Жаңалықтар

Медиация мақсаты – бітімгершілік

«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.

Елімізде «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.

Егер тарихқа үңілетін болсақ, сол кездегі жер дауы, жесір дауы дегендерді халыққа сөзі өтімді, аузы дуалы билер жүргізген.

Дәл қазір де қазіргі Қазақстанның сот жүйесінде медиация институтын енгізу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізіліп отыр. Жылдан жылға біз бұл жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Сотта медиативті келісімдер жасаумен аяқталған даулар саны едәуір өсуде.

Адамдар ымыраға келе алатын, оларды тыңдай алатын және олар тыңдалатын медиация институтын пайдалану жөніндегі белсенді жұмыс, тұтастай алғанда біздің мемлекетіміздің дамуына да әсерін тигізеді. Жыл басынан бері медиация мәселесін реттейтін заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізілген.

Бүгін сотқа талап қою түскен сәттен бастап тараптарға сотқа дейінгі хаттаманың үлгісі қоса берілген медиация рәсіміне хабарламалар, шақырулар жолданады. Тараптар хаттаманы толтыра, медиативтік келісім жасасу шарттарын көрсете отырып, өздерінің негізгі уәждерін, дәлелдемелерін атап көрсетуге құқылы.

Менің ойымша, сотқа дейінгі хаттаманың енгізілуі практикалық құндылыққа ие. Себебі талап қоюшы да, жауапкер де өз уәждерін, дәлелдерін, шарттары мен ұсыныстарын баяндай отырып, олардың әрқайсысы хаттамада көрсетілген бір-бірлерінің мүмкіндіктері мен дәлелдемелерінің жеткіліктілігін бағалай отыра, дауды медиативтік шеңберінде шешу туралы шешім қабылдаулары әбден мүмкін.

Сотта медиация рәсімінің мерзімі талап қою түскен сәттен бастап 10 жұмыс күнін құрайды. Ал, тараптар сотқа дейінгі хаттаманы ұсынған кезде бұл мерзім 15 жұмыс күніне дейін ұзартылады.

Медиация қоғамды кемелдендіретіні анық. Бұл саланың адамгершілік құндылықтардың сақталуына екпін беретін тұстарына айта кету керек. Кешірім, келісу, түсіністік сияқты адамгершілік қатынастардың күшеюіне мән беріледі. Ашу, ыза-кек, адамды аздыратын, қатыгездікке бастайтын қасиеттер болса, оны үдетпей, араағайындықтың арқасында алтын ортасын тауып, екі тараптың да мүддесін қамтып, татуластыратын осы – медиация. Біз осы саланы дамыту арқылы кемелдікке, парасаттылыққа қол жеткіземіз. Бұл – біреудің жіберген қателігіне көз жұмып қарау емес, керісінше оның ушыға түсуіне жол бермей, дауласушы тараптардың басын қосып оң шешімге қол жеткізуге талпынамыз

Қорытындылай келе, медиация институтын дамыту дауларды шешу кезінде кеңінен, белсенді түрде қолдану қажет деп айтқым келеді. Дауласқандары бітіспес жауға айналдырмай, бітімгершілікке шақыратын жаңа жүйе ғасырлардан бері қазақ даласында қалыптасқан дәстүрмен үндесіп, қайта жаңғырды деуге әбден болады.

Есен ЖҰМАБЕКОВ,

Теміртау қалалық сотының

бітістіруші судьясы.

Басқа материалдар

Back to top button