Жаңалықтар

Экспортта – KLMZ өнімі

Жақында «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытында облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар КҮЛПЕЙІСОВТІҢ қатысуымен «Атамекен» ҰКП аймақтық кеңесі жанындағы Машина жасау комитетінің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өтті.

Бұған дейін Машина жасау комитеті құрамында 24 мүше болса, қазан айында 48 адамға дейін ұлғайды. Комитет құрамына облыстың жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірінші басшылары, өңірдің тау-кен өндірумен айналысатын мекеме өкілдері, Қарағанды қаласының техникалық жоғары оқу орындарының профессорлары, сондай-ақ жабдықтар мен жинақтауыштарды жеткізуші халықаралық компаниялардың бөлімшелері мен өкілдіктерінің басшылары кірді. Төраға болып KLMZ басшысы Жәнібек Байғабелов тағайындалды.

– Комитет – біз үшін тамаша диалог алаңы. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына Инвест» қорына біздің өңірдің инвестициялық әлеуеті мол. Машина жасау – республиканың ұлттық қауіпсіздігінің кепілі. Бұл, әсіресе дағдарыс кезінде, шетелдермен тауар тасу тоқтап, шекаралар жабылған уақытта байқалды. Әлемдегі дағдарысқа қарамастан, біздің облыстың машина жасаушылары өз өнімінің көлемін ұлғайтты. Бұл импорттық өнімді алмастыру, өндірістің жаңа номенклатурасын игеру арқасында мүмкін болды, – деді KLMZ Басқарма төрағасы және «Атамекен» ҰКП машина жасау комитетінің төрағасы Жәнібек Байғабелов.

«Maker» ЖШС-KLMZ Қазақстандағы СББ станоктардың ең ауқымды паркі бар, озық технологияларды, құралдарды және виртуалды ортада өңдеуді толық модельдеумен компьютерленген конструкторлық-технологиялық өнімдерді пайдаланып, механикалық өңдеудің кең ауқымын қамтитын әмбебап үлгідегі импорт алмастыратын ірі машина жасау кәсіпорны.

Зауыт өңдеудің барлық кезеңдерінде Renishaw датчиктерін пайдаланып, станокта бөлшектерді өлшей және импорттық кескіш құралды қолдана отырып, жоғары жылдамдықты, жоғары дәлдікті өңдеуді қолданады. SIEMENS NX, Teamcenter бағдарламалық өнімдері базасында өндірісті конструкторлық және технологиялық дайындаудың бірыңғай жүйесін, құрал ұзындығын анықтау үшін zollerd өлшеу машинасын пайдаланады. Кәсіпорында металдың барлық түрі өңделеді.

Мұнда түрлі металл жабдықтары мен қосалқы бөлшектер шығарады. Сонымен қатар, металл кесетін станок, дәнекерлеу роботы, дайындау, пресс, газбен кесу және ию арқылы жабдықтарды күрделі жөндеуден өткізеді.

– Көпшілікке «ҚДБ-Лизинг» бағдарламасымен сатып алынған бірегей станоктар қызықты болды. Бұл жаңартылған CББ паркі. Өңірдің басқа да машина жасаушыларымен бірге тиімділікті арттырып, сапалы өнім шығара аламыз деп ойлаймын, – деп атап өтті Жәнібек Байғабелов.

Облыс басшылығының қолдауымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚмен үш жақты келісім нәтижесін беріп, импорттық өнімді теміртаулық металликпен алмастырған KLMZ зауыты ішкі нарықты игеріп қана қоймай, өз өнімдерін экспортқа шығара бастады.

Айта кету керек, әлемде машина жасау саласы 25%-ға қысқарған кезде, Қазақстанда өткен жылы өндіріс көлемі ақшалай мәнде 35%-ға өскен. Ал, KLMZ зауытының өндіріс көлемі 40%-ға дейін артты. Зауыт 2019 жылы 6.3 млрд. теңгеден астам сомаға өнім өндірді. Бүгінгі таңда зауытта 778 өз ісінің маманы еңбек етуде. Жедел түрде жаңа құжаттаманы игеріп, жобаларды жасай алатын 50 жоғары білікті дизайнер мен технологтардың болуы бәсекелестіктегі артықшылықтың бірі.

Жәнібек Байғабелов әлемді әбігерге салған пандемия жағдайында шығындарды ұлғайтпай, жаңа нарықтар мен технологияларды қалай игеру керектігін айтып өтті. «Өңірдегі машина жасаушылардың жақсы бәсекелестік артықшылығы бар. Бұл әлі күнге дейін импорттық өнімдерді тұтынатын елеулі тұтынушылардың болуы. KLMZ зауытының негізгі тапсырыс берушісі – «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазмырыш» компаниясымен келісім бар. Компания ай сайын миллиард теңгеге 12 мың өнім түрін шығарады» деді ол.

Жиынға қатысушылар әлемдік машина жасау нарығының жай-күйін, елімізде машина жасауды дамыту бағытындағы KLMZ ұсыныстарын талқылады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button