АбайАймақТұлға

Көңілден кетпес кездесу

Маған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ алдында сөз сөйлеу бақыты бұйырыпты. 2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына қатысып, қарағандылықтар атынан сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Сол кездегі көңіл күйім мен толқуымды сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл ешқашан ұмытылмас сәт болды. «Қатты тебіренгеннен көзімнен жас шығып, ештеңе айта алмай қаламын ба» деп ойладым. Бірақ, менің барлық толқуым Елбасының жанарына көзім түскен кезде сап тыйылды. Мұндай мейірімді, адам жанын түсінуге ұмтылатын, шуақ шашқан көзқарасты ешқашан ұмытпаймын.

«Тұңғыш Президент жолы» – қуғын-сүргінге ұшыраған және күштеп қоныс аударылған жүздеген мың адамның ұрпағы үшін тарихи әділдікті қалпына келтірген жол. Мен – қуғынсүргін зардабын көрген жандардың ұрпағымын. Бүгінгі таңда мұғалім болып жұмыс істеймін. Бұл – менің бала кезімнен бергі арманым еді.

Сессияда маңызды мәселелерді тілге тиек еттім. Отбасы, бала тәрбиесі, жетім-жесірлерге қарайласу, ардагерлерге қамқорлық көрсету туралы ойым мен ұсынысымды ортаға салдым. Тұңғыш Президент сөзімді зейін қойып, өте мұқият тыңдады.

Залда отырған қатысушылармен сәлемдесуге келген кезде, менің де қолымды қысып тұрып: «Дұрыс жолды таңдаған екенсің, осы қалпыңнан айныма» деген ниетін білдірді. Мен өмірімді ұстаздық қызметке текке арнамағанымды, барлық еңбектерімнің бекер емес екенін түсіндім. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев маған өзінің күші мен даналығының бір бөлігін, өзінің ерекше дарыны мен өз ісінің әділдігіне деген сенімділігін ұялатқандай болды.

Бұл кездесу тек мені ғана қанаттандырып қоймады. Елбасы алдында сөйлеген кезде мен сезінгенімнің барлығын біздің мұғалімдер мен шәкірттерімізге жеткізуге тырыстым. Оқушыларыммен бірге бейбітшілік пен бірлікті, қоғамдық сананы жаңғырту саясатының ең сенімді және тиімді жолсерігі болып келе жатқаныма қуанамын. Шәкірттерім бүгінде «Киелі Қазақстан» жобасын іске асырып, мектеп теледидарын ашып, республика деңгейінде екінші «Жарасым» мектеп клубын құрып, аталған салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткізуге ұмтылуда.

Елбасымен кездесуім жарасымды ғұмыр кешуге және шығармашылықпен өмір сүруге ұмтылдырды. «Жыл мұғалімі – 2019» байқауының жеңімпазы атандым, Еуропа университетінде тағылымдамадан өттім.

Бүгінгі күні жаныма жақын туған қаламда – Ұлы Дала Елінің Ұлы перзентінің атымен аталатын Абайда, өзім білім алған мектепте жұмыс істеймін. Менің өмірімде қазақ халқының екі ұлы ұлының – Абай мен Нұрсұлтанның алатын орны ерекше. Қос тұлға маған ең жақын адамдардың бірі болып қала берері сөзсіз.

Вида ГРЕЙЧУТЕ,

№14 мектеп-лицей мұғалімі,

ҚХА «Жаңғыру жолы» РЖҚ мүшесі,

«Литуаника» литва этномәдени бірлестігінің өкілі.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button