Ресми

ОБЛЫС ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ: коронавируспен күрес және дағдарысқа қарсы шаралар

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бейсенбіде кешкілік «Saryarqa» телеарнасы мен Saryarqa ТВ YouTube-арнасының тікелей эфирінде облыс жұртшылығымен жүздесіп, жыл қорытындысы туралы баяндады, алда тұрған міндеттерге тоқталды. «Бүгінде Қарағанды облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өңір коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «жасыл» аймақта. Аурудың ықтимал екінші толқынына дайындық үшін қажет нәрсенің барлығы жасалды. Барлық қиындықтарға қарамастан, облыс экономиканың тұрақты өсімін сақтап қалды. Әлеуметтікэкономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілді» деді ол. Көрермендер сауалына жан-жақты жауап берді. Автобус паркін жаңарту, қоршаған ортаға қамқорлық, вакцинациялау, газбен жабдықтау, Жезқазғандағы ескі үйлер, азық-түлік бағасы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жергілікті өнімнің үлесі, жерді дұрыс пайдалану, көшені жарықтандыру, тағы басқа маңызды мәселені тілге тиек еткен жиырма шақты сауал иесі тікелей эфир кезінде тиісті жауап алды. Ұзын-ырғасы жүзге жуық сауал түскені белгілі болды. Облыс басшысы оның ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын, екі-үш күн көлемінде бәріне жауап берілетінін айтты.

Экономикада ілгерілеу бар

11 айдың қорытындысында өнеркәсіптің нақты көлем индексі 101,4% болды. Өңдеу өнеркәсібінде өнім шығару 3,4% ұлғайды. Биыл облыста 2,7 трлн. теңге көлемінде өнеркәсіптің 3,3% өсімі жоспарланған. Негізгі капиталға 640 млрд. теңге инвестиция салынды. Осының 83%-ы жеке инвестиция үлесіне тиеді. Жалпы сомасы 2 трлн. теңгеге жуық, 12,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген 50 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде 203,6 млрд. теңгеге 11 жаңа өндіріс іске қосылды, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Өңірде 88 684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың қатарының кемуіне жол берілмеді.

Облыста биыл тұрғын үй салуда оң өзгеріс бар. Жыл қорытындысында 525 мың шаршы метр баспана беру жоспарланған, бұл – 2019 жылғы көрсеткіштен 1/4 есе артық. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 108 ісшарадан тұратын дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінді. “Қарапайым бұйымдар экономикасы” бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9,5 млрд. теңге болатын 114 жобаны іске асыруға жеңілдетілген несие мақұлданды. “Бизнес Бастау” жобасымен кәсіпкерлік негізін меңгеруге 1 800 адам оқытылды, тағы 602 адам “Бизнес кеңесші” және “Бизнес мектеп” жобасымен қамтылды.

Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасына» жалпы сомасы 64 млрд. теңгелік 624 жоба енгізілді. Соның арқасында 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның жартысы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылды. “Еңбек” бағдарламасы бойынша 44 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Агроөнеркәсіптік кешен қуатты

Ауыл шаруашылығында оң динамика байқалады. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы саласында өнім өндірісі өсті. Орташа өнімділік гектарына 11 центнерден болып, миллион тоннадан астам астық бастырылды. 270 мың тонна картоп және 53 мың тонна көкөніс жиналды. “Әлеуметтік” ұн мен нан бағасының өсуіне жол бермеу үшін бидайдың резервтік қоры құрылды. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорына бес мың тоннадан астам картоп пен көкөніс жіберілді, жергілікті ауыл шаруашылық тауар өндірушілері егіннің бір бөлігін бөлді.

Облыста ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі өсті. Агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы сомасы 41 млрд. теңгелік 31 жоба іске асырылуда, бұл жаңадан 1 786 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты. Биыл 1,4 млрд. теңгенің 12 жобасы қатарға қосылды. Жергілікті фермерлер қарағандылықтарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өз өнімдерін Елордаға жеткізуді дәстүрге айналдырған. Ет, картоп және сәбіз, жұмыртқа, шұжық өнімдері аймақта молынан өндіріледі. Көкөніс өндірісі артып келеді.

Денсаулық саласы – алғы шеп

Елді дүрліктірген індеттің алғашқы толқыны кезеңінде облыста провизорлық госпитальдар ашылып, дерт жұқтырған сырқатты емдеу үшін қосымша төсек-орындар ұйымдастырылды. Ықтимал екінші толқынға дайындық кезінде өткендегі тәжірибені ескере отырып, алғашқы медициналық көмекті күшейтуге баса назар аударылды. Бұл науқасты ерте кезеңде анықтауға және емдеуді уақытылы бастауға оң ықпал етеді.

288 мобильді емханалық бригада ұйымдастырылды. Жедел жәрдемнің санитарлық автокөлік паркі толығымен жаңартылды. Шалғай ауылдарда жұмыс істеу үшін тоғыз жылжымалы медициналық кешен дайындалды. Облыста тәулігіне жалпы қуаты 10,5 мың тесттен асатын 9 ПТР-зертхана жұмыс істейді. Аурухана, емхана мен дәріхананың дәрі-дәрмек қоры толықтырылды. Облыста 1 млрд. теңгеге көп қолданылатын дәрілік препараттардың тұрақтандыру қоры жасалды. Созылмалы ауруы бар диспансерлік есепте тұрған пациенттер үш ай бұрын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Төсек қоры үш есе өсті. 45 госпиталь құрылды, оның 17-сі қазір жұмыс істеп тұр, қалғаны консервацияланған. Жезқазғанда 200 төсектік жаңа модульді госпиталь салынды. Теміртауда 250 орындық инфекциялық стационар ашылды. Шахтинск және Абай қаласында жұқпалы ауру корпусы жөнделді. Қарағанды медицина университетінің кәсіптік аурулар институтының ғимаратында инфекциялық-провизорлық госпиталь дайындалды.

Медициналық жабдықтармен жарақтандыру ұлғайтылды. BizBirgemiz қағидаты бойынша кәсіпкерлер көмек көрсетті. 226 ӨЖЖ-аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген аппараты сатып алынды. 25 госпитальде орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі орнатылған. 22 компьютерлік томограф жұмыс істейді.

Цифрландыру – уақыт талабы

Төтенше жағдай режимі кезінде азаматтар ағынын кідіртпей реттеу қажеттілігі туындады. Бұл ретте сандық технология көмекке келді. Қысқа мерзімде облыста азық-түлік пен медициналық препарат жеткізудің BA09.KZ бірыңғай ақпараттық сервисін және Propusk.kz электрондық рұқсаттама алу қызметін әзірлеу және іске қосылды. Мұны жергілікті IT-мамандар тобы жасады. Бұған бюджеттен бір теңге де жұмсалған жоқ.

BA09.KZ қызметі қала тұрғындарына супермаркеттен, дәріханадан, мейрамхана мен пиццериядан көптеген тауар ұсынды. Қажетті тағам мен дәрідәрмек жеткізуге тапсырыс беруге болады. Сайтта, сондай-ақ, волонтер болғысы келетінден өтініш қабылданды. Карантин жағдайында адамдарда көптеген мәселе туындады, сондықтан тұрақты ақпарат арнасын құру маңызды болды. Senim109 қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді және 109 бірыңғай нөмірі жедел желілер тізіміне енгізілді. Байланыс орталығына облыстың 150 мыңнан астам тұрғыны жүгінді, олардың барлығы өзін толғандырған сұрағына жауап алды және мәселесін шешуге мүмкіндік алды.

Білім саласындағы бағыт

Коронавирустың таралуын тежеу мақсатында облыстың барлық мектебі өткен оқу жылын онлайн форматта аяқтауға мәжбүр болды. Төртінші тоқсаннан бастап 180 мыңнан астам оқушы қашықтан оқу түріне көшті. Балабақша жабылды. Тамыздың ортасында эпиджағдайды ескере отырып, әрбір топта 15 бөбектен аспайтын кезекші топ қызметін енгізу мүмкін болды. Сонымен қатар, бас санитарлық-дәрігер санитарлықэпидемиологиялық талаптың тізімін бекітті: күніне кемінде екі рет күрделі тазалау, әр екі сағат сайын желдету, кварцтау және тағы басқа. Ата-аналарға ғимаратқа кіруге тыйым салынды.

Жаңа оқу жылында 204 658 бала мектеп табалдырығын аттады, оның ішінде бірінші сыныпқа барғаны – 22 050. 234 мектепте 99 139 оқушы (48,4%) қашықтан білім алды. 6 096 кезекші топта 1-5 сыныптың 78 933 баласы (38,6%) оқыды. Штаттық режимде 300 балаға дейін білім алатын 270 мектеп жұмыс істеді – барлығы 26 587 оқушы (13%). ВАК шешіміне сәйкес 9- (15 177 адам) және 11-сынып (7 059 адам) оқушылары үшінші тоқсаннан бастап аралас режимге көшті: пәннің 70%-ы – штаттық форматта, 30%-ы – қашықтан.

Барлық мектепте санитарлықкарантиндік талап сақталды. Қашықтан білім беру үшін оқушылар қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 2 920 компьютер, 21 355 ноутбук және 3 783 планшет сатып алынды. Мұқтаждарға аталмыш техника уақытша пайдалануға тегін берілді. Аз қамтылған отбасы балаларын интернетпен қамтамасыз ету үшін 6 мыңға жуық роутер алынды.

Облыста 69 колледж бар, онда 26 765 студент оқиды. Оқу үдерісі аралас режимде жүріп жатыр. 200 адамға дейінгі ауылдық колледж студенттері штатты режимде оқиды. Қалғандары қашықтан білім алуда. Қосымша білім беру мекемелері штаттық және қашықтан жұмыс істейді. Балалар үйірмелерге санитарлықэпидемиологиялық талапты сақтай отырып, жеке немесе 15 адамға дейінгі топпен бара алады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button