Шет

Жас физиктер Шетте бас қосты

Ел болашағы – ілім-біліммен қаруланған өскелең ұрпақ қолында. Облысымызда бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шара ауқымды. Соның бір парасы – аймақ ғылымы мен білімін дамытуға айрықша еңбек сіңірген техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жоғары ғылым мектебі академиясының академигі Жамбыл Ақылбаев атындағы V облыстық олимпиада. Биылғы олимпиада Шет ауданы орталығындағы ғалым атындағы мектеп-гимназияда ұйымдастырылды.

Физика пәні бойынша 7-8-ші сынып оқушылары арасында өтетін олимпиадаға Қарағанды облысының 9 аудан, 9 қаласынан және мамандандырылған мектептерден, бас-аяғы 88 оқушы қатысты. Олимпиаданың ашылу салтанатында «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми практикалық орталығының басшысы А.Қуанышбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Смағұл білім сайысына қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

Олимпиада барысында қалалар мен ауылдардан келген жетекшілер, педагог-шеберлер, педагог-зерттеуші ұстаздар тәжірибе алмасу тренингін өткізді. Бұдан соң олимпиадаға қатысушылар мектеп-гимназиядағы академик Ж.Ақылбаевқа арналға мұражайға саяхат жасап, ғылыми жобаларды қорғап, басқа да шараларға қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша облыс бойынша үздік оқушыларға 3 алтын, 10 күміс, 19 қола медаль табысталды. Шет ауданының білім бөлімі «Дарын» мектеп-интернатының оқушылары – Нұрасыл Төлеубаев пен Әлихан Мұқановқа «Олимпиада жұлдызы» номинациясы мен «Жоғары нәтижелері үшін» мүсінін табыстады.

Облыстық олимпиадаға ауданнан 13 оқушы қатысып, оның ішінде, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінен екі оқушы, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясынан үш оқушы, Ә.Ермеков атындағы тірек мектебінен бір оқушы, барлығы 6 оқушы жүлделі ІІ-ІІІ орындарды иеленді.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан оқушылар мен басқа да аудан-қалалардан қатысқан жеңімпаздар облыстық «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы атынан арнайы дипломдарымен марапатталды.

Шара соңында аудан орталығындағы Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының көркемөнерпаздар ұжымы мен С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің жас өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button