Біздің сұхбатСұхбат

Кәкімжан САРХАНОВ: «Шаруа шырайын ғылым кіргізеді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп кесіп айтты. Халық шаруашылығының кейінгі кезде сан-сапалақ реформадан көз ашпаған «күрмеуі көп» осы бір буынын дамыту бағытында кешенді іс-шараны қолға алу — күн тәртібінде өткір тұрған өзекті мәселе. Соның бірі — агроөнеркәсіптік секторды ғылыми негізде өркендету. Осы тақырып төңірегінде ой-пікір өрбіту мақсатында саналы ғұмырын ғылым мен ауыл шаруашылығы үдерісін ұштастыруға арнаған, саланың сан түрлі басқару сатысынан өткен ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Кәкімжан САРХАНОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Кәкімжан Ахмеджанұлы, менің ойыма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауындағы: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» деген сөзі оралып отыр…

– Ол рас! Қазақстан кезінде КСРО ғана емес, әлемдегі санаулы аграрлық мемлекет қатарында бұл мүмкіндікті дәлелдеген. Әңгіме өзегі ғылымның экономикаға ықпалы болғандықтан, сөзімді соған сәйкес сабақтайын. Қазір елдің аграрлық ғылымы кенжелеп тұрғанын мойындау керек. Оның себебі сан сапалақ. Басы ашық нәрсе – ғылым саласын ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол танымал тұлға басқаруға тиіс. Лениндік сыйлықтың иегері К.Айтхожин Қазақ КСР Ғылым академиясын, белгілі ғалымдар Ф.Мұхамбетқалиев, Қ.Медеубеков, М.Галиакпаров, Ғ.Қалиев ауыл шаруашылығы ғылымдары саласын басқарған уақыт ғылымның шарықтау кезеңі болды десек, ешкім жоққа шығармайды.

Жалпы экономиканың кез келген саласының тиімділігі, бірінші кезекте, ұйымдастырубасқару жүйесінің оңтайлылығына байланысты екені белгілі. Осы тұста сәл шегініс жасап, ыдыраған Одақтың өткеніне үңілмей-ақ, ауыл шаруашылығы ғылымының Қазақстанға қатысты тарихына қысқаша тоқталсам. 1941 жылы Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының Қазақ филиалы құрылып, бірнеше мәрте дербес, одақтық ауыл шаруашылығы академиясы, ауыл шаруашылығы, ғылым-білім министрліктері құрамында болды. Бүгінде бірнеше ғылыми-зерттеу институтын, үш аграрлық университетті біріктірген «Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы» АҚ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды.

– Жоғарыда аталған ғылыми-басқару құрылымының бірқатар өңірлік бөлімшесіне басшылық жасағаныңызды білемін және соңғысының құжаттарын дайындауға қатыстыңыз…

– Қайта құрылған Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығының міндеті ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісінің үйлесімді дамуын қалыптастыру болды. Өкінішке орай, қазіргі қалыптасқан жағдай оның оң нәтиже бермегенін көрсетеді. Менің ойымша, бұған басты себеп, аталған ғылыми құрылымның инновациялық өнім өндіруші ретінде тапсырыс беруші әрі қаржыландырушы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағыныштылығы. Бұл нарықтық қатынаста дербестікті шектеп, ғылыми-зерттеу жұмысының сапасына, екі жақты жауапкершілікке кері әсер етеді деп есептеймін. Мұны әлемдік тәжірибе де жоққа шығармайды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы ғылымының басқару жүйесі Ұлттық ғылым академиясының құрамында немесе дербес құрылым болуы қажет. Бұл орайда, ҚР «Ғылым туралы» Заңында елдегі ғылым саласының жоғарғы басқару органын және салалық түрі бойынша да жеке дара өкілетті субъектісін құруға шектеу қойылмаған. Ол үшін, ғылыми-зерттеу институтына қатысты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер туралы қаулыға ішінара өзгеріс енгізсе жеткілікті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновты қабылдағанда Қазақстан ғылымының дамуы, отандық ғылыми өнімдердің өндірісте пайдаланылуы, ғылыми зерттеулердің экономикалық мақсаттылығы туралы айта келе, «жалпы ғылым саласы елдің экономикасына жұмыс істеу керек» деп тұжырымдады. Амал не, бүгінде бұл бағытта, әсіресе ауыл шаруашылығы ғылымдары идеяларына, өнімдеріне агроөнеркәсіптік кешен өндірісінің сұранысы өте төмен. Сала құрлымдары ғылыми жетістікті пайдаланғаннан гөрі, өндіріс тиімділігін келешегі дүдамал басқадай мүмкіндікпен арттыруға ынталы. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өндірісінде әділ бәсекелестікке ынталандыратын салықтық, басқадай экономикалық тетікті қарастыру керек.

– Бұл жағдайды реттеу жиі айтылатын ғылымды қаржыландыру мәселесінен де маңызды көрінеді екен. Айтпақшы қаражат жағы қалай шешілген?

– Иә, ғылым саласын қаржыландырудың тиімді жүйесін қалыптастыру – маңызды. Біреумен салыстырмасақ, сөздің «дәмі» кірмейтін болды ғой: жалпы ішкі өнімнің осы мақсатқа жұмсалатын үлесі АҚШ-та – 4,0%, бізде 0,3% деңгейінде. Нарықтық экономикада ғылымды қаржыландыру деңгейін «ғылым құны» деген ұғым негізінде анықтау кеңінен қолданылады: ол – ғылыми құрылым бюджетінің бір қызметкеріне тиесілі қаражат көлемі. Айталық, Германияның орташа ғылыми-зерттеу институтында бұл көрсеткіш, теңгеге шаққанда, жылына орта есеппен – 35,4 млн. бізде 3,0-4,0 млн. теңгеден аспайды. Бұған жалақы ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмысына жұмсалатын шығын да кіреді.

Дегенмен, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы өндірісі, еңбек өнімділігі бізге қарағанда едәуір артық екенін ескеру керек. Сондықтан, біздің бүгінгі ғылым саласындағы басты проблема – бөлінген қаржыны тиімді пайдалану. Қазақстанда ғылым саласы негізінен гранттық байқау жүйесі арқылы қаржыландырылады және жеңімпаз екі сатыда анықталады: біріншісінде отандық, шетелдік (70 елден) ғалымдар бағалайды, екіншісінде Ұлттық ғылыми кеңес, Жоғарғы ғылыми-техникалық кеңес қортындылайды. Тәжірибе көрсеткендей, байқау жосығы өте күрделі: ғылыми жобаның сапасы мен құндылығына тікелей қатысы жоқ талаптар қойылады, жеңімпазды анықтау тетігінде де күмәнді тұс жетерлік.

Негізі, экономикадағы ұстаным шағын және орта кәсіпкерлікті жеңілдікпен қолдау арқылы дамыту болып отырғанда, ғылыми жобаны игеруде де ғалымның ізденісіне кәсіпкерлік қызмет ретінде қарап, кедергіден қорғайтын көмек, қолдау жасау керек. Сондайақ, әр аймақта ауыл шаруашылығы өндірісі проблемасы да әртүрлі болады: мал тұқымын асылдандыру, мал азығы қорын жақсарту, жерді суландыру, мал өнімін өткізу мәселесі, т.б. Сондықтан, ғылыми өнімге сұранысты арттыру үшін ғылыми жобаларды елдің ауылдық өңіріндегі көкейкесті мәселелер аясында нақты тақырып төңірегінде жасақтау маңызды. Бұл жүйеде ғылыми-зерттеудің тиімділігін айтпағанда, байқау қорытындысы ашық, жариялы болар еді. Сосын ғылымға бөлінген қаржының ауқымды бөлігі (80%) тікелей ғылыми-зерттеу іс-шарасына жұмсалуын қамтамасыз ететін шектеу тетігін қарастыру қажет.

Ауыл шаруашылығы ғылымын өз деңгейінде дамытамыз десек, аграрлық ғылымизерттеу құрылымдары қатарын ықшамдаған жөн. Менің ойымша, күрделі ғылыми-зерттеумен республикалық деңгейде институттар айналысып, өңірде олардың ғылыми өнімін, озық технологиясын жергілікті жер жағдайында сынақтан өткізіп, тиімдісін шаруашылыққа ұсынатын аймақтық ғылымиөндірістік бірлестіктің орналасуы маңызды. Қалай болғанда да, ғылым саласын жетілдіру іс-шарасы оның нарықтық құндылығына сай келетін тетікті жасаумен ерекшеленуі керек.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер» деді. Ғылымға қатысты аздыкөпті айттық, маман мәселесі туралы пікіріңіз?

– Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында ауыл шаруашылығы маманын даярлау уақыт талабына сай деп айту қиын. Мен үш жылдай С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде дәріс оқыдым. Айтайын дегенім, білгенімді студенттерге жеткізумен қатар, өзім де біраз жайтты ұғындым. Емтихан қабылдағанда компьютерлік бағдарламамен қоса, студенттің сауатын, ынтасын, орындау мен сөз сөйлеу деңгейін арттыру мақсатында билет сұрағын пайдаланудың маңыздылығын да байқадым.

Сонымен қатар, шетелдік екі деңгейлі білім беру жүйесінің артықшылығы мен кемшілігіне көзім жеткендей болды. Бакалавр дәрежесін иеленген жас маман өзінің білім бағытын біршама айқындап, магистратура бітіргенде ғана жоғарғы білімге қол жеткізеді. Менің түсінігімде, бакалавр өздігінен толыққанды мамандық болып есептелмейді. Екі деңгейлі білім беру жүйесі Батыс елдерінде нақты мақсатпен енгізілген, өйткені оларда орта кәсіби білімді маман даярлайтын арнайы жүйе жоқ. Ал, бізде ұмыт бола бастаған (орта мектептің 9 сыныбынан техникумға, училищеге түсу) әрі орта мектеп, әрі орта кәсіби мамандық иелену жүйесі қазір қайта жандана бастағандай. Бұл жерде қай білім беру жүйесі тиімді екенін кесіп айта алмаймын, бірақ бүгінгі жағдайға сай келетін маман даярлайтын бағдарлама қалыптастыру қажет.

Сосын, жоғарғы оқу орындарында тәжірибелік-оқу базасын тиісті деңгейде жасақтау – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, жасыратыны жоқ, бүгінде студенттерді оқыту барысында тәжірибе жинақтауға сай келетін ауыл шаруашылық құрылымдары жоқтың қасы. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарында, шетелдерде жиі қолданылатын, маңызды тақырып бойынша сырттан тәжірибелі ғалым-мамандар шақырып, дәріс оқыту жүйесін пайдаланудың да берері аз болмас еді.

– Жоғарыда сала құрылымдары ауыл шаруашылығы ғылымындағы жетістікті қолданғаннан гөрі, өндіріс тиімділігін келешегі дүдәмал басқадай мүмкіндікпен арттыруға бейім екенін айтып қалдыңыз, себебі неде деп ойлайсыз?

– Оған себеп көп. Сондықтан, негізгілеріне тоқталайын. Біздегі аграрлық құрылымның басым бөлігінде шаруашылық жүргізу жүйесі уақыт талабына сай жетілмеген, соншалықты қарабайыр. Кең көлемді ізденістің жетіспеуінен ғылыми зерттеу өндірістің сұранысынан айтарлықтай алшақ жатыр, яғни. Сосын қандай да болмасын жаңалықты өндірісте енгізу қосымша қаражатты қажет етеді, ал үлесі басым бүгінгі шағын құрлымдардың материалдық-техникалық жағдайы бұған қауқарсыз.

Осы орайда, кішігірім болса да, Сингапур елінің тәжірибесін айтқым келеді. Олар келешекке қажетті қолданбалы ғылыммен айналысатын құрылымдардың ғылыми-зерттеу жұмысымен қоса, өндірісте игеру шығынын да мемлекет тарапынан, ал шаруашылыққа нақты кезеңде қажетті инновациялық өнімді (технология) ғылыми құрылыммен келісімшарт негізінде өнім өндіруші есебінен қаржыландырады екен. Егер, біз де бірінші кезекте тәжірибеде сұранысы жоғары ғылыми өнім өндіретін ортаны қалыптастырсақ, ғылымды тиімді әрі жетімді дамыту жүйесі пайда болар еді. Түбінде шаруашылықтың шырайын шығаратын ғылым болатынына күмән жоқ.

– Ой-пікіріңізді бүкпесіз ортаға салғаныңызға рахмет!

Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button