Жаңалықтар

Мінсіз құрмет – Отанға құрмет

Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. 1992 жылы 13 шілде күні ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған болатын. Тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік органының тарихы осы күннен бастау алады.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұқтар ҚАЛИЕВ – запастағы полковник. Отан қорғау қызметіне 29 жыл өмірін арнаған ардагер.

Мұқтар Қалиұлы көпбалалы отбасынан шыққан сегіз баланың кенжесі екен. Жасынан бойына өжеттілік, адалдық сіңіріп өскен Мұқтар мектептен соң әскер қатарына алынып, үш жыл бойы Камчаткадағы Петропавловск Тынық мұхит флотының әскери кораблінде бөлімше командирі, үшінші дәрежелі старшина болып әскери қызметін абыроймен атқарған. Әскер қатарында шыңдалған Мұқтар ендігі кезекте жоғары білім алуға ұмтылып, Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, оны да жемісті аяқтаған соң әскери кафедрада дайындықтан өтіп, лейтенант шенін алып шыққан. Еңбек жолын мамандығы бойынша бастаған, мастер, учаске бастығы қызметтерінде жүрген жауапкершілігі жоғары, білікті жас маманды байқаған басшылар оны Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қызметке ұсынған. Іріктеу сынынан сәтті өткен Мұқтар алғашқыда ҰҚК Қарағанды облыстық департаментінің Саран қалалық бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастайды. Содан ҰҚК-нің Орталық аппаратының басқарма басшысына дейін көтерілген.

Әңгіме барысында Мұқтар Қалиев сала қызметіндегі ең бір аса қиын кезеңі 90-шы жылдар деп атап өтті. Кеңес Одағы ыдырап, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі еді.

– Мен Шахтинск қалалық бөлімшесін басқардым. Оған Шахтинскіден басқа Саран қаласы мен Абай ауданы кіретін. Бұл кезең Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында уақытпен санаспай күндіз-түні сапта тұруды талап етті. Себебі, елімізде қоғамдық саяси өзгерістерді бақылай отырып, оларды дұрыс бағытқа ұйыстыруға ықпал ету керек болатын. Ұлттық қауіпсіздік қызметі жауапты қызметтерге кез келген уақытта ауыстыру және тағайындауды қарастырады. Тәжірибе жинап, шыңдалып, ысылған Мұқтар Қалиев жаңадан құрылған Терроризмге қарсы орталықтың бөлімін басқаруға тағайындалды. «Терроризм» – «зорлық зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу». Бұған негіздесек, терроризм «Үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан лоққы мен зорлық зомбылық» дегенге саяды. Бұл кезең елімізде әртүрлі діни ағымдардың кеңінен етек алуымен діни экстремизмнің өршуімен, жастардың осы ағымдарға сеніп еруімен ерекшеленді.

Тіпті, небір экстремистер тобы зайырлылықты құптамай, шариғи яғни халифалық билікті қолдап, мемлекетіміздің зайырлы мемлекет түрінен ислам халифатына көшіруді көздеді. Жастар жат ағымдар жетегінде кетті. «Экстремизм» шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм – әр уақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру қажет еді. Бұл қызметте Мұқтар Қалиевке көп жылдар жинаған тәжірибесі мен білімі, ұйымдастырушылық қабілеті көмектесті. Облыс аумақтарына жиі-жиі шығып террористік сипаттағы жағдайлардың алдын алу, саяси дағдарыс жағдайында дер кезінде жергілікті органдардың нақты шаралар қолдануы үшін азаматтардың, қоғам және мемлекет мүдделерінің, ұлттық құндылықтарының, өмір салтының ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғау мақсатында тұрғындармен ашық кездесіп, осы тақырыпта көптеген лекциялар өткізілді.

Осы жұмыстар өзінің оң нәтижелерін берді. Отанға адал қызмет ескерусіз қалған жоқ. Мұқтар Қалиев адал офицер ретінде енді Қырғызстанның Бішкек қаласында орналасқан Халықаралық ұйым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Терроризмге қарсы күрес орталығына Ұлттық қауіпсіздік комитетінен Қазақстанның өкілі болып тағайындалды. Бұл қызметті де ол өзінің мол тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында абыроймен атқарды.

Мұқтар Қалиев қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 29 жыл өмірін арнаған екен, лейтенанттан полковникке дейін көтеріліп, мінсіз қызметі үшін бірнеше мадақтамаларға да ие болған. Барлық кезеңде офицердің жанында жары Айгүл Эрнесқызы осы жауапты жолды бірге өтеп келеді. Полковник шенінде құрметті демалысқа шығып, жас чекистерге Отанға адал қызмет ету туралы жиі сұхбат беріп тұрады. Ең алдымен бұл міндетті абыроймен атқару үшін «Өз елінің патриоты болу, Отанды сүю, таңдаған ісіңе адал болу керек» – дейді қауіпсіздік саласының ардагері. Қырғызстан елінде қызмет ете жүріп, әртүрлі симпозиум, конференцияларға қатысқан. Соның бірінде дін мәселелері бойынша эксперт, София университетінің профессоры Дронзина Татьянамен Бішкек қаласында «Діни экстремизмге қарсы тұру жолдары» атты конференцияда кездескен. Профессор жарыссөзге қатысқан Мұқтар Қалиевқа оң бағасын беріп, оның біліктілігін, адамдарды сендіре білу қабілетін ерекше бағалаған екен.

«Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Сондықтан, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек. Негізгі міндет – осы!

Егемен еліміздің тарихында мемлекеттің Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқан отандық арнайы қызмет өкілдерінің, олардың бастарын бәйгеге тіккен адал қызметтерінің алатын орны ерекше. Бойында батырлық та, батылдық та, тапқырлық та, айлалы ақыл да қоса біткен офицер Мұқтар Қалиев қауіпсіздік саласы қызметкерінің үлгісі десек артық емес. Бикен АХМЕТОВА, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button