Жаңалықтар

Орманға қорған болайық

Қазынаны қорғау – қасиетті іс. Сарыарқа төсіндегі орман-тоғай – үлкен қазына, нығмет саналады. Жасыратыны жоқ, ұлт байлығының көлденең келер қауіп-қатерден қорғалуы кейде көңіл көншітпейді. «Бір тал кессең – он тал ек» деген сөз табиғатты аялаудың терең пәлсапасын түсіндіргенімен, Жер-Ананың аманатына адалдық таныту қиындап барады…Әңгіменің ашығы табиғат қорғаушылары біздің демалу мәдениетіміздің қалыптаспағанын айтып шыр-пыр болады. Орман-тоғай, өзен-судағы демалыстан кейін қоқыс қалдығын жиыстырып кетуге мойнымыздың жар бермейтіні рас. Жер-Анаға деген жанашырлықтың жоқтығы залалын тигізуде. Мәселен, Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ақтоғай шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің директоры Мирас Қасымхан:

«Былтыр Бектау атаға демалысқа барған өзіміздің өңірдің жігіттері тоғай өртенген тұста тұра қашқан. Кәуәп пісіріп жатып, шоғы ұшқан болса керек. Сонда жігіттер қазан-ошағын тастап, зып берген. Іс қозғалатынын білген ғой. Айыппұл төлейді қалталарынан. Ал, өздерінің қалталарын ғана ойлаған олар табиғатқа жаны ашымай тұр. Ұстатпады. Ал, өртті Ресейден келген туристер өшіріп алған. Біздің өрт сөндіруші жігіттер барғанша. Осындай орынсыз дүниелер болып жатады жиі», – дейді.

Қарағандының аймағы да жасыл желекке толы. Жақында Теміртау жақтағы орман алқабы да отқа оранудың сәл-ақ алдында қалды. Орман іргесінде от жағып, картоп пісірмекші болған жігіттер де жел тұрып, өрт лап еткенде іздерін суытқан. Бұлар да біледі іс қозғалса, қомақты айыппұл арқалайтындарын. Абырой болғанда жел отты жазық далаға қарай бағыттаған. 1,5 гектар жер жанып кеткен. Әйтпесе, іргедегі орманның шеті бұрқ етсе, ие болу оңайға соқпайды. Маусым айының басында да Қарағандыдағы орман ішінде осындай дерек тіркеліпті. Бұл жігіттер де тайып тұрады. Құдай қағып, 100 шаршы метр жерді ғана жалын шарпиды. Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі шаруашылығы мекемесінің директоры Мақсат Мұқанов ағамыз «демалушылар отты сөндіруді ұмыт қалдырудан гөрі көбіне шоқ лап бергенде ие бола алмай қалып жатады» дейді.

– Заңнамада тоғайға жақын жерде от жағуға болмайды. Біз жиі рейдке шығамыз. От жаққандарды көрсек, бірден айыппұл салып, жауапқа тартамыз. Былтыр 42 хаттама толтырдық. Биылдың өзінде 10 шақты іс тіркеліп, айыппұл салынды. От жаққаннан бөлек, демалушылар енді келмейтіндей қоқысты қалай болса, солай шашып кетеді. Одан бөлек, өткенде қала тұрғыны «КАмаз» көлігімен келіп, қоқыс төгіп жатқанда үстінен түстік. Үлкен мөлшерде айыппұл ілдік мойнына. Өкінішке орай, осы секілді орманға орасан залалын тигізетіндер көп болып тұр, – дейді Мақсат Мұқанов.

Күн қызғанда көбіміздің өзен-көлге тартатынымыз бар. Мұнда да тазалықты сақтау тәртібіміздің шамалы болып тұрғаны рас. Әсіресе, қалаға жақын жердегі су жағасынан қоқыс қалдығы жиі көзімізге ұшырайды.

– Федоровка су қоймасы, Нұраның бойы, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың гидро тораптары жағасы жиі шашылады. Бөтелке, целлофанды лақтырып кетеді. Оның бәрі экожүйеге зиян. Шыны бөтелке қызып, өрт шығаруы мүмкін. Оның салдары өзен бойындағы тоғайға тиеді. Пластик, целлофан да жанса, ауаны ластайды. Біз рейдке жиі шығамыз. Тазалыққа үндейміз. Балық аулаудың қағидасын түсіндіреміз. Балықшылар ау құрып кетеді. Ол ау тіпті 1-2 ай тұрады, берісін 1 аптадан кейін келіп алады. Онда түскен балық сасиды. Балық қана емес, су жәндіктері де ауға түседі, – дейді Қарағанды облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Сабыржан Құдайберген.

Қысқасы, орманға қорған болайық, Жер-Анаға деген жанашырлығымызды арттырайық. Өйткені, біз оның бесігінде тербеліп келеміз…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button