Бас тақырыпБасты тақырып

Өзгеріс ескіні жоққа шығару емес

Қадірлі оқырман!

Арқа баспасөзінің қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газеті өздеріңізбен торқалы 90 жылдық мерейтойының табалдырығында 22 886-шы рет жүздесіп отыр. Жалпы, 2021 жыл – мерекелі жыл. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, «Ortalyq Qazaqstan»- ның 90 жылдығы… Шүкір, 30 жылдықтың ордалы ойын, 90 жылдықтың толғауын жазу маған бұйырған екен. Жазу! Ол – тағдыр. Жазу! Ол – еңбек. «Жазған құлда шаршау жоқ». Қаламға сүйеніп, ғаламға ой айтуға білек сыбана кірістік.

Аға дәстүрден айнымай, жаңа дәстүрді жатырқамай қабылдау да – жауапкершілік. Бұрнағы жылы уақыт талабына орай 90 жылдық тарихы бар екі облыстық басылымды «Saryarqa Aqparat» холдингінің құрамына енгізіп, бір шаңыраққа біріктірген тұста қобалжығанымыз жасырын емес. Десек те, ұтымды ұйымдастыру, ұтқыр қадам өз жемісін бере бастады. Холдинг басшылығының терең түсіністік, ерен біліктілік танытуының арқасында бай дәстүр, терең тарихымызға қылаудай қиянат жасалмай, байырғы басылымдар бағытынан жаңылмай, көшін жалғастырды. Дегенмен, заман талабына бейімделу, ормандай оқырманның талғамын таразылау секілді талаптарды айналып өту мүмкін еместігін жақсы білгенбіз. Газет тұрмақ, тұтас адамзат дәуірі жаһандану үрдісімен жағаласып, ұлы өзгерістермен бетпе-бет келген шақта ескі сүрлеудің табанымызға тиянақ таптырмайтынын да түйсіндік. Сонымен…

Иә, біз өзгердік. Талап өзгерген, талғам өзгерген шақта ескі қоламтаны үрлеп отыру мүмкін емес. Дәл қазіргі таңдағы ақпарат ағыны – алапат. Газеттің алдын гаджет орап, телеарналарға сайттар сан соқтырып кетіп жатыр. Өзгермеске болмады.

Ең әуелі форматымыз баспахана тіліндегі «Д-2» үлгісіне көшті. Еуропаға еліктеп кетті демеңіздер, бұл – барынша қолайлы формат. Көліктің кез келгенінде келе жатып газетті айқара ашсаңыз да, көршіңіздің жүзіне көлеңке түсірмейсіз. Отырып оқыңыз, жатып оқыңыз… «Ыңғайлы екен» дегеннен басқа айтарыңыз болмайды.

Тәуелсіздік тойының түндігі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласымен түріліп жатыр. Мұны да жақсы ырымға балап, Мемлекет басшысының толғауға бергісіз толайым ойларымен біз де бөлістік.

Келбеті келіскен, ажары арайланған газеттің ішкі мазмұнында не бар дерсіз, бәлкім. Шынымен-ақ, дизайндық безендірілуі ғана келіскен болса, ол газет бет-аузы бояумен баттасқан қуыршақ-арудай болуы кәдік. Сондықтан, біз ішкі мазмұн, тақырып аясы деген талаптарды да естен шығармадық. Ақпарат кеңістігінің күрделі кезеңде тұрғанын жоғарыда айтып өттік қой. «Қандай да бір ақпаратқа қол жеткізген газетші алаңсыз ұйықтауға жатады; түнде ол ақпарат борсып кетеді, сондықтан таңертең тұрғасын оны лақтыруға тура келеді», – депті ХVIІ ғасырда өмір сүрген француз ойшылы Ж.Лабрюйер. Бүгінгі таңдағы газеттер тура осы проблемамен бетпе-бет келіп тұр. Сол үшін де біз газет мазмұнын тарихи-танымдық тақырыптарға, салмақты сараптама, орнықты көзқарастарға ойыстыруды жоспарлап отырмыз. «Газет оқылмайды» деген пікір – жаңсақ. Әр газеттің, тіпті, газеттегі әр беттің оқырманы бар. Бір ғана білім саласына арналған «Шамшырақ» атты арнайы қосымшамыздың арқасында газеттен жерінген мұғалімдердің бетін бері бұрып алғанымыз – бір ғана мысал. Спорт тақырыбын таңдап оқитын оқырмандарымыз үшін арнайы «Стадион» бетін ашып отырмыз. «30 жылдыққа – 30 репортаж», «Көзқарас», «Сарапшы», «Ел мен Жер», «Орталықтың» ой-көкпары», «Менің «Орталығым», «Журналист мамандығын ауыстырады», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Дедім-ай-ау» атты жаңа айдарларымыз оқырман олжасына айналары даусыз. Әр жаңа айдарға анықтама берер болсақ, дәмін кетіріп алармыз. Оқып, бағасын берерсіздер…

Ал, өткір сын – қашанда бізбен бірге. Өйткені, «Орталықтың» «мінезді газет» деген аты бар. Тек қана «Орталықта» жарияланған сын ресми биліктің назарына алынып, жаңғырық жетіп жатса, қане? Бізде назар аударудан гөрі, наразылық танытып, қырын қабақ көрсету үрдісі белең алып барады. Бүгінгі әріптестеріміз жиі қолданып жүрген «Мемлекеттік БАҚ-тағы сын – шын, тәуелсіз БАҚ-тағы сын – мін» деген тәмсілдің тамырына үңіліп көріңіз немесе.

Сондай-ақ, «Орталықтың» жарық көргелі жанына жолап көрмеген асығыс пікір, жалаң ой, жаңсақ ақпараттан бойымызды аулақ сала береміз. Әйгілі баспагер Чарльз Дейна «Адамды ит қауып алыпты» деген жаңалық емес, «Адам итті қауып алыпты» десең, жаңалық» деген екен. Біз әзірге дәл ондай адам сенгісіз арзан сенсация қуалауға асықпаймыз.

Уақыттың шығыршығында шыр айналған замана тынысы «Орталықтың» ордасынан оқшау, назарынан тыс қалмайды. Міне, жаңа жыл табалдырығын 10 мыңнан астам оқырманмен бірге аттадық. 10 мыңды олқылыққа балайтын жайымыз жоқ. Алты құрлықты «бір тарының қауызына сыйғызған» аты жаман індеттің құрсауында тұрып, саналы түрде «Орталықты» таңдаған Жаңаарқа, Осакаров, Шет, Қарқаралы, Абай аудандарындағы тұрақты оқырмандарымызға шексіз ризамыз!

Өзгердік. Өзгеріс өзі келді десе де болады. Бірақ, өзгеріс ескіні жоққа шығару емес.

Марқұм Мағаш ағам (Мағауия Сембай) қолынан қаламы сусып кеткенше ескі машинкаға арналған сары қағазға жазып кетті. Компьютерге жолаған жоқ. Ескі қағазға тың ойларын жазды. Қазіргі принтерге арналған ақ қағазды «Қалам тайғанайды» деп, пайдаланбай кетті. «Қалам тайғанайды» дегенінің астарында ащы ақиқат жатыр ма деп те қаласың. Біз де ескіні елеп, жаңаны жатырқамай қабылдап жатырмыз. Қысқасы, күресіннен қағаз бен қалам іздеп жүрміз-ау… Сол күнге қайта ораламыз түбі. Газеттен алыстамаңыздар!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button