. Ашығын айтқанда, елмен бірге партияны жаңарту да талап етіледі. Ұйымның қызметін жаңа мәнмен толтыру үшін қажетті өзгерістер енгізу керек. Осыған байланысты партияның табиғаты мен атауын өзгерту дұрыс деп санаймыз. Жерімізді және халқымызды ата-бабаларымыз бізге сеніп аманаттады. Біз оны келесі ұрпаққа табыстауымыз керек, – деді Ерлан Қошанов өз сөзінде.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жиын барысында Nur Otan-нан AMANAT-қа өзгерген партияның келешегі жөнінде айтып, міндеттерін адал атқарып келген партия белсенділерінің еңбегіне құрметпен қарау керектігіне де тоқталды. Одан бөлек, Президенттің айтуынша, бүгінгі таңда «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша шараларды атқару басталып та кеткен. Оны табысты жүзеге асыру үшін мақсат-міндеттер де айқындалуы тиіс. Ал, оған ұйытқы болатын, әлбетте, Партия болады.

Саяси ұйымның атауын AMANAT деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен AMANAT деген атауға тоқтадық.   Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де  айрықша мәні бар киелі ұғым.  Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы.   Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде AMANAT деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атауы өзгерумен шектелмейді

Президент осы орайда соңғы уақытта партия аппаратының жұмысында «бюрократияның кері сипаттары» байқала бастағанын да атап өтті. Оның айтуынша, бірінші кезекке сайлаушылармен жұмыс емес, ресми іс-шаралар шыққан. «Жұмысқа құлшынып тұрған энтузиастар дарынсыз функционерлерге жол беруге мәжбүр болды» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа атау «мықты мемлекеттіліктің құндылықтарын» және «болашақ ұрпаққа ата-бабалар қалдырған Отанымыздың шексіз кеңістігін» бейнелейді. Сонымен қатар, партияның трансформациясы тек атауын өзгертумен ғана шектелмеуге тиіс. Яғни, қоғам сұраныстарын ескере отырып, саяси күшті толығымен өзгертуге шақырды Қасым-Жомарт Тоқаев. Сәйкесінше, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет.

Орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.  

Сондай-ақ, қасым-Жомарт Кемелұлы Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін де жандандыру керек дейді. Диалог алаңдарын ұйымдастыруды депутаттық фракциялар міндеттеріне алып, жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу керек.

Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді партия Төрағасы.

Басты мәселе – азаматтардың мүдделері мен партияның ашықтығы

Мемлекет басшысы басты мәселе ретінде азаматтардың мүдделерін ілгерілету мен партияның ашықтығы деп көрсетті. Оның айтуынша, партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермеуі тиіс. Сонда ғана Премьер-министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Ал, осылай жалғаса берсе, адамдардың партияға деген сенімі жоғалып, партияға кері әсері тиеді.

– Көзбояушылықтың салдары  адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент.

Елімізді одан әрі жаңғырту жолында Партия Төрағасы партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін де атап өтті. Ол үшін Қазақстанның әрбір азаматынан тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастырған жөн. Тіпті, партия ішінен іріктелген сенімді адамдарды ілгерілету дұрыс деп санайды.

Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы бірден-бір кедергі.  Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет, – деді Президент.

Қауіпсіздік пен әл-ауқат бірінші орында

Жиын соңында Партия Төрағасы орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Ал, AMANAT – озық ойлау мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін негізгі ұйым.

Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман бітім артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан, делдалдық қызметтермен қоса, барлық көмек түрлерін көрсетуге дайын.

Мен Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар отырысын өткіздім. Санкциялық қарсылықтың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында Үкіметке елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктедім. Біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындықтар мен сынақтарды бәріміз бірге еңсереміз деп ойлаймын. Олардың күрделілігін бағаламауға немесе асыра көрсетуге болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшін елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты бірінші орында. Осы мақсатта қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді Мемлекет басшысы.

Салтанат ІЛИЯШ.