«7-20-25»: Нұрлы жерден баспана

Баспана алу арманына тұрғындар тағы бір қадам жақындай түсті. Нақтыласақ, «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар «Нұрлы жер» бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алады. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымы хабарлайды.

Осыған сәйкес өзгерістер 2019 жылдың басынан күшіне енді. Бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй әкімдікте кезекте тұрғандар мен «Тұрғынүйжинақ банкі» салымшылары арасында бөлінетін. Енді «7-20-25» бағдарламасы бойынша қолжетімді.

«Мемлекеттік баспананың негізгі басымдығы – оның құнының төмендігі және аймақтарда тұрғын үйлердің көптеп салынуы. Бір шаршы метрі – Астана, Алматы қалаларында (қала маңындағы аймақтарды қоса алғанда) 180 мың теңге, басқа өңірлерде 140 мың теңгені құрайды. Мысалы, Астанада көлемі 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерді 10,8 млн. теңгеге алуға болады. Оны 25 жылға алғанда ай сайынғы төлем 61 мың теңгеден аспайды»– деп атап өтіп отыр «Баспана» ипотекалық ұйымы.

Сонымен қатар, таратылған деректерге сүйенсек, «7-20-25» бағдарламасы «Нұрлы жер» бойынша үй алуды оңайлатады. Енді әкімдікте кезекте тұрудың, ай сайын депозитке ақша салудың қажеті жоқ. Пәтер таңдап, «7-20-25» бағдарламасына қатысты банкке тұрғын үй құнының 20 пайызын төлеу – жеткілікті. Елімізде «Нұрлы жер» бойынша 20 мың пәтер пайдалануға берілмекші. Ең көп пәтер – Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және Қостанай облысына тиесілі. Ал, Қарағанды облысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасымен 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 420 мың шаршы метр тұрғын үйді (4,3 мың пәтер) іске қосу жоспарлануда. Былтыр «Нұрлы жер» арқылы 4135 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Еске сала кейтейік, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі 2017-2021 жылдар болып белгіленген. Бағдарламаның міндеттері мен мақсаттарына қол жеткізу үшін сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салу, кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту арқылы тұрғын үй салу бағыттары көзделген. Бұл бағыттар тұрғын үйге сұранысын екінші деңгейлес банктерді тарту арқылы қамтамасыз етуге, сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін жеке құрылыс салушыларға қолдау көрсетуге арналған. Соның ішінде, «Нұрлы жер» бойынша несиелерді субсидиялау тоқтатылған-ды.

Сөйтіп, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына байланысты «Нұрлы жерге» бірқатар өзгерістер енгізілген болатын.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА