Мамандық таңдау – болашағыңды айқындау
Бүгінгі бала – ертеңгі мамандық иесі. Өзінің бағытын дұрыс тапқан адам өмірде көп жетістікке жетеді. Дәл осыны көздеген №104 мектеп-гимназиясы «Мамандықтар әлемі» атты жәрмеңке ұйымдастырды. Басты мақсат – еңбек нарығындағы қажеттіліктерді ескере отырып, мамандық таңдау үдерісінде оқушылардың қызығушылығын ояту. Жәрмеңкеге арнаулы білім беру ұйымдарының мамандары келіп, болашақ түлектер мен ата-аналарға оқу орны туралы таныстырды. Тіпті, кейбір колледждің оқытушылары шаш сәндеу, тамақ дайындау, киім тігудің шеберлік-сыныптарын көрсетті. Ал, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі болашақ мамандарға арнап концерт қойды.
– Қалалық білім бөлімінің ұсынысымен №104 мектеп-гимназиясында «Мамандықтар әлемі» атты жәрмеңке өтуде. Мұнда мектептің 8-9-сынып оқушылары мен ата-аналары және таяу маңда орналасқан мектептердің оқушылары да қатысуда. Жалпы, қала бойынша 31 колледж бар. Соның 27-сі жәрмеңкеге келді. Оның ішінде, кәсіптік және техникалық, медицина, әлеуметтік, гуманитарлық, өнер саласы бойынша оқытатын колледждер қамтылды. Сонымен қоса, облысқа қарайтын Саран колледжі де өз еріктерімен келіп, оқушылар мен ата-аналарға кәсіптік бағыт-бағдар беруде. Осында келген колледждердің арасында аспаз, кондитерлерді дайындайтын, тігін тігуді, шаш сәндеуді, макияж жасауды үйрететін оқу орындары бар. Аталған білім беру ұйымдарының мамандары өз жұмыстарын тек теория жүзінде ғана емес, қатысушыларға шеберлік-сынып ретінде көрсетеді, – деді №104 мектеп-гимназиясы директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Айнаш Қойшығарина.
– Біз Қарағанды көлік-технологиялық колледжінен келдік. Негізгі мақсатымыз – мектеп оқушыларына біздегі жұмысшы мамандықтар туралы бағыт-бағдар, ақпарат беру. Осындай кәсіптік бағдар беретін жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру оқушылардың болашақта өз бағытын тауып, белгілі бір маман иесі болуына септігін тигізеді деп ойлаймын, – дейді колледж оқытушысы Нұрдәулет Көпбаев.
Сонымен қоса, баласының болашағына алаңдайтын ата-аналардың да қарасы көп. Жәрмеңкеге келген ата-ана Әлия Омарбекова былайша өз ойымен бөлісті:
– Менің балам осы мектепте 8-сынып оқиды. Баламыздың болашағы үшін мұндай жәрмеңкелердің маңызы зор. Мамандықты дұрыс таңдау – баланың болашағын айқындаумен бірдей. Қай бағытқа қызығатынын білу үшін осы жәрмеңкеге ұлым екеуміз қатысып отырмыз. Әр колледждің мамандары да бізге қажетті ақпараттарды беруде, – деді ол.
Жәрмеңкеге келгенде байқағанымыз, Қарағанды қаласындағы барлық арнаулы оқу орындары келушілерге ақпарат беріп, түсіндіріп, кітапшалар үлестірді. Онда оқытатын мамандықтар қазіргі таңда сұранысқа ие. Бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кәсіптік-техникалық мамандықтарға көңіл бөлу қажет екенін айтқан соң, мұндай білім ұйымдарында оқуға барлық жағдай жасалған, оқу тегін, жатақхана кезексіз беріледі, тіпті бірқатар колледждер студенттерді ыстық тамақпен қамтамасыз етеді екен.
Оқу орнын таныстыру мақсатында кейбір оқу орындары студенттер жасаған бұйымдарды әкеліп, көрсетіп, көпшілікке таныстырды. Мысалы, Қарағанды техника-құрылыс колледжі қолдан жасалған өнер туындыларын, шыныдан жасалған доп және ағаш бұйымдары, сонымен қоса, Ақорданың макетін жәрмеңкеге қойған.
Бұдан бөлек, Қарағанды сервис және тамақтандыру колледжі де келді. Мұнда оқытушылар мен студенттер өз қолымен пісірген тәтті тоқаштарын әкеліпті. 1939 жылдан бері жұмысын жалғастырып келе жатқан оқу орнында студенттер білім алуда. Мұнда негізгі үш білім беру – аспаз, кондитер, даяшы мамандықтары бойынша оқытады екен.
– Мен колледжге 9-сынып бітірген соң келдім. Мұнда оқыту 3 жыл 10 ай. Бастапқыда мектеп бағдарламасы бойынша оқимыз. Содан соң, біртіндеп мамандыққа сай пәндер оқытыла бастайды. Жазда бізді тәжірибеге жібереді. Тәжірибеден өту үшін мейрамханаларды, кофеханалар мен кондитерлік дүкендерді өзіміз таңдаймыз, – дейді колледж студенті Зейнеп Жамшыбаева.
Жоғарыда атап өткеніміздей, арнайы кабинеттерде шеберлік сынып ретінде колледжегі мамандар оқушыларға әрі шашты қалай сәндеп, қалай макияж жасау керегін тәжірибе жүзінде көрсетіп, әрі колледждегі оқыту жөнінде таныстырды.
Басқа да, оқу орындарынан келген оқытушылар студенттердің өз қолымен жасаған бұйымдарымен қоса, арнайы тігілген заманауи ұлттық киімдерді көрсетті.
Расында да, мұның бәрі – оқушылардың болашақ мамандығына қазірден-ақ таңдау жасауына сеп боларлық іс болып отыр. Ал, әр мектептің алдында оқушыларға кәсіби бағдар беру және болашақ мамандығын анықтауға ықпал ету міндеттері тұр.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.