Жаңалықтар

Скрининг – емге сеп

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, сүт бездерінің қатерлі ісігі аты жаман ауру арасында алдыңғы қатарда. Ұлттық ғылыми онкология орталығы ресми деректерінде елде жылына 5 мың әйелден ісіктің осы бір түрі анықталып, 1200 адамның өліміне алып келетінін келтіреді. Десек те, қатерлі ісіктің бастапқы сатыларында жазылып кететіні бәрімізге аян. Оны дәрігерлер де бірауыздан айтады. Тек сол үшін скринингтен өтіп тұру қажет.

Облыстағы маммологиялық орталықта тереңдетілген скринингтер жүргізіледі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған заманауи маммологиялық орталық үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда облыстағы жалғыз томосинтез аппараты орнатылған. «Ол көлемі бірнеше миллиметр ғана болатын ісікті анықтауға қабілетті», дейді орталық мамандары.
Бізге сүт бездерінің қатерлі ісігі болуы ықтимал деген науқастар келеді, – дейді орталықтың бас дәрігері Бекболат Тоқжұманов.

Біз егжей-тегжейлі тексереміз. Рентгенолог, хирург, УДЗ мамандары, онколог-маммолог, энокринолог пен гинеколог сияқты мамандар бар. Мұндағы медициналық құрал-жабдықтар ашылған кезде «Olymp Medical Group» ЖШС қаражатына алынған. Маммография, сүт бездерінің УДЗ-і, биопсия, пункция жасалады. Екі маммограф аппаратының бірі сарапшы санатқа жатады.
Бас дәрігердің айтуы бойынша, сүт бездерінің қатерлі ісігі әдетте 40-70 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі екен.

– Биылғы жылдың жарты жылында 317 әйелде сүт бездерінің қатерлі ісігі анықталды. Былтыр мұндай уақытта 215 жағдай тіркелген болатын. Жыл сайын статистиканың өсіп жатқанын көреміз. Биыл анықталған жағдайлардың 155-і скрининг арқылы белгілі болды. Скринингтен уақытылы өту – обырды алғашқы сатыларында анықтауға үлкен сеп. Аурудың бірінші, екінші кезеңінде емдеу шаралары 90-95%-ға тиімді, – дейді Бекболат Арыстанбайұлы.

Маман маммографиядан екі жылда бір рет, ал сүт бездерінің УДЗ жыл сайын жасатып отыруға кеңес береді. Орталық көрсететін қызметтің барлығы медициналық сақтандыру аясында тегін. Емханадан талон берілсе болғаны. Ақылы да қаралуға мүмкіндік бар.
Бас дәрігер орталықтың екінші қабатында орналасқан операциялық блокты көрсетті. Қатерлі емес ісік түрлеріне ота былтырдан бастап қолға алынған. Стационары да бар. Биыл мұндай ота санын 200-ге жеткізу жоспарда.

Онколог-маммолог ең әуелі дәрігер емес, адамның өзі өз денсаулығына қарауы керектігін айтады.

Медициналық манипуляциялар, әдетте, мәселенің салдары. Басқа амал болмағандағы шара. Ал, адам өз денсаулығына қарап, күтініп, уақытылы тексеріліп жүрсе, көптеген ауру түрлерінен алыс болады. Жауапкершілік жүгі өзгеде емес, өзінде, – дейді ол. Біздің алып-қосарымыз жоқ.

Жансая ОМАРБЕК. 

Басқа материалдар

Back to top button