«Open Shahtinsk» – оңтайлы қызмет

Шахтинск қаласының орталығында «Open Shahtinsk» ашық әкімдігі жұмыс істей бастады. Халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Adaldyq alańy» жобасын іске асыру аясында қолға алынған жоба – бұл. Ашық әкімдік азаматтарға бір жерде сапалы, жедел және ыңғайлы жағдайда көп уақыт жұмсамай кеңестер мен мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

Бірнеше қабатты нысанның бірінші қабатында орналасқан кеңсе кіреберіс және негізгі қызмет аймағынан тұрады. Қажетті құралжабдық һәм техникамен толық қамтылған. Тұтынушы келген мәселесі бойынша кезекші маманға жүгінеді. Егер, оған анықтама, электронды цифрлық қолтаңба алу сынды аса күрделі емес операциялар қажет болса, онда ол кіреберіс бөлмедегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышынан-ақ жұмысын бітіре алады. Сонымен қатар, мұндай оңай шаруаларды Egov арқылы үйде отырып жүзеге асыруға да болатынын білген жөн. Бұл бұрышта, құжаттың көшірмесін жасау, сақтау құрылғысына құжаттың электронды нұсқасын көшіру сынды жұмыстарды да жылдам реттеуге бар мүмкіндік қарастырылған. Ақпараттық буклеттер мен парақшалар да ойластырылып, жасалған.

Ал, егер білім беру, жер қатынастары, кәсіпкерлік сынды күрделі мәселемен келген тұрғындар кіреберіске қойылған аппарат арқылы өзіне қажетті қызмет түрін таңдап, электрондық кезекке тұрып, талон алады. Кейін негізгі қызмет көрсету залына өтіп, арақашықтықты сақтап, күту орнына жайғасады. Экраннан өз нөмірі шыққанда, тиісті маманға барып, сұрақтарын қойып, қызметті немесе кеңесті алады. Осылайша, әр келген тұрғынға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетіледі және гигиеналық талаптар толық сақталады.

Бір айта кетерлігі, мұнда «басшы» деген түсінік жоқ, бәрінің құқығы тең қызметкерлер. Бір үйдің баласындай. Тек, Айнұр Жамбылова әкімші ретінде жұмыстың жүру тәртібін қадағалап отырады. Сондай-ақ, Айнұр Аманжолқызы тұтынушыларға өзіне-өзі қызмет көрсету және кіреберістегі басқа да техниканы қалай пайдалану керектігін көрсетіп, бағытбағдар беріп жүреді.

Мұнда 11 қызметкер жұмыс істейді. Олар негізгі залдағы 5 орында кезекпен, ауысып қызмет атқарады. Белгілі себеппен маман жұмысқа шықпай қалса, екіншісі жұмысты жалғастырады. Әр маман жұмыс компьютеріне өз құпия сөзін жазу арқылы кіріп, жұмысын атқарады. Ал, қала тұрғыны Тимур Шәкенов бұл орталыққа жер учаскесін заңдастыруға келіпті. «Өзім заңгер болғандықтан, мұнда барлық қызметтің сапалы болатынын білемін. Сондықтан, осында арнайы келдім. Қазір уақыт тапшы. Жұмысты барынша жылдам бітіруге тырысамыз.

Ал, қаладағы ең жылдам әрі сапалы қызмет ұсынатын мемлекеттік мекеме – осы» дейді ол. Сонымен қатар, негізгі зал аса үлкен болмаса да, орынды үнемді пайдаланып, қажетті жиһаздар өте тиімді әрі ыңғайлы орналастырылған. Бір бұрышта әр мемлекеттік қызмет туралы қажетті ресми құжаттар ұқыпты дайындалып, үстелге қойылған. Жанында қолды заландандырғыш сұйықтық та бар. Таза ауыз су да қойылған.

Сондай-ақ, бір рет қолданылатын су ішетін ыдыстың өзі жабық орында сақталады. Өйткені, ашық тұрса, гигиеналық талап бұзылары анық.

Құжат қойылған бұрыштың жанында арнайы баннер қойылған. Ондағы QR кодты телефоныңыздың камерасы арқылы енгізіп, әрі қарай нұсқаулық бойынша әрекет етіп, мамандар көрсеткен қызметтің сапасын бағалауға болады.

Мұнда бәрі қолжетімді әрі ашық.

– Мұнда әр тұтынушы мәселесінің оң әрі жылдам шешілуі біз үшін өте маңызды. Өздеріңіз көргендей қала әкімі Сержан Аймақов мырза келіп, жұмыс барысымен танысты, қажет болса, кез келген көмекті беретінін айтты. Оның тұрғындарға тиімді боларына сенім білдірді. Сондықтан, барлығы жіті назарда. Әзірге есеп жүргізген жоқпыз. Шамамен күніне 30-40 адам түрлі сауалмен жүгінеді. Аптасына 5 күн жұмыс істейміз. Жұмыс телефондарына хабарласып, кеңес алуға да болады. «Open Shahtinsk» ашық әкімдігі Қазақстан көшесі, 101 үй, мекенжайы бойынша орналасқан. Телефон нөмірі 8(72156)22005, – дейді әкімші Айнұр Жамбылова.

Тұрғындар білім беру, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандарынан жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін кеңес және мемлекеттік қызметтерді ала алады.

Сөз арасында орталықтағы мамандардың да пікірін білуге тырыстық.

– Техниканы иесінің атына рәсімдеу, техосмотр және трактор, жүк көтергіш сынды арнайы техникалардың жүргізуші куәлігін тіркеу сынды мемлекеттік қызметтерді ұсынамын. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық және кәсіпкерлікке байланысты сауалдарымен де келіп жатады. Бар білім-білігімді жұмсап, соларға көмектесуге тырысамын, – дейді орталықтың ауыл шаруашылык бөлімінің бас маманы Ислам Елеукен.

Біз сонда болған 1 сағатта 4-5 адам келіп, өз мәселесі бойынша қызмет алды. Осындай елдің сұранысын заман талабына сай сапалы қанағаттандыру жұмысын қолға алған «Open Shahtinsk» ашық әкімдігі кеңсесінің жұмысы жанданып, болашақта бұдан да үлкен ғимаратқа көшіп, елге сапалы қызмет ұсынарына сенім кәміл. 

Жәлел ШАЛҚАР.

ШАХТИНСК қаласы.