«Рухтарды көмбейді қара жерге»

Сәкен Сейфуллин! Соқтықпалы, соқпақты тар жол тайғақ кешулі ғұмыр кешіп, Алаштың аспанынан ағып түскен жарық жұлдыз. Сәкен десе көз алдыңа жұртымның сыры мен жыры, әні мен сәні, жаны мен ары келеді. Ол – әсемдіктің, тазалықтың символындай есім. Біз білетін, біздің буынның санасына адамзаттың аққуы секілді орныққан менің Сәкен ағам. Өмірімен де, өлеңімен де ол – осындай абыройға лайық тұлға. Алыстаған сайын биіктейтін таулар сияқты қазақ қауымының көңіл көлінде Сейфолланың Сәкені – жарқырай беруге тиіс жалқы құбылыс, біртуар ер.

Кейде оңынан, кейде солынан соққан замана желі біздің халықты тәуекелдің желқайығына қанша рет мінгізді екен. Сондай бір мың өліп, мың тірілген сын сағатта халқының сөз бастаған шешені, топ бастаған көсемі Сәкен еді.

Күндердің керуені ұзап, айлар алыстап, жылдар жылжып жатыр. Сынаптай сырғыған уақыттың өз айтары бар. Қоғам өзгерді, заман өзгерді, адам өзгерді. «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» – деп бұрынғылар бекер айтты дейсіз бе? Осы тұста өткенге зерделі тұжырым, әділ баға беру де халықтың арына сын. Арзан ой, үстірт пікір, жаңсақ ұғымға жетелейді. Қанша заман өзгерсе де, Сәкен секілді күрделі тұлғаға біржақты кесім де, шешім де айтуға болмайды. Үлкен ақын, дарынды әнші-композитор, талантты қоғам және мемлекет қайраткері, биік парасат иесі, арлы азамат. Сәкен – халқының бақыты үшін басын бәйгеге тіккен боздақ. Ол бүгін де, ертең де солай болады. Сәкен – ең алдымен халқының ұлы, уақыттың перзенті.

«Бар жазам күштілермен алысқаным,

Жыртқаным сорлы жұрттың намыстарын.

 Теңдікке нашар жұртты жеткізуге

 Көп жауыз ұлықтармен қарысқаным» – дейді Сәкен бір өлеңінде. Осы жолдарда оның сезім дірілі, жан сыры, жүрек лүпілі бар.

Сәкеннің атағы – мәңгілік атақ. Небәрі 43 жас қана өмір сүріп, оның өзін талас- -тартыста, халқының бақыты үшін толассыз күресте өткізген Сәкен аға, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, халқының жүрегіне берік ұялаған. Сол сегіз қырлы, бір сырлы сұлу Сәкен, дауылпаз Сәкен, еліне сіңірген еңбегімен де, қайталанбас дара тұлғасымен де, тіршіліктегі үлгі-өнегесімен де, артына қалдырған мол мұрасымен де, екпіндей жарқырап жиырма бірінші ғасырға енді. Ол – Сәкен даңқы ғасырдан ғасырға жетті деген сөз.

Сәкеннің аты, әні, сәні – ел аузында, қайраткерлігі – халық жүрегінде. Тарихта, қазақ өмірінің жылнамасында мұндай өміршең тұлға санаулы-ақ қана. Ол артына, халқына асыл мұра қалдырып кетті. «Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас суық көңілді жылытады. Асылы, адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды. Сәкен мақсатына тулаған толқындармен алыса отырып жетті» – деп толғаныпты Сәкеннің тұстасы, аса ірі жазушы Ғабиден Мұстафин. Дәлелді де, әдемі айтқан.

Сәкен көкірегі ояу қазақ баласы үшін қасиетті ұғымға айналғалы қашан? Биыл «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің» (К.Салықов) туғанына – 125 жыл. Әлгінде айтқандай, тағдыры бір, танымы ортақ, тұғыры биік тұлғалар жұрттың санасына Сәкен, Ілияс, Бейімбет, яки, Үш Арыс болып орныққан. Ол – ешбір ресми бұйрықсыз-ақ, қазақ дейтін киелі жұрттың арының айдынына, көңілінің көліне қонған қастерлі құрметтің белгісі.

«… Жас күніңнен жайсаң тай,

 Ұлы дуда жарыстың.

«Тар жолдарда» тайсалмай

Жау қолында алыстың.

Жауға туды тулатты,

«Асығып тез аттандың».

Жұртың жауды қиратып,

Майдан сайын мақтандың.

Алуан әсем күйменен,

Әндеттің «Сыр сандығын».

 Тәтті ой, өткір тілменен

Кең даланы жарды үнің.

Қызыл желдей гулеткен,

Сөзді сенің қаламың.

Ұлы ұранға күй шерткен,

«Домбырасы» даланың.

… Жырламасқа теңіздей,

Қуаныштың шегі жоқ.

Ардақталған өзіңдей,

Қазақта ақын тегі жоқ» − деп ағынан ақтарылады «Тұлпарға» деген өлеңінде қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіров. Ағынды Ақсудай ағылып төгілген ақынның осы өлең жолдарынан-ақ Сәкеннің шын қадіріне жеткен жанның оған деген ыстық ықыласын аңғарасың.

Енді Бейімбет Майлиннің пікіріне ден қояйық:

«…Көркем сөз шебері, сенің еңбегіңмен жақын танысқаным 17-жылдың басы еді. Әлі есімде, түнгі ауылдың тұншыққан сарынын суреттеген бір шығармаң сол жылы «Абай» журналының ең ақтық бетіне басылып еді. «Абай» журналының сол санында басқа қандай шығарманың басылғаны ешкімнің есінде жоқ шығар, бірақ сенікі ұмытылмастық.

Сенің шығармаң миллиондаған қазақ еңбекшілеріне арналған еді, еңбекшілер жұртшылығы сен сияқты пролетариат жазушысын – өз жазушысын тани алды. Сенің шығармаң миллионның қазынасы болды. Саған еліктеп мыңдаған жастар шықты».

«Сәкен ақындығының зор қасиеті – шыншылдығы» – дейді ұлы Мұхтар Әуезов. «Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық. Тұтас білімді, жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Белгілі шығармаларынан өлеңін, әңгімесін, поэмасын алсақ – барлығында да сүюі мен ашуы, ырзалығы мен наразылығы, үміті мен күдігі әрқашан барынша шын сезімнің толқыны боп білінеді». («Қазақ әдебиеті», 1936, 12 шілде).

Сәкен Сейфуллин барлық жанрда қалам тербеді.

Ол – қазақ әдебиетіндегі «Тар жол, тайғақ кешу» секілді дүбірге толы дүниенің дүрмекті оқиғаларынан құралған кең құлашты романның, «Көкшетау» секілді көркем де шоқтықты поэманың авторы болуының өзі Сәкен есімін ғасырлардан ғасырларға арқалап апарар еді. Сәкен есімі ұғымға ғана емес, қазақ дейтін қастерлі жұрттың жиынтық бейнесіне айналып кеткендей. Сәкеннің достарының бірі, орыстың белгілі қаламгері Галина Серебрякова: «… Қазақстанда барлығы да шетсіз-шексіз, ұлан-ғайыр, құнарлы жері де, мыңғырған малы да, таусылмас қазынасы мен арқырап аққан өзендері де, ең бастысы – табиғат дарынды аямай берген адамдары да – ғажайып.

Мен Сәкен Сейфуллинді осы Қазақстанның кішкене бір бөлігі деп ұқтым. Және өз халқы мен еліне жан-тәнімен берілген үлкен азамат екенін білдім» деп тебіренеді.

Қазақстанның кішкене бір бөлігі… Қандай тамаша теңеу еді? Сәкенмен таныс-білістігінің өзіне кейін сор болып жабысарын Галина сұлу білді ме екен? Қайран, заман-ай! – десейші.

Сәкен – қай жағынан алып қарасаң да болмысы бөлек, жаратылысы жалқы біртуар тұлға. 1914 жылғы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты алғашқы жыр жинағы жарық көргеннен бастап оның ғұмыры, қайраткерлік жолы, шығармашылық асулары – бәрі-бәрі жұртының көз алдында өтті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында ол бұқара халық жағында болды. Сәкеннің қайраткер тұлға ретінде қалыптаса бастауы 1917 жылғы Қазан төңкерісімен тұспа-тұс келеді. Кеңес өкіметін орнату кезеңінде ақ гвардияшылардың қолына түсіп, атаман Аннековтың азап вагонында, Колчак түрмесінде азап пен қорлық көрген тұстары қайраты мұқалмай, жігері жасымай қайраудағы ұстараның жүзіндей алмағайып заманның зобалаңдарымен егеске түскендей әсерде қаласың.

Жиырмасыншы жылдары ол Қазақ Кеңестік Республикасының саяси-қоғамдық өміріне белсене араласты. КазЦИК-тің мүшесі, республика Халық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы және тағы басқа толып жатқан қоғамдық істер ғасыр тоғысында екі түрлі идея, екі дүние арасында нар атандай жүк арқалаған Сейфолланың Сәкенінің тұғырын биіктете түседі.

Сәкен секілді тағдырлы таланттың кез келген шығармасы өз алдына зерделеп, зерттеуді қажет етеді. Жаратылысынан қайраткер тұлғалар қашанда өз бағытын өзі айқындап, болмысқа барлау, болашаққа бағдар жасаған. Оның жаңашылдығын, өзгеше ізденістерін түсінгісі келмеген, болмаса қасақана бұрмалаған пиғылдар ол кезде де аз болмаған. Сәкенді революционер ақын ретінде зерттеп, ғылыми еңбек жазған көрнекті ғалым Е.Ысмайылов ақынның кейбір шығармаларын көпе-көрнеу бұрмалау шылар болғанын айта келіп, сол кездегі ҚазАПП басшыларының бірі М.Қайыпназаровтың мынандай пікірін келтіреді: «Соңғы кезде басылып шыққан Сәкеннің «Көкшетауы» салт-сана жағынан барып тұрған зиянды кітап. Ақсүйектер дәуірін жырлайды. Қазіргі Көкшетаудағы жаңа социалды қатынасты айтпайды». Міне, ақынға деген өктем саясаттың көзқарасы. Қай заманда да биліктің бишігі шын ақынның маңдайын да, маңайын да осып өткен. Әлгіндей пікірлерді естіген Сәкеннің ет-жүрегі езілмеді, жаны күйзелмеді дейсіз бе?

Қазақ әдебиетінің көзі тірі абыз ақсақалы, академик Серік Қирабаев «Сәкен туралы жаңа сөз» («Қазақ әдебиеті», №38, 23 қыркүйек, 1994 жыл) мақаласында: «Сәкен революцияның қызыл туын көтеріп әдебиетке келгенде, Қазақстанда онымен қатар тұрар адам болмайтын. Жалғыздығына қарамастан, ол жаңа әдебиеттің ұраншысы болды, оның жас кадрларын тәрбиелеп, оларға бағыт сілтеді. Еңбектерімен және жаңа құрылған жас күштерді жинап, жаңа әдебиеттің негізін қалады, қабырғасын тұрғызды, аяғынан тік қойды. Мұны қазақ әдебиеті зерттеушілерінің бәрі айтқан, мойындаған. Тарихи бұл бағаға ешкім таласпайды» деп түйінді сөз айтады.

Сәкеннің 100 жылдық мерейтойы кезінде жазылған «Сәкеннің тарихтағы орны хақында» мақаласында көрнекті сәкентанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «… Сонымен Кеңес құлады, партия тарады, коммунистік идеология мансұқталып жатыр. Тарихтағы жаңа бет − Кеңес заманы дегеннің серкесі де, еркесі де, жыршысы да, жаршысы да болған Сәкенді қайтеміз? Оның тарихтағы орны қайсы? Қандай ісін қадірлеп, қандай ісін мансұқтаймыз?»

Осыдан ширек ғасыр бұрын Тұрсынбек Кәкішұлының аузымен айтылған осы сауал әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Сәкен секілді тағдырлы тұлғаға жаңа уақыт, жаңа ұрпақтың көзімен қарау керек. Оның есімін ұлықтау, еңбектерін басқаша саралау – тек мерейтойлар кезінде өткізілетін шара болмауға тиіс. Сәкенге қандай да бір баға берерде сол уақыттағы қазақ қоғамының саяси өмірін ескеріп, тарих таразысына салмаса болмайды.

Сәкеннің мерейтой жылы кезінде айтар ойдың бір парасы осы еді. Өркені өскір өркениетті елдің өрендері Сейфолланың Сәкенінің атына да, затына да шаң түсірмей, келер күндердің көш-керуенінде де жүрек түкпірінде жарқыратып сақтауға тиіс.

Себебі, аңыз Сәкен, абыз Сәкен, ақын Сәкен – менің халқымның РУХЫ!

Құлагерін көңілімнің қамшылама,
Сәкен десе ет-жүрек жаншыла ма?
Қара орманның қайғысын қара киіп –
Арсыздықтан келеміз аршып, аға!
– Арысым, – деп,
– Арым, – деп ел айтады,
Сарыарқаның сырнайлы желі айтады.
Есіл, Есен, Нұраның көлі айтады,
Көп айтады…
білмесе неге айтады?
Ғұмырыңды ғасырлар ұзартады,
Атанына азған жұрт мұз артады.
Сені қапқан қанденнің күшіктері
Бүгін бізге көздерін қызартады…
Күндей көркің көңілге медеу бекем,
Сырсандығын сезімнің бебеулетем.
Сұңқар дейді Сәкенді самғай-тұғын,
Сұңқар деген Сәкенге теңеу ме екен?!.
Ақбоз атты құлатқан жала-керме,
Магаданға мола іздеп бара берме!
Сәкен деген – халқымның рухы ғой,
Рухтарды көмбейді қара жерге.
Аққулардың арман бар ұясында,
Ор, Абаның зарлы ән бар қиясында.
Маңдайына сыймап ең Алты Алаштың –
Алты шумақ өлеңге сыясың ба?!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Жұлдыз» журналының бас редакторы