Өндірісі өркендеген Қаражал-Жәйрем өңірінде сыртқы жарнаманы ортақ реттілікке сай әзірлеп, орналастыруға ерекше мән беріледі. Соның аясында әр тоқсан сайын «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлығы өтеді. Аталған айлық барысында қалалық ономастикалық жұмыс тобы нысандардағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың Заңға сәйкес рәсімделуіне, сауаттылығына бақылау жүргізеді. Осы бағытта әдістемелік көмек көрсету жұмыстары қолға алынып, «Жедел желі» байланысы іске қосылған.
Айталық, биылғы жылдың ІІІ тоқсанында алдын ала бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, құрамында қаланың Құрметті азаматы, қалалық мәслихат депутаты мен мәслихат аппаратының жауапты қызметкері, мәселеге тікелей және жанама негізде қатысы бар мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бар жұмыс тобы қала көшелеріндегі көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға шолу жасады. Соның нәтижесінде, «Гламур», «МобиКом», «Водолей», «Фермер» дүкендерінің иелеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, ҚР «Тіл туралы» Заңы талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жеке кәсіпкерлерге сыртқы көрнекі ақпараттардың кемшін тұстарын заңнама бойынша біріздендіруге уақыт берілді.
Қай тұрғыдан алып қарастырсақ та, мемлекеттік тілдің мәртебесін лайықты деңгейге көтеру мақсатындағы іс-әрекетте қоғамдық орындардағы жарнама тілін түзеудің маңызы зор. «Қазақстан Республикасында Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» атап көрсетілгендей, өзара тәжірибе алмаса отырып, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардағы тіл сауаттылығын қадағалау мен реттеу, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сай рәсімдеу бағытында әдістемелік көмек көрсету – істі ілкімді жүргізудің тиімді әрі әсері мол тәсілі.
– Қала шағын болғандықтан, халық назарына ұсынылатын жарнама саны салыстырмалы түрде көп емес. Оларды Заңға сәйкестендіру жайы – үнемі назарда. Басқаны айтпағанда, бұл – қаланың даму көрсеткіші, оның сыртқы келбетінің айнасы. Нарықтық қатынастардың іргетасы беки түскен сайын жарнаманы бәсекеге қабілетті ету өзекті болып отыр. Әсіресе, қазақ тілінде жарнама жасау, оларды тіл заңдылығы талаптарына сәйкес рәсімдеу – мәдениеттілік белгісі, сондықтан да, кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарнаманы ұлттық ерекшелігімізді ұлықтайтын, болмысымызды айшықтайтын тәрбие әрі насихат құралына айналдыру – бірегей міндет, – дейді қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнұр Сатанова.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.
ҚАРАЖАЛ қаласы.