Ресми

«Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек…»

Шынымен де, аты өзгермесе де, бұрынғы сайлауларға қарағанда мәні де, мазмұны да ерекше 10 қаңтарда өтетін Мәжіліс сайлауы Қазақстан тарихындағы айтулы даталардың біріне айналатыны сөзсіз. Басты ерекшелігі – сайлаудың жаңа форматта өтетіндігі. Мәслихаттар мен Мәжілісте бес партияның қанша өкілі болмағы сайлаушыларға, яғни, «біз» бен «сізге» тікелей байланысты. Одан бөлек, маңызды өзгерістер енгізілген «Сайлау туралы» Заңда парламенттік оппозиция институтын енгізуі, сондай-ақ әйелдер мен жастардың саясатқа белсенді араласуына мүмкіндік беруі еліміздің демократиялық өмірге аяқ басуының алғышарты ретінде қарастырылады.

Алғаш рет сайлаушылар адамға емес, кандидаттары мәжіліске немесе мәслихатқа үміткер партияларға дауыс береді. Ал, Парламентте бір ғана партия емес, кемі үш партия отырады. Заң талабы осы.

Сайлаудың осы партиялық тізім бойынша өтуі әлемдік демократиялық партияға да толығымен сәйкес келеді. Демек, Қазақстан осы ұстанымнан таймаса, елімізде саяси жүйе нығайып, демократияны одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Жаңашылдықтардың партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі өз позицияларын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер беретінін де айтқан болатын бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сайлау негізінде алтыншы шақырылымдағы Мәжілістің орташа жасы да едәуір жасарады.

– Жаңа өзгерістерге сәйкес, парламенттік практикада алғаш рет әйелдер мен жастар үшін партиялық тізімдерде 30 пайыздық квота енгізілетін болады, бұл олардың елдің қоғамдық-саяси процестеріне неғұрлым белсенді қатысуына ықпал етеді, – деген қазақстандық саясаттанушы Қазбек Майгелдинов парламенттік оппозиция институтын енгізу де маңызды жаңалықтардың бірі екенін айтқан болатын.

Шетелдік сарапшылар да еліміздегі өзгерістер жайлы оң пікірде.

Еуразиядағы саясат пен қауіпсіздік мәселелеріне маманданған швед ғалымы, Стокгольмде орналасқан қауіпсіздік және даму саясаты институтының (ISDP) директоры және тең құрылтайшысы Сванте Корнелл «Қазақстан өзгерістерді біртіндеп енгізуге бағытталған реформалар процесін жүргізуді жалғастыруда» деп, Халықаралық серіктестер Қазақстанға қолдау көрсетіп, қазақстандық билікпен және тәуелсіз саяси күштермен бірге жұмыс істеуі керектігін айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастырған Қасым-Жомарт Тоқаев билік институттарын дамытып, жұрттың, оның ішінде оппозицияның пікіріне құлақ асып, халықтың демокартиялық талаптарын тиімді ескеретінін айтады Францияның Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бұрынғы кеңесшісі, Халықаралық істер жөніндегі кеңесші Ален Корвез.

Оның ойынша – Қазақстанда демократияландыру қарқынды жүруде.

Індет жағдайында өтетіні де сайлаудың тағы бір ерекшелігі. Бұған дейін сайлауға дайындық барысын пысықтаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой барлық сақтық шаралары сақталатынын айтқан болатын.

Өзгерістер өз алдына. Абзалы – адал сайлаудың кепілі белсенді азаматтық ұстаным мен сайлау учаскесіне келіп өз дауысыңды беру екенін естен шығармау. Учаскелерге келген дауыс берушілер саны азая түскен сайын, түрлі бұрмалаушылықтар да орын алатынын көрсетеді әлемдік тәжірибе. Үйде отырып, наразылық таныту – дұрыс тәсіл емес.

Еліміз демократия жолында. Оны біз ғана емес, әлемдік сарапшылар да мойындады. Әлбетте, жаңа форматтағы алғашқы сайлау саяси жүйеде түбегейлі төңкеріс жасамайтыны анық. Бірақ, мүлдем жаңа процестің бастауы болатыны рас.

…Ел тарихындағы айтулы шарадан қалыс қалмай, тарихты жасауға өз үлесімізді қосайық, онда. Әр дауыс – маңызды.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button