Сақтансаң, сау жүресің

«Омикрон» штамын жұқтыру үшін бетперде тақпаған науқаспен 15 минут сөйлесу жетіп жатыр екен. Жапонияның физика-химия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары зерттеу жүргізіп, осындай шешімге келіпті.Ғалымдар «Фугаку» суперкомпьютерінің көмегімен модельдеп науқас адаммен 15 минут араласқаннан кейін ауру жұқтыратыны сөзсіз деген қорытынды жасапты. Сонымен бірге, егер вирус тасымалдаушы адам бетперде тақса және арақашықтық бір метр шамасында болса, жұқтыру мүмкіндігі 0-ге жуықтайды. Бетперде тақпай, арақашықтықты сақтаған жағдайда жұқтыру ықтималдығы 60%-ға төмендейді. Зерттеушілер бетперде тағу мен арақашықтықты сақтау «омикроннан» сақтанудың нәтижелі жолы екенін тағы бір дәлелдеді. Профилактикалық шараларды күнделікті дағдыға айналдырмаса болмайды. Себебі, аталған штамм адамның иммундық қорғанысынан айналып өте алатын «қасиетке» ие. Сондықтан ол коронавируспен ауырғанға да, вакцина алғандар мен алмағандарға да жұға береді. Аса жұқпалылығынан ол қазір әлемнің көпшілік елдерінде анықталды. Және сол жақта ауырғандардың дені індеттің осы түрін жұқтырды.

Әлемде қаңтар айында ғана COVID19-дың 90 миллион жағдайы анықталды. Қазақстанда да осы кезде пандемия басталғалы тіркелген антирекорд орын алды. Біздің бір тәуліктегі антирекордымыз 16 мың жағдай болса, Жапонияда – 100 949, Бразили 298 408, Германияда – 248 838, Украинада – 43 778, Оңтүстік Кореяда – 27 443 жағдай тіркеліпті. Ал, АҚШ-та пандемия басталғаннан бері коронавирус салдарынан қайтыс болған 900 мыңнан астам адамның үштен бірі 2020 жылдың қарашасы мен 2021 жылдың ақпаны аралығында тіркелген.

Коронавирустың «омикрон» штамының басым болатынын ол тарала бастаған бетте айтылған болатын. Сонымен қатар, оның жеңіл формада өтетіні де сөз болды. Дегенмен, ол штамды жұқтырғандардың қанында айтарлықтай өзгерістер болатыны анықталды. Ресейлік гематолог Светлана Бычкова «омикронмен» ауырғандардың қанында лейкоциттер санының көтерілуі не төмендеуі лимфоцитоз, моноцитоз байқалатынын айтты. Ол қанның ұйып қалуын аурудың бір көрінісіне балайды.

«Гиперкоагуляция тромбтардың пайда болуымен қатар жүреді. Мұндай өзгеріс вирусты инфекцияларға тән», – деп атап өтті дәрігер.

Коронавирус жеңіл өтеді дегенімізбен, оның салдары әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан, сақтық шараларын естен шығармаған жөн. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африканың бірқатар елдерінде «омикронның» бір тармағы «стелс-омикронның» анықталғандығы туралы хабарлауда. BA.2 аталған жаңа нұсқаның қаншалықты қауіпті екендігі туралы әзірге ешбір зерттеу мәліметтері жоқ.

Жансая ОМАРБЕК.