«Ұлытауша» үй бөлу
Аудан орталығында бірнеше коттеджде құжатсыз адам тұратынын естіп, ат арылтып бардық. Аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Оспанов: «Талай тексерілген, бәрі заңды» деп шығарып салды. Сосын аудан әкімінің орынбасары, тұрғын үй комиссиясының төрағасы Б.Байжантаевтан тиісті құжаттың көшірмесін сұрадық. Ол телефонмен нұсқау бергенімен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі «жазбаша сұрау керек» деді. «Жазған құлда жазық жоқ», тиісті сұрау салдық. Бір ай бір күн өткенде жауап қолға тиді. Енді, соған сүйеніп, сөзді сабақтайық.
Алдымен, аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Оспановтың жауабына көз жүгіртейік. Бір беттен асатын жауаптың ұзын-ырғасы мынандай: Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы көшеде «Тілек 2030» ЖШС жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2016-2019 жылдары екі пәтерлі 10 тұрғын үй салған, биыл 22 қарашада пайдалануға берілген. Аудан әкімдігінің 2020 жылғы 12 ақпандағы №4/4 қаулысына сәйкес кезекте тұрғандарға бөлініп берілген. Құрылыс кезінде ақау жіберген жауапсыз мердігерді сотқа беріп, «сорын қайнатып» жатқан көрінеді. Сосын жауаптың соңында: «Егер осы жауапқа қанағаттанбаған жағдайда… жоғары тұрған мемлекеттік органға шағымдануға құқылы екеніңіз түсіндіріледі» деп, бірнеше заңның бабына сілтеп, «көзімізді ашады».
Өз басым бұрын-соңды мұндай «жаңылтпашты» көрмеппін. Биыл 30 қазанда (№718/984) жазылған жауаптағы мына сөздер: «Аталған тұрғын үйлер Ұлытау ауданының жергілікті бюджет қаражаттары есебінен мердігер кәсіпорын «Тілек 2030» ЖШС тарапынан 2016-2019 жылдар аралығында жүргізіліп, 22.11.2020 жылы пайдалануға қабылданған», «Осыған орай, Ұлытау ауданы әкімдігінің «Тұрғын үйлерді коммуналдық меншікке алып, иелікке бекітіп беру туралы» 2020 жылғы 12 ақпандағы №4/4 қаулысы қабылданып, Ұлытау селосы бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың арасында кезектілігіне қарай бөлініп берілді» дегені қандай қисынға келеді? Үйдің қабылданған уақыты мен ақпанда қабылданған қаулыға қараңыз!
Шынтуайтында, бұл он коттедж бұдан екі жылға жуық уақыт бұрын бөлініп кеткен. Әрине, аудан әкіміне хат жолдағасын, біз де қарап отырмадық. Өз тарапымыздан тірлік жасадық. Сол тапқан-таянған дерекпен бөлісейік. Ұлытау ауданы тұрғын үй комиссиясы кезекті отырысының 2018 жылғы 11 желтоқсандағы №11 хаттамасында үй берілген тізімнің басында аудан әкімінің орынбасары М.Оспановтың әкесі Сәрсембай ақсақал тұр. «Апатты жағдайдағы» баспанасын аудан әкімдігінде қызмет істейтін қызы Қымбатқа қалдырып, жаңа коттеджге кіріп алған.
Мына жағдай да назардан тыс қалмады: 2017 жылы Жолдасбек Рашит «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы келіп, Асатов көшесінің бойынан пәтер алады. Ал, он коттедж бөліске түскенде оның мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкері санатына жататын зайыбы Толқынға баспана беріледі. Бірақ, онда бүгінде апасы Эльмира тұрып жатыр. Жалпы, хаттамаға қарасақ, 16 адам қоныс тойын жасаған. Сонда, төрт пәтер қайда? Бізге белгілісі, оның екеуінде редакцияға жолданған жауапты дайындаған аудан әкімінің орынбасары, үй бөлетін комиссияның төрағасы Б.Байжантаев пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімнің басшысы Берік Әбілов тұрып жатыр.
«Ұлытауша» үй бөлудің мұндай тәсілін өкілетті органдар тамырлатпаса, алақандай ақпарат алу үшін бір ай уақыт жоғалтқан бізге қиын соғатын түрі бар.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суретті түсірген автор.
ҰЛЫТАУ ауданы.