Бас тақырып

Еттен – сөл, сайлаудан мән кетпесін

Шөбін тасып, отынын үйіп алған ауыл қазағының бүгінгі әңгімесі күздік жайында. «Күздік сойдың ба?» деген сұралады есен-саулықтан кейін. «Биыл күздіктің малы жүдеу. Тәуір дегенінің өзі шынтақты әрең береді. Неге десеңіз, жер азып кетті…». Дәл осыған төркіндес әңгімені кейінгі кезде жиі еститін болдық…

Иә, кейінгі жылдары қыс баласы қар аз түсіп, жаңбыр да сирексіп кетті. Мұның бәрі құмарынан шықпаған қара жердің құнарын кемітіп, топырақтың тозуына «септігін» аз тигізіп жатқан жоқ. Ал, бұл дегеніңіз азын-аулақ малына үміт артқан шаруаны алаңдатпай қоймайды.

Әңгіме күздіктен туындады ғой. Енді бір азғанадан соң соғымның да жырына кезек келеді. Ертеңшіл қазақ үшін шошаласы мен мұздатқышын етке толтыру – ежелгі дағдыға иек артқан игі дәстүр ғой. Сондықтан, бұл соғым дегеніңіздің көгенкөздің баласы үшін бүгін де, күні ертең де аса бір керектің бірі болып қала беретініне титтей де күмән жоқ.

Соғым демекші, ауылдағы бір ағамызды дәл осы шаруаға келгенде қамшы салдырмайтын хас шебердің дәп өзі деуге болады. Сол кісі айтады: «Соғым сойғанда жылқының етін суытып барып тұздау керек. Буы бұрқыраған ыстық кезінде тұздасаң, сөлі ағып кетеді…». Қаперге алатын-ақ кеңес, негізі…

Енді бір аз ғана күннен кейін өте маңызды шаруа – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы болады. Жасыратыны жоқ, ертеңшіл елдің бұл саяси науқаннан күткені көп.

Иә, мамыражай тірлікті, тоқ тұрмысты кім қаламайды дейсіз. Ал, енді, осы игіліктің бәрі аспаннан саулап өздігінен түспейді ғой. Мұны мемлекеттің пайдасына жарататын, қара халықтың қажетіне бұйыртатын – қайраткер тұлғаның халықаралық деңгейдегі батпандай салмағы мен байыпты саясаты, қажыры мен қайраты. Әлбетте, мұның жай-жапсарын сайлаушы қауым жақсы білуі тиіс.

Иә, жасампаздықтың жолын таңдап, әділеттіліктің туын желбіретуге құлшынған Қазақстан үшін демократияның даңғылына түсуден басқа жол жоқ. Ал бұған жету үшін белгілі бір кезеңнің елесінен арылып, бүгінгінің көлденең жатып алған белесін бағындыруға тура келеді.

Мәселен, бір ғана әкімдер сайлауын алайық. Қазіргі уақытта ауыл әкімдерін жергілікті халық өзі сайлай бастады. Бұл демократиялық өлшемнің биігінен алғанда оң нышан екені сөзсіз. Кезекте аудан және қала әкімдерін сайлау тұр. Міне, дәл осы жерде бізге асығыстыққа бой ұрмаған сабырлы да сарабдал саясат керек. Әйтпесе, әлгі буы бұрқыраған етті ыстық күйінде тұздағандай әсері болуы әбден мүмкін.

Еттен сөлдің, сайлаудан мәннің кетпегені біз үшін өте-мөте маңызды болар еді.

Қайрат ӘБІЛДА

ҚАРАҒАНДЫ

Ortalyq.kz 

Қарағанды облысының маңызды және өзекті жаңалықтарын «Орталық Қазақстан» газетінің телеграмм каналынан оқыңыз (сілтемені басыңыз)

Басқа материалдар

Back to top button