«Қазпоштаға» Ақтоғай да өкпелі
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің сенбі күнгі санында (12.02.2022 ж., №17 (23047) Амандық РАХҰЛЫ ағамыз «Қалжыраған «Қазпошта» атты мақаласымен көптің көкейінде жүрген өзекті тақырыпты қозғапты. Ақтоғайлық оқырмандардың да «Қазпошта» АҚ-на өкпесі қара қазандай…
Кеңес өкіметі құлап, тәуелсіздік алғанымызға да, міне, бақандай отыз жыл болыпты. Сол отыз жыл бойы пошта байланысы қызметі жұрттың жүйкесін жұқартып келеді. Алайда, «Қазпошта» АҚ-ы мызғымас қара жартас па дерсің. Жоғары жаққа жолдаған елдің арыз-шағымы жаңғырық болып кері қайтуда.
«Қақсай, қақсай қасқырдан да ұят болды» демекші, «Қазпоштаның» пошта қызметіне шағым айта ел де жалықты. Сірескен сең бұзылар емес. «Баяғы жартас сол жартас», газет-журнал оқитын, көзіқарақты оқырманның зарына құлақ асатын пенде жоқ.
Облыстық басылымның Ақтоғай, Шет аудандарындағы тілшісі болған соң шарасы қалмаған ағайын көбіне-көп өкпе-ренішін бізге айтып жатады. Ақтоғай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан, еңбек ардагері Жанғабыл Қызылбаев ақсақалдың пошта қызметіне көңілі толмайды.
– Жасым сексенге аяқ артты. Мені «газетке жазыл» деп ешкім міндеттеп, мәжбүрлемейді. Өзім үшін оқимын. Жыл сайын жергілікті пошта бөлімшесіне өз аяғыммен барып, міндетті түрде «Ortalyq Qazaqstan», «Ақтоғай ажары» газеттеріне жазыламын. Ел, аймақ, аудан аумағында болып жатқан оң өзгерістер мен жаңалықтарды қалауат жібермей оқып, біліп отырамын. Ертеден келе жатқан дағды ғой. Дегенмен, жазылғанымыз қане, газет үнемі кешігіп келеді, – деп кейістігін алға тартты.
Ал, Ақтоғай энергетика саласының ардагері Әуелбек Қапасов ағамыздың пошта қызметіне айтылған сынға орай тиісті шара қолданыларына сенімі аз.
– Бір күн газет келмей қалса, тыпыршып үйге сыймаймын. Телефон шалып, пошта таратушыға, тіпті, шыдамай поштаға барып, «газетті кешіктірмей, неге мезгілінде таратпайсыңдар?», – деп айтудай-ақ айтасың. Бірақ, арызыңа құлақ асатын олар жоқ, – дейді ақсақал.
Аудандық пошта байланысы бөлімшесінің басшылығы газет тарату ісінде кемшіліктер барын мойындап отыр.
– Оқырманның реніші орынды. Қарағанды-Ақтоғай бағытында жүретін автобус тоқтап тұр. Бұрын газет автобус арқылы жеткізіліп тұрды. Қазір бұл міндетті облыстық пошта байланысы бөлімшесі өз мойнына алған. Ара-арасында газеттің кешігіп келетінін жоққа шығармаймыз. Ақтоғай ауылы бойынша газетті екі пошташы таратады. Солардың бірі шаруасы шығып қалып, бір аптаға сұранып кетті, – деді пошта бөлімшесінің басшысы Н.Сейілханов.
Сөз соңын «бір пошташы бір аптаға сұранғаннан жұмыс ақсадыға» сайған пошта басшысының уәжіне оқырман сене қоймасы айқын. Өйткені, газеттің ертеден апта аралатып, қолға әрең тиетінін ел де, біз де жақсы білеміз.
Бізге мәлім болғандай, газет-журнал мекеме-ұжымдардың қолына поштаға келген күннің ертеңіне тиеді екен. Демек, газет-журнал аудандық пошта бөлімшесіне дер кезінде жеткізіліп тұр. Олай болса, неге сол уақытында келген газет оқырманға кешігіп барады?! Жауап – жалқы. Ақтоғай ауылы бойынша екі пошта таратушы ғана бар. Айналдырған екі пошташы 30-40 мекеме мен ат шаптырым ауылды аралап, газет таратып шыққанша, әрине, апта өтеді. Пошташыларды да түсінуге болады. Небәрі 56 мың жалақы үшін алаөкпе болып жүгіруге кімнің болсын зауқы соқпасы белгілі. Жалақысы мардымсыз жұмысқа жұлқынып тұрған және ешкім жоқ.
Басылым алдында «Қазпошта» АҚ-ның газетті тасымалдау мен тарату жөнінде мойнына алған міндеті бар. Алайда, азуын айға білеген «Қазпошта» секілді алпауытқа ешкімнің тісі батып, сөзі өтер емес.
Тұтас бір аудан халқының наразылығын тудырып отырған бұл проблеманың түйткілді түйінін кім тарқатады?! Ақтоғайлықтарды қазір мазалап тұрған сұрақ – осы. Ал, бұл сұрақтың жауабын «Қазпоштаны» тексеруге қауқарлы құзырлы орындардан күтеміз.
Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.
АҚТОҒАЙ ауданы.