ҚАРАҒАНДЫ – Тәуелсіздік жылдарында

Тәу еткен Тәуелсіздік жылдарында облыстың ішкі өңірлік өнім өндіру көлемі бірнеше есеге артты. Айталық, 1991-1993 жылдары ЖІӨ көлемі жан басына шаққанда небары 2 мың теңге болса, қазір бұл көрсеткіш бірнеше миллионға жеткен. Өңірдің жалпы ішкі өнімі осыдан бес жыл бұрын 3 трлн. теңгені құраған. Сөйтіп, өндірістің өнім өндіруі 3,1 пайызға артқан.

Облыстағы жалпы ішкі өнім көлемінің 51 пайызы — өнеркәсіп саласына тиесілі екен. Ал, көмір өндіру Тәуелсіздік жылдарында 2 есе өсті. Мәселен, 1995 жылы 19 млн. тонна өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 36 млн. тонна. Облыста 11 шахта, 7 көмір разрезі, 4 шағын көміралушы кәсіпорын бар. Онда 20 мыңға тарта адам еңбек етеді. Өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы 5 жылда 455 млрд.теңгеден 603 млрд. теңгеге дейін жетті. Сөйтіп, 33 пайызға ұлғайған.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында мәліметтер облысқа инвестиция тарту арқылы 97 жоба іске асырылуда. Бүгінде ол жобаның 72-сі мәреге жетіп, 5 мың жұмыс орнын қамтамасыз етті. Жалпы, облыстағы өнеркәсіптің 34 пайызы өңдеумен айналысады. Сонымен, өңдеуші өнеркәсіптің өнім өндіруі 20 млн. теңгеден 1 трлн.теңгеге дейін жетті.

Биылғы жыл бүкіл әлем үшін өте күрделі болды. Карантин енгізілгеннен кейін іскерлік белсенділік төмендеді, бұл біздің облыстың барлық экспорттық өнімдеріне, соның ішінде мыс пен металл бағасының төмендеуіне әкелді. Дегенмен, облыс оң нәтижелерге қол жеткізуде. Жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, кәсіпорындар мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларын ашу есебінен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкін болды.

Сонымен қатар, облыстағы алпауыт кәсіпорындар да бұл жылдары жаңа жобаларды іске қосып, өнім өндіруді ұлғайтып келеді. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңа газдан тазарту цехын іске қосты, домна пештерін күрделі жөндеуден өткізді. Сондай-ақ, басқа да, іргелі жобаларды іске асырды.

Ал, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің жұмыс ауқымы жыл сайын ұлғайып келеді.

Аймақтың тынысын ашқан тағы бір өнеркәсіп алаңы, ол – Елбасының тікелей тапсырмасымен іргесі қаланған «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағы. АЭА-ның аумағы – 534,9 гектар. АЭА – металлургия өнеркәсібін және металл өңдеу саласын дамыту, атап айтқанда, әлемдік сауда таңбаларын өндірушілерді тарту жолымен бұйымдарды өндіру, шикізатты тереңдете өңдеу жөніндегі өндірістерді және технологияларды құру мен жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу және ғылымитехникалық инновациялық жобаларды әзірлеу, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік қаражат тарту, сондайақ әлеуметтік проблемаларды шешу үшін, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатын көздейді. Осыдан бес жыл бұрын аймақтағы экономикаға шетелдік инвесторлар 17 млрд. теңге қаржы құйса, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын ұлғая түскен. Демек, облыста инвестиция тарту үшін жақсы жағдай бар. Қазірдің өзінде 2 трлн. теңгеге жуық сомаға 50 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда.

Тәуелсіздік жылдарында облыста шағын және орта бизнес субъекті саны еселене түсті. Бүгінде облыста белсенді 100 мыңнан аса кәсіпкер бар. Онда нәпақасын айырып жүргендердің саны – 236 мың адам. Кәсіпкерлік саласының өңір өніміндегі үлесі 20 есеге өсіп, 750 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл облыстағы алпауыттар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өндіретін өнімнің құнымен тең келеді. Бұған қоса, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көрсетілген қолдаудың да аясы — кең. Түрлі саланы қамтитын бағдарламалар нәтижесінде көптеген отандастар өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Мысалы, 2010 жылдан бері қолға алынған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен облыста мыңнан астам кәсіпорын қамтылған.

Облыста үш ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептер проблемасын шешу оңтайлы қолға алынған. Облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған мектептерді айтпағанда, дарынды балаларға арналған, бірегей білім беру жобасы бар «Назарбаев зияткерлік мектебі» де бар.

Денсаулық сақтау саласында халық игілігіне тапсырылған нысандарды да ауыз толтырып айтуға болады. Мысалы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығында облыста 60 денсаулық сақтау нысаны берілсе, жыл сайын бұл көрсеткіш саны артып отырды. Мәселен, 2018 жылы жалпы 4 медициналық ұйым ашылса, 2019 жылы облыс орталығында тағы 4 емхана ашылған. Одан бөлек, аудандарда ашылып, жергілікті халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұрған дәрігерлік амбулаториялар қаншама?!

Ерекше атап айтуға болатын еліміздегі үздік кардиохирургиялық орталық, қан орталығы, нейро-инсульттық орталық та осы Қарағанды облысында.

Індет салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, кейінгі жылы облыста тұрғын үй салу қарқыны арта түсті. Егер осыдан бес жыл бұрын облыста 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 61 мың отбасы қоныстойын атап өтуге мүмкіндік алса, 2017 жылы – 3393, 2018 жылы – 4135 пәтер пайдалануға берілді.

Тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға ұлғаюда. Сондықтан да, қоғамның әлжуаз топтары үшін баспана мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолжетімді болды.

Тәуелсіздік жылдарында облыста мәдениет пен спорттың тамаша нысандары бой көтергенін айту керек. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы, теннис орталығы, мұз сарайы, Достық үйі секілді әлеуметтік нысандар – Тәуелсіздіктің тартуы.