Бас тақырып

Ілкімді ізденіс – табыс көзі

Кәсіп бастау – қомақты қаржыға тәуелді. Айлығын шайлығына әпіл-тәпіл жеткізетін қарапайым адам кәсіп аша алмайды. Алайда, бүгінгі күнде екінің бірі – кәсіпкер. Бірі мемлекеттен несие алса, енді бірі, туған-туыс, дос-жаранға қарызданады. Жалпы, кәсіп ашуға қанша қаражат қажет?

Кәсіпкер, көпбалалы ана Лаура Иранқызы балаларымен

Кез келген кәсіп – маңдай тер, тынымсыз еңбектің жемісі. Ынтамен алға ұмтылып, жеке кәсіпті жігерлі түрде жетілдіріп отырғандар қаншама. Мемлекет бюджетінің де осы кәсіпкерлік саласынан түсетін салық арқылы жасақталатыны анық. Түлкідей бұлаңдаған нарықты тазы болып шалғандар – бүгінгі ірі бизнес өкілдері. Уақыт ағымына қарай бейімделген жұрт, кәсіп ашуға пейілді. Шағын дүкендермен, интернет арқылы табыс тауып отырғандар көптеп кездеседі. Бірі азын-аулақ еңбекақыны еселегісі келсе, енді бірі, декреттік демалыста отырып, қосымша табыс табуды ойлайды. Мемлекеттік бағдарламамен кәсіпкерлік негіздерін оқытатын курстарға қатысып, түрлі тренингтерді тыңдайды. Өздерін бизнесте сынап көруді армандайды. Алайда, сол ойларын іске асыратындар сирек. Бизнеске батыл қадам жасау идеяға келіп тіреледі. Ойлаған идеяңыз алдымен өзіңізге ұнауы қажет. Бүгінгі қоғамды ештеңемен таң қалдыра алмайсың. Ақиқаты – осы. Тек, ерекше сұранысқа сай кәсіпті таңдаған дұрыс. Өйткені, нарықтық бәсекеге төтеп берудің төте жолы – осы. Бірді екі етем деп жүріп, адалдықтан айнымай, жауапкершіліктен жалтармағанның ісі берекелі болмақ. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсететін барлық кәсіп түрлері бар. Атауы бір болғанымен, қызмет көрсетуі әрқалай. Тұтынушының да талғамы жоғары. Оны да ескерген абзал. Ниеті түзу, ерінбейтін, ынталы жастар қатары көп. Олар тың идеялармен алға қойған мақсаттарына жетуде аз ұйықтап, көп ойланады. Қолда бар азын-аулақ қаражатты қажетіне жаратып, алдағы күнкөріс көзі ретінде көре біледі. Жастардың басым бөлігі, бизнесте жетістікке жеткен белді кәсіпкерлердің оқу семинарларына қатысып, жігерлерін жаниды. Сондай кәсіпкердің бірі, көпбалалы ана, ұлағатты ұстаз Лаура Иранқызы:

– Декреттік демалыста отырғанда «Не істесем болады?», «Бір нәрсемен айналысу керек», «Қолымнан не келеді, өзі?» – деген сұрақтар ойымды жегідей жеді. Осындай оймен жүріп, былтырғы жылдың қазан-қараша айларында белгілі кәсіпкердің интенсив сабағы мен курсына қатыстым. Бірақ, кәсіпті бірден бастай алмадым. Бастапқыда өз-өзіме сенімділік болмады, қорқыныш ұялады. Кейіннен үйде бос отырмайын, кішкене болса да көңілімді жақсы жаққа бөлейін, жаңа адамдармен танысайын деп шештім. Жолдасыма көмек ретінде, бала-шағама аз болса да септігі тисін деп шағын ғана интернет магазинімді аштым. Балалар киімін сатуға мотивация берген қызым Аяла болды. Жаңа киім әперсем, киіп алып «Анашым, мені фотоға түсір, өскенде мен модель боламын» дейтінді шығарды, – дейді.

Алғаш кәсібін 60 мың теңгемен бастаған кәсіпкердің бүгінгі табысы – айына 500 мың теңге көлемінде. Жан-жақты, жігерлі ана әлеуметтік желінің тілін жете меңгерді. Сол арқылы тауарын саудалап, жетістікке жетіп отырған жайы бар. Ойға қонымды идеяны іске асырып, қалтаға қонымды саудалау – Лаура Иранқызының негізгі табысы. Ол үнемі өз тауарларын жарнамалап қана қоймай, көпбалалы отбасының берекелі тірлігін салып, әйел затының алдымен ибалы келін, ақылды жар, қамқоршы ана, белсенді кәсіпкер екенін де көрсетіп отырады. Яғни, жарнама нарығын жете меңгерген кәсіпкер.

– Әскерден енді ғана оралдым. Қолда диплом болмаған соң, жұмыс табу қиынға соқты. Атам – ағаштан түйін түйген өңірге белгілі адам. Сол кісінің жанында жүріп, құралдарды қалай пайдалануды аздап үйренгенім бар еді. Құр жатқан болмас деп, сол құралдарды қайта қолға алдым. Бастапқыға шағын кәдесыйлар жасап, инстаграмм арқылы жарнамаладым. Бірте-бірте сұраныс арта бастады. Ескі құралдармен бұйымдар санын арттыру мүмкін болмаған соң, кәсіпкерлік курсы «Бастау Бизнеспен» оқыдым. Бұл маған үлкен мүмкіндік берді. Бүгінде ағаш табақтар жасаудамын, сұраныс жоғары. Басты қағидам – сапалы жұмыс істеу. Одан кейін тұтынушы өзі көбейетіні сөзсіз,–дейді, ағаш шебері Ерболат Ибраев. Кез келген бизнесті бастауға алдымен ынта керек. Мемлекет тарапынан кәсіп бастағанға қолдау көп болғанымен, көздеген қаражатқа қол жеткізу оңай емес. Ал, ешкімнен көмек күтпей, өзіне сенгендер қолда бармен қарманып жатыр. Сайып келгенде, кәсіп бастау үшін қомақты қаражат қажет емес. Нық жоспар, айқын мақсат, ілкімді ізденіс керек. Сонда ғана бастаған іс ілгері баспақ.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button