Бас тақырыпМәселе

Педагогі жоқ ауылдың – болашағы жоқ

Өңірлерде педагог мамандардың жетіспеушілігін, ең алдымен, баланың болашағына балта шабу деп ұғу керек. Себебі, алғашқы іргетасы қаланбаған білімнің ендігі кірпіштерін қалай қоямын десең де, бәрі бекершілік. Мұның бәрі мұғалімге байланысты.

Оқу бітірген соң, қаладан жұмыс таба алмай сабылып жүрген жастардың ауылға бара қоюы екіталай. Ауылда жұмыс бар делік, бірақ ол жақта үйі жоқ мұғалімнің күйі қайдан бола қойсын?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды. «Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім – мектептің жүрегі. Сондықтан, мен мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартудың арнайы қолдау пакеттері бар бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», – деді Президент. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы айтқандай: «білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес».

Облыстың барлық білім беру ұйымдарында 30 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. 2009 жылдан бері «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл мектептеріне 3 505 жас маман жұмысқа келген. Солай десек те, әлі де маман жетіспеушілігі байқалады. Ауылдық жерлерде бір пәннің орнына басқа пәннің мұғалімі сабақ беріп жүрген жағдайлар да кездеседі. Бұл дегеніңіз – баланың болашағына үлкен қиянат жасау деген сөз. Соның бәрі маман тапшылығынан келіп туындайды.

Облыс бойынша білім беру ұйымдарына кадрлардың жетіспеушілік мәселесі бар. Қазіргі уақытта 100-ден аса маман керек. Әсіресе, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі, физика, математика, химия пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік бар. Ал ауылдық елді мекендерге мамандар барады, әрине. 2021-2022 оқу жылына 1000-нан аса педагогтер жұмысқа қабылданды, олардың 500-ге жуығы жас маман, ауылдық мектептерге 200-ден аса маман барды, дейді Қарағанды облысы білім басқармасының педагогикалық қызметті дамыту бөлімінің бас маманы Жанат Амангелді.

Педагогы жоқ ауылдың – болашағы да жоқ. Сол себепті қаншама ауыл мектептері жабылып қалды… Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша 10 шағын жинақты ауыл мектебі жабылып, 7 мектеп қайта құрылған. Бұл әрине оқушылар санының азаюына байланысты. Дегенмен, бұған педагог тапшылығының да әсері бар шығар. Шағын ауылдарға маманның келе бермейтіні айдан анық қой.

Бұлай жалғаса берсе, ауылда адам қалмайды. Жағдайы жоқ ауылға мамандар тағы бармайды.

Содан соң қаладан ауылдың еш айырмашылығы болмау керек деген пікірдің дұрыстығына көз жетеді.

Жас мамандар ауыл таңдайды. Оның себебі де жоқ емес. Барған жерінде үйі жоқ мұғалімнің күйі де болмайды. Барудан қашатыны сондықтан.

Бұрын педагогикалық жоғары оқу орындары мамандарды өздері бөліп, ауыл-аймаққа жіберетін болған. Мына бір үзіндіге зер салып көрейікші.

«Менің тағдырым Оқу министрлігінің қолында еді. Оларсыз барар тау, басар жерім жоқ және де өмірдің осынау кең жолына қадам аттап шығар кезде артыма бірқыдыру бықсыған шала байланарын сезгендіктен, ақыры, әлгі аталған мекемеге сүмірейіп, қайта келдім… Министрліктің кадрлар бөлімі бастығының алдынан қайта шығуға мәжбүр болдым.

Кел, кел, бунтарь жігіт. Қалай, ақылың кірейін деді ме? Алыс облыстардың біріне қызметке баратын болдың ба? Жоқ, әлде…

Жуасып келіп тұрғанымды түрімнен байқаған ол сөзінің соңын айтпады.

Бармасқа лажым жоқ.

Өкімет сендерге қыруар қаржы жұмсап отырады. Білім береді. Ал сендер мемлекет алдындағы борыштарыңды ұмытасыңдар… – деп, сары шал жаттанды сөздерімен тағы біраз қажай түсті.

Бағамды онша түсіргім келмей, кергіген болдым да, келістім, ақыры. Ендігі дәм маған кең байтақ Қазақстанның оңтүстік батысынан, өзім бұрын болмаған, көрмеген Н.облысынан бұйыратын болды. Бұрын тек сырт естумен білетін бейтаныс өлке. Бейтаныс адамдар.

Министрлік әйеліме де осы арадан жолдама беріп, жіберетін болды.

Шет облыстарға сендер бармағанда, кім барады? Білім мен мәдениеттің ұрығын ауылдық жерде сендер сеппегенде, кім себеді? Алыс облыстарда осы күнге дейін әлі де бір жоғары дәрежелі білімді мұғалімі жоқ орта мектептер бар. Қалай ойлайсың, осы жарай ма?

Сары шалдың бұл айтып жатқандары, әрине, қисынсыз емес еді…» (Б.Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді»).

Бұл 70-жылдардың көрінісі. Бірақ, бұл күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпаған мәселе. Рас, алыс ауылдарға білімді де білікті мамандардың бара қоюы екіталай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған бастамасы да осыны меңзейді. Білікті кадрларды өңірлерге тарту бойынша барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасына сәйкес мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленетінін және білім беру саласындағы үлкен алшақтық байқалатын өңірлерге талдау жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, педагогтерді қолдауға арналған шаралар кешенін ұсынды.

Осындай педагогтерге арнайы әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Соның ішінде жалақыны арттыру бойынша тиісті коэффицент белгілеу, тұратын үйінің төлемін өтеу немесе коммуналдық қызметтер төлемін өтеу сияқты ынталандыру шаралары қарастырылады, дейді министр.

Педагог мәртебесі туралы заң шыққалы бері бүгінгі жастардың мұғалімдік қызметке деген көзқарасы өзгергенін айтуға болады. Бұрын жастардың көпшілігі мұғалім болудан қашатын. Ал, қазір керісінше. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығында оқитын студенттің бірі Ақбота Шодырова былай деді:

Болашақта ауылға баратындардың бірімін. Сондықтан, ол жайлы көбірек ақпарат жинаған едім. Қазір мемлекеттен берілетін қолдау бар. Мүмкіндік болса батыс немесе оңтүстік ауылдарын көргім келеді. Қала мен ауыл баласының білімінде біраз айырмашылық байқалады. Қала мектептерінде оқушыларға сабақ беру тәсілі мүлдем өзгеше. Сол әдіс-тәсілдерді меңгерген педагог оны түкпір-түкпірдегі ауылдарға таратса, балалар бір деңгейде білім алады деп ойлаймын, – дейді.

Ал, біздің айтарымыз, болашақ – сапалы маман мен сауатты ұрпақтың қолында.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button