Батырдың анасымен кездесу немесе сарғайған сурет сыры

Бұрнағы күні редакциямызға ұлағатты ұстаз, «Орталықтың» тұрақты оқырманы және авторы Қайыржан Бекішев келді. Құрқол емес. Нұркен батырдың анасы Бағжан шешейдің Нұра ауданында түскен көне суретін ала келіпті. Әсерлі естеліктерінің өзі бір төбе. Сонымен…

1966 жылдың желтоқсан айы. Әскери борышын өтеп, елге оралған Қайыржан Бекішев Нұра ауданы «Балықтыкөл» совхозына мектеп директоры болып тағайындалады. Соғыстан қалжыраған елдің еңсесі көтеріліп, қырда еңбек майданы қайнап жатқан кез. Әйтсе де, ауыл мектебінің жағдайы мәз емес еді. Интернат суық әрі тамақ дұрыс берілмейді. Оқушылардың сабаққа деген ынтасы төмендеп кеткен. Қырдағы ата-анасының жанына қашып кететін балалар да көп. Мектептің күйі келіспегендіктен шопандар да жиі шу көтеріп, «жұмысты тастап, басқа совхозға көшеміз» деп қиғылық салады. Қайтпек керек?

  • Мектеп-интернатты игеріп, ұжымның, ата-аналар мен оқушылардың көңілін табу қиын. Солай екен деп, қашып кетуге тағы болмайды. Әрі 25 жастағы жалындап тұрған шағым. Күндіз-түні бел жазбай жүріп, интернаттың жағдайын жақсарттық. Білім беру ісі де жүйелі жолға қойылды. Балаларға тек, білім берумен ғана шектеліп қалуға болмайды. Олардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін оятып, тарихын тануына жол ашуымыз керек. Ал, оны қалай жүзеге асырамыз? Елеулі тұлғалармен кездесу ұйымдастырғым келді. Сол кезде Клара есімді пионер ұйымының жетекшісі Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжан шешеймен кездесу ұйымдастыруды ұсынды, – деп бастады әңгімесін Қайыржан аға.

Ол кезде ауылда ғана емес күллі аудан бойынша танымал тұлғалармен бірде-бір кездесу өткізілмеген екен. Сондықтан да, аудан басшылығы мектеп ұжымының бастамасын қуана құптап, қолдау көрсетеді.

Қайыржан Бекішев Қарағанды қаласында тұратын Бағжан шешеймен кездесіп, Нұра ауданына қонаққа шақырады. Батырдың анасы шақыртуды құп алып, баруға келісім берген. Әйтсе де, жалғыз бармайтынын, Нұркеннің алғашқы ұстазы, батыр туралы «Пике в бессмертие» кітабын жазған Григорий Якимовты да ерте баратынын жеткізеді. Шалғайдағы ауыл халқының шақыртуын ол кісі де құп алады.

1968 жылы «Балықтыкөл» совхозының халқы батырдың анасы мен ұстазын зор құрметпен күтіп алады. Ауылда үш күн қонақ болған Бағжан шешей мектеп оқушыларымен, совхоз жұмысшыларымен кездесіп, Нұркеннің бала күнгі қылықтарын еске алады. Ал, Григорий Якимов болса, батырдың жауынгерлік шағына қатысты деректермен бөліскен.

  • «Алып анадан туады» деп бекер айтпаған ғой. Бағжан шешейдің болмысына ерекше тәнті болдық. Жүзінен даналық пен мейірімнің лебі еседі. Тар құрсағын кеңейткен жалғызы Отан қорғау жолында шейіт болды. Әйтсе де, ол кісінің балалары көп еді. Жарқын болашақ, бейбіт өмір сыйлаған балалардың бәрін өз перзентіндей көрді. Аналық мейірімін төкті. «Қазақтың аналары қандай?» десе осы кісіні айтар едім. Қандай қиындық көрсе де жасымайтын өжеттік көптің бойынан табыла бермейді ғой, – деп еске алады Қайыржан аға.

Бағжан шешейдің қайсар мінезі ұлының да бойынан табылған. Бала Нұркен Қарағандыға көшіп келгенде ұшқыш болуды армандайды. Сол арманы жетелеп, Қарағанды аэроклубына алып келген. Әуелде анасы оның бұл талабын құп көрмейді. Жалғызы үшін алаңдаған ана оны ойынан бас тартуға шақырған. Нұркеннің «Ұшқыш болам» деген арманын балалыққа баласа керек. Алайда, баласының көзіндегі жалынды көрген соң райынан қайтып, ақ батасын береді. Бала Нұркен сол алғырлығы мен өжеттігін майдан даласында да көрсетті. Жау әскерінің төбесіне қырандай шүйлігіп, 6 танкі, 2 зеңбірек және ондаған солдат пен офицердің көзін жойды. Нұркеннің майдандос досы Алексей Писанко өз естелігінде батырдың соңғы сөзі: «Қош бол, Леша! Қарағандыға хат жаз!.. Ал жауыздар, сақтаныңдар!» болғанын жазған.

1969 жылы Қайыржан Бекішев Қарағанды мемлекеттік университетіне оқытушылық қызметке ауысады. Қалаға келген соң да батырдың анасымен байланысын үзбей, ұдайы хабарласып, амандығын біліп тұрған. Бағжан ана Отан қорғау жолында жанын құрбан қылған жалғызын ұмытпай, ерлігін ұлықтай білген еліне алғыс айтудан танбаған екен.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ