Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ХVIII жазғы чемпионатта Бауыржан Төкенов күміс жүлдегер атанды
Қарағандыдағы № 1 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Бауыржан Төкенов еліміздің өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ХVIII жазғы чемпионатта күміс жүлдегер атанды. Ол кедергілері бар жүз метрлік жолақты еңсеруде жоғары нәтиже көрсетті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ХVIII жазғы чемпионат Қызылорда қаласында өтті. Чемпионатқа 18 ерлер және 14 әйелдер командасы қатысты.
– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды, қарсыластар да осал емес. Алайда, жеңіс маған бұйырды. Қазір әлем чемпионатына дайындалып жатырмын, – деді Бауыржан Төкенов.
Өрт сөндіру-құтқару спортында Бауыржан 2016 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. 6 жыл ішінде оның жеңіс қоржыны талай жүлдемен, медальдармен толыққан. Бауыржан Төкенов – өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша спорт шебері және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.
Биыл 30 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін жарыста ел намысын қорғайтын болады.
Өз тілшімізден.