Жаңалықтар

Бақытын өнерден тапқан бекзат тұлға

Арқалы әнші, ұлағатты ұстаз Мәзбек байдың немересі Ғалым МҰХАМЕДИН – киелі топырақ Жаңаарқа ауданының №4 ауылы, Талдыбұлақта 1952 жылдың 20 мамырында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң ауылда 1 жыл тракторист болып еңбек етіп, ауданға танымал әнші ағасы (Қарақойшы) Сембіге еліктеп ән үйреніп өскен Ғалекең, 1973 жылы республикалық эстрада және цирк өнері студиясына Халық артисі Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВТІҢ класына оқуға түседі. Мұнда өзі тәрізді жас таланттар семейлік Тұрсынғазы РАХИМОВ, Мырзахмет МҮКАМАНОВ, өскемендік Әнуза НУКСУНХАНОВА, Баянауылдан Қадиша МҰҚАЕВА, Алматының Ұйғыр ауданынан Қасен ТӨПЕЕВ, Нарынқолдан Нұргүл ӘБДІМАНАКИМОВА, көкшетаулық Мара ӘМІРХАНОВАЛАРМЕН 8 түлек бірге оқып, 1975 жылы студияны ойдағыдай тәмамдайды. Сол жылы жаңадан ашылған Жезқазған облыстық Мемлекеттік филармониясының директоры әрі көркемдік жетекшісі Серік ЕЛЕУСІЗОВТІҢ шақыруымен 22 жас маман Жезқазғанға бірге келіп, орналасады. Араларында көркем сөз шебері Бақберген ДӘРКЕМБАЕВ та бар. Осы кезеңнен қызығы мен шыжығы мол артистердің гастрольдық өмірлері басталып сала береді. Ғалекең болса, «Жезкиік» ансамбліне әнші болып қабылданады.

1977 жылы Ғалекең филармониядағы әріптесі, көркемсөз шебері Әлия Айтжановаға үйленеді. Бақытты отбасында Зухраб, Эльвира, Жанерке дүниеге келеді. Қазір бәрі «ұл – ұяға, қыз – қияға» дегендей, өз отбастарын құрған жас шаңырақтар. Ата-әжесін немерелері мен шөберелері қуантуда.

Әртіс адамның әпенділігі қоса жүретін әдет бар ғой бәрімізде. 1977 жылы Ғалекең әкесі Мұхамедия мен анасы Айманды ертіп, Ақтоғайға Әлияның үйіне құдалыққа барады. Құда күту қызған шақта ән сұрап, күйеу бала Ғалекеңді құдалар қолқалап, ортаға алдырады. Бабында жүрген тұлпардай жұтынып тұрған күйеу бала домбырасын қағып-қағып жіберіп, Ақан серінің «Балқадишасына» басады. Сөйтсе, енесінің есімі Балқадиша екен. Содан, енесі ренжімей, «Өркенің өссін, айналайын!» деп маңдайынан сүйіпті. «Менің есімім екенін қайдан білсін бұл бала?» деп, енесі өзі қорғап қалған деседі көзкөргендер.

Әртістік өмірде қызықты жағдай көп болады ғой. Соның бірін сахналас інісі, күйші-композитор Ахат Байбосынов былай суреттейді. «1990 жылдары филармония әртістері Есмұхановтар, Мұхамединдер, Байбосыновтар, Береке ағай, Нұрия бишіміз бар бір ай Семей, Қарағанды облыстарын гастрольдық сапармен аралап, шаршап, Жаңа жыл қарсаңында Жезқазғанға бет түзедік. Түн ортасында Жаңаарқаға келіп, қонақ үйге тоқтауға бекіндік. Тек, Ғалекең «Жоқ, біз Асқар ағамның үйіне түсеміз» деп болмай жолай Аскеңнің үйінен түсіп қалады. Жолсоқты болып келе жатқан жүргізуші қонақ үйге бірақ тартады. Келсе, есік алдында жарық жанып тұр, ал есікте қара құлып. Аскеңдер отбасымен Ескенеге үлкен үй соғым сойып, соған кетсе керек. Хабарласатын қазіргідей ұялы телефон жоқ. Күн шыңылтыр аяз. Әлекең жеңгеміз: – Осы сен-ақ бүйректен сирақ шығарасың да жүресің, елмен бірге қонақ үйге бара салу керек еді – деп ашуланып, аудан орталығына бір жарым шақырымдай жердегі қонақ үйге тартып кетеді. Ол кезде гастрольге шыққанда екі адамның ұлттық сахна киімінен басқа, тоқ шәйнек, бақыраш, шағын ыдыс-аяқ салынған сөмке қоса жүреді. Сонымен не керек,

2 чемодан, 2 сөмкемен Ғалекең қала береді. Әлекең сол ашумен қонақ үйге келсе, администратор Ахат әртістерді орналастырып, шай қамымен жүр екен. «Әй, Ахат! Анау ағаң 4 чемоданмен артта қалды, алдынан шығып, қарсы ал» деп жұмсайды. Ахат жанталасып жүгіріп шықса, 2 чемоданды кезек-кезек тасымалдап, Ғалекең де кітапхананың маңай- ына келіп қалыпты. Содан, Мара мен Болат тоңып келген Әлияға шай демдеп, бөлме дайындап, мінезі ауыр Ғалекең ұрыс-керіс шығара ма деп бәйек болады ғой. Әлекең жеңгеміздің ашуы тарқап, енді Ғалекеңе жаны ашып, «Құдай-ай қолында биялайы жоқ еді, тоңып қалды-ау!» деп уайымдайды. Сол кезде алғашқы 2 чемоданды көтеріп ашулы, қолы аяздан домбыққан Ғалекең кіріп келеді де, чемодандарды гүрс еткізіп жерге қойып, жеңгейге «Сүйгенің осы ма, сболыш!» деп, төсекке отыра кетіпті. Аңдып тұрған әртістер қыран-топан күлкіге кенеліп, соңын Ахат банкетке ұластырып жіберіпті. Міне, бұл нағыз дархан мінез, атаның күші, ананың сүтімен бойға дарыған Арқа қазағының болмысы болса керек. Бұл оқиғада кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық керемет тәлім-тәрбие жатыр, түсінгенге. Содан бері аттай тулап, қаншама жыл өтті. Міне, сол ұлағатты, өнегелі отбасына биыл 45 жыл толады. Алла бақыттарын баянды қылғай, қос өнер майталманының!

Ғалекеңмен алғаш танысуым да қызық болған. 1973 жылдың май тоңғысыз қоңыр күзі болатын. Ауылымызға бізге көрші болып, Ескенеден жанұя көшіп келді, соған сәлем беруге елден 2 жігіт келді. Мен есік алдында нағашым сыйлаған қоңыр домбырада «Жастар» күйін үйреніп отырғам. Бір жігіт жымиып, домбырамды сұрап алды да, «Екі жиренге» басты. Дауысы зор, көрші-қолаң жиналып қалды. «Мен, Ғалым деген ағаң боламын» деді. Алматы эстрадалық-студиясына түскен кезі екен. Міне, Ғалекеңмен алғаш таныстығым осылай басталған еді. Ол кезде араға 30 жыл салып, екеуіміз әріптес боламыз деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген…

1985 жылы сәуір айында Алматыдағы жастардың республикалық «Жігер» шығармашылық фестиваліне қатысуға жиналдық. Өңкей сен тұр, мен атайындар. Әйгілі Мәдина Ералиева, Сәуле Жанпейісова, Сматай Үмбетбаев сияқты елге таныла бастаған өнерпаздар әр облыстан келген үміткерлерді қосқанда 48 әнші бас қостық. Бірінші сұрыптау Ұйғыр театрында өтеді дегенге келсем, ығы-жығы халық, қаптаған жанкүйерлер. Сол сәтте театрдың бір бүйірінен: – «Әй, Секіш, амансың ба? Бері кел» – деген таныс дауыс шықты. Сөйтсем, Ғалекең мен Жақсыкелді екен, қатты қуандым. Дәстүрлі ән байқауының төрағасы – әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов. Жеребе тартылып, Ғалекең No18, мен No20, Жақан No22 нөмірді алдық. Сол сәт шашы жалбырап «Ленинская смена» газетінің меншікті тілшісі, жерлес бауырымыз Бақтыбай Жұмаділдин ұйымдастырушылардан сұхбат алуға келді. Бахаң қоймай, үшеуімізді де үйіне алып кетті. Сапура жеңгеміздің қолынан дәм татып, қонып, ақыл-кеңесін тыңдап, репертуарымызды бекітіп, фестиваль біткенше үйінде болдық. Ақыры сол үй құтты болып, Жезқазған облысы атынан барған Ғалым Мұхамедин, Целиноград облысы атынан барған мен, Қарағанды облысы атынан барған Жақсыкелді Кемалов бәріміз лауреат атандық. Осылай бір совхоздың үш жігіті, үш облыстың намысын қорғағанбыз кезінде. Фотомыз Бақтыбайдың арқасында ертеңіне «Ленинская смена»газетінің бірінші бетіне шығып, ол да бір сенсация болды.

Ғалекең одан кейін 1988 жылы республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқауда тағы жүлдегер атанады. Биыл Жезқазғанның Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі болғанына 48 жылға аяқ басыпты. Керемет, тұрақтылық емес пе?!

1993 жылы Сәтбаев қаласындағы Мәдени-ағарту училищесі жабылып, заман сұранымына сай Жезқазған музыкалық училищесі жанынан «Дәстүрлі ән бөлімі» ашылады. Іскер азамат бұрынғы директоры Қуандық Стамбакиевтің шақыруымен Ғалекең ұстаздық қызметке ауысып, Жезқазған пединституты дипломының қызығын көреді.

Әлия жеңгеміз жас әншілерге сахна шеберлігі мен тіл мәдениетінен 5 жылдай сабақ беріп, талай шәкірттің өнердегі жолын ашты. Екінші тынысы ашылған жорғадай, ұстаз Ғалекең Жүсекеңнен үйренген барлық тәлім-тәжірибесін оқушыларын тәрбиелеу ісіне арнады. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, еңбегі жанып, бүгінге дейін жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Шәкірттеріне тоқталсақ, алды Амангелді Күзеубаев – Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясы дәстүрлі ән бөлімінің меңгерушісі, PG доктор атағы бар оқытушы. Қарлығаш Байдалина – Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы, Дәрігүл Алдажанова – Сәтбаев қаласындағы мәдени-сауық орталығының меңгерушісі, Райхан Оразбекова

– Сәтбаев қаласындағы музыка мектебінде мұғалім, Гүлдәурен Жидебаева – филармония әншісі әрі бас администраторы болса, алғашқы шәкірттерінің бірегейі Ардақ Мұқышев ұзақ жыл Ақадыр музыка мектебінде дәріс беріп, бүгінде Жезқазған музыка училищесінде Ғалекең ұстазынан ұстаздық өнердің қыр-сырын үйреніп, эстафетасын қабылдауда. «Ұстаздан шәкірт озды» деген осы да. Бұл мен білетін шәкірттері ғана…

Ғалекеңнің тамаша бір қасиеті гастрольде жүргенде елді мекендердегі кәріқұлақ ақсақалдардан халық арасындағы сирек орындалатын әндерді жинақтап жүреді. Мысалы, «Қосапаның әні», «Бір қара ат, бір торы ат» сияқты халық әндері мен Сәкеннің «Бабаларыма», «Әупілдекке» атты әндері осындай ізденіспен келген.

Соңғы екі әнді мен Ғалекеңнің орындауында «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» атты 2014 жылы шыққан кітапқа енгіздім. «Ақын Тайжан Қалмағамбетовтің музыкалық мұрасын» жинап, нотаға түсіріп, өзі орындап, СD дискісін шығарып, ғылыми айналымға қосты. Бұл – үлкен еңбек. Нұр-Сұлтандағы «Конгресс Холл» концерт залында көркемдік жетекшісі Нұрлан Хамзиннің ұйымдастыруымен Тайжан әндерінің концерті өтуіне мұрындық болды.

Алланың жазуымен маған, филармония артистерімен қоян-қолтық жұмыс істеу бақыты 1992 жылдың наурызында Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған мемлекеттік филармониясына директор болып тағайындалуымнан басталды. Мені филармониядағы осы бірін-бірі сыйлай білу үлгісі қатты сүйсіндірді. Филармонияның көркемдік жетекшісі Сағат Қошановтан, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Береке Көшеновтен, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі Қуандық Стамбакиевтен көп үлгі-өнеге алдым. Атақты Жақсыкелді Сейіловпен үй арасында үй жоқ көрші болдық, қатты сыйластық. Зейнеп құрдас, жеңгеміздің қолынан сан мәрте дәм таттық. Жақаңның зағиптығын білдірмей, бірде Бақберген, бірде Береке, бірде Ғалым, бірде Ахат құрдасым қолтықтап алып, ертіп жүруші еді. Сонда ешқайсы міндетсінуді білмейтін. Бір шаңырақтың баласындай бірлігі бар өнегелі өнердің ордасы болып қалыптасқан филармония ұжымы қаншама жас маманға, артистке тәлім берді. Соның бірі өзім болғанымды ерекше мақтан етемін!

Бүгінде есімдері елге әйгілі, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Бағдат Самединова мен Сембек Жұмағалиев, композитор Аман Сандыбаев та осы филармонияның түлектері екенін біреу білсе, біреу білмес. Міне, осылай, аты аңызға айналған «Қаракөз» ансамблінің жетекшісі, әнші-композитор Жақсыкелді Сейілов, әнші-композитор ағайынды

Болат пен Ахмедия Есмұхановтар, әнші-композитор Есқожа Сартов, әнші-композитор Береке Көшенов, күйші-композитор Ахат Байбосынов, әншілер Ғалым Мұхамедин, Мара Есмұханова, Роза Байбосынова, Қайрат, Зәуреш Омаровтар, биші Нұрия Нығматуллиналармен 10 жыл әріптес әрі сахналас сыйластықта болдым. Ғалекеңнің шығармашылығына келсек, оның ән қоры өте бай, мен білетін 500-ден астам әні бар. Репертуарында халық әндерімен қоса, халық композиторлары Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Естай, Мәди, әсіресе, Тайжанның әндері басым. Ұзақ жылғы өнердегі елеулі еңбегін ескеріп, 1995 жылы Ғалым Мұхамединге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» құрметті атағы берілді. Сонымен қатар, Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, дүлдүл әнші, ұлағатты ұстаз Ғалым Мұхамединнің табиғи болмысы осындай бекзат азамат.

Р.S. Ғалекең, маған хабарласқанда «Ұстазымыз Жүсекең бізге 2 жыл дәріс беріп, түлеткенде тура 70 жаста болатын. Бүгін қарасам, мен де сол жасқа жетіп қалыппын» деп едің. Мерейлі жасың құтты болсын! Басыңнан бағың таймай, Әлекең екеуің абырой биігінен көріне бергейсіңдер!

Серік ОСПАН, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мәдениет саласының үздігі.

Басқа материалдар

Back to top button