«Спутник лайт» өндіруді бастады
21 ақпаннан бері Қарағанды облысы «жасыл» аймақта. Коронавирус жұқтырғандардың тіркелу көрсеткіші төмендеді. Кеше ел бойынша – 87 жағдай, облыста 11 жағдай анықталды. Облыс аумағында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Алайда, карантиндік шектеулер алынғанымен сақтық шараларын сақтау әлі де маңызды.
Мұны облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Юрий Залыгин айтты.
– Азаматтардың көбі бетперда тағуды және әлеуметтік қашықтық ережелерін сақтауды қойды. Қарапайым сақтық шараларын сақтамау, өз кезегінде инфекцияның одан әрі таралуына әкелуі мүмкін. Өйткені бұл вирустың таралу жылдамдығы өте жоғары, – дейді ол.
Сондай-ақ, ол сақтық шараларымен қатар, денсаулығына байланысты дұрыс шешім қабылдап, вакцинация курсынан өтуге шақырды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, 9 наурызда облыс бойынша 668 211 (74,5%) адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алса, 607 015 (67,6%) адам вакцинациялаудың толық курсынан өтті. Республика бойынша вакцинацияның бірінші компонентін 9 410 880 адам, екіншісін 9 042 521 адам салдырды.
Уақыт өтке келе вакцина беретін қорғаныш төмендейді. Адамның індетті қайтадан жұқтыру қаупі артады. Сондықтан да үшінші дозамен вакцинация жасату қолға алынды. Біздің елде өткен жылдың қарашасынан қолға алынған шараны әлемнің бірқатар елдері бұрынырақ бастады. Ревакцинация адам ағзасында төмендеген антиденелердің мөлшерін арттырып, бірқалыпты ұстап тұру үшін жасалады. Тұрақты иммунитет пайда болу үшін аса маңызды. Республика бойынша ревакцинация жасатқандар 2,5 миллионнан асты. Қарағанды облысында 153 689 адам үшінші доза алды.
Бустерлік дозамен ревакцинация жасату алғашқы вакцинациядан өткен мерзімге тікелей байланысты. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен нормативтеріне сәйкес, үшінші доза инактивтендірілген вакцина алғаннан кейін 3 айдан соң, аденовирусты вакцина салдырса, 6 айдан кейін жасалады. Ревакцинация үшін инактивтендірілген вакциналармен қатар, «Спутник Лайт» және 50 жастан асқан адамдар мен медициналық қызметкерлер үшін Pfizer қолданылады.
Айта кететіні, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» бір компонентті «Спутник Лайт» вакцинасын өндіруді бастады. Н.Гамалея атындағы Ресей ғылыми-зерттеу институтында ревакцинация үшін жасалған препарат Қазақстанда өткен жылы тіркелген. Оның дәлелденген тиімділігі 79,4%-ды құрайды. Бүгінде вакцинаның валидациялық партиялары Қарағандыдағы кешенде шығарылып, Ресейге сапаны бақылауға жіберілді. Енді біздің елде өндірілген препаратты Ресейде тіркелуі күтілуде. Ол сапа жағынан стандарттарға сәйкес келсе, ревакцинация үшін қолданылатын «Спутник Лайт» те біздің елде өндірілетін болады.
Кешегі күнгі дерек эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанын көрсетті. Елдің барлық өңірлері «жасыл» аймақта.
Жансая ОМАРБЕК.