7 күн: қысқа-нұсқа

Елбасы – Шамалғанда

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған жері Шамалған ауылына барды. Сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы алдында жерлестерімен кездесті. Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.

Елорда дамуы қаралды

 Премьер-Министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласын дамытудағы маңызды мәселелер бойынша отырыс өткізді. Отырыста баспананың қолжетімділігі, әлеуметтік нысандар құрылысы, көлік инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық қауіпсіздік, қаланың шет аудандарын өркендету мәселелері қаралды.

Жылу тоқтатылды

Алматыдағы жылу беру маусымы 4 сәуірде аяқталды. «Соңғы бес тәулік ішінде ауа температурасы +8◦-ден көтерілуіне байланысты қала әкімдігі жылу беруді тоқтату туралы шешім қабылдады» делінген Алматы жылу жүйелері таратқан мәліметте. Ал, Қарағандыдағы жылыту маусымының тәмамдалар уақыты, әзірге, беймәлім.

Концерт қарсаңында

29 маусымда Нұр-Сұлтанда әнші Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтетіні белгілі. Ал, бұдан бір күн бұрын, яғни, 28 маусымда әншінің әр елдегі жанкүйерлері осында жиналмақ. Бүгінде концерт билеттері қызу сатылуда. Сондай-ақ, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы әнші туралы деректі фильм түсіруде. Бұйыртса, күзге қарай туынды көрерменге жол тартпақ.

Әзірлеген Нұрқанат ҚАНАПИЯ.