Маяковский
Атақты Маяковский киноға да түскен. 1918 жылы достарына жазған хатында: «Өлең жазбаймын. Бар ермегім – кинода ойнаймын. Сценариін өзім жазам, басты рольде ойнаймын. Киношылар мәз. Өзі сөйлейтін, даңқы мен ақшасы елді тартатын жер жүзінде жоқ актер деп мақтайды».
Маяковский Джек Лондонның «Мартин Иден» романы бойынша орыс мінезіне келетін, табиғатына таяу «Ақша үшін туған жоқпын» деген киносценарий жазады. Ондағы ақын Иван Нованың ролін сомдайды. Маяковский киноактерлік қызметіне өте адал болыпты. Студиядағы түсірілімнен әсте кешігіп көрмепті.
«Жігітке жеті өнер де аз» деген осы.
Моцарт
Моцарт 14 жасында Римге келіп, әулие Петр соборына барады. Храмда әлдебір шіркеу музыкасы ойналып жатады. Папа сарайы бұл шығарманың нотасын құпия ұстайды екен. Үйге келген Моцарт жаңағы музыканы жадымен нотаға жазып қояды. Көп жыл өткен соң Моцарт нотаға түсіріп кеткен әлгі шығарманы түпнұсқамен салыстырғанда композитор бірде-бір қате жібермепті.
Сөйткен Моцарт өлгенде, жесірі әйгілі композиторды жерлейтін бейіттен жеке орын алуға қаражаты жетпепті. Кедейлермен бірге топырақ бұйырыпты әйгілі композиторға.
Ал қазақтың құйма құлақтары ше? Таңды-таңға ұрып күй, қисса, жыр тыңдап, ертесіне мүдірмей қайталайтынын еуропалықтар білсе, ішегін тартып, жағасын ұстайтын болар.
Ипатова
1963 жылы Қазақстанда көркемөнерпаздар үйірмелеріне жарты миллион адам мүше болып, кәсіпқойлармен өнер жарыстырған. Осы Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында 1952 жылы хореография үйірмесін кәсіпқой балерина, кезінде Куйбышев, Свердлов театрларында өнер көрсеткен Валентина Ипатова ұйымдастырады. Шығармашылық ұжым 1960 жылы «Бахшасарай фонтаны» балетін, 1962 жылы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін осы Кеншілер мәдениет сарайында, желтоқсан айында Мәскеудегі Кремль сарайында қояды. Қарағандының халықтық балет театры Мәскеудің басқа да ұжымдарына концерт береді. Халық театрының мүшелері қарағандылық шахтерлер, слесарь, токарь, құрылысшы, дәрігер, инженер, студенттер болған. Тәрізі В.Ипатова ҚарЛагта отырып, Қарағандыда қалдырылған өнер жұлдызы болса керек. Еңбегі ескеріліп, республиканың еңбек сіңірген артисі атағы беріліпті.
Маржан терген Мағаш СЛАНБЕКҰЛЫ