Коронавирус
Кіреберісі карантинге жабылған үйге азық-түлік күніне екі рет тасымалданады
Қарағанды қаласында Ә.Ермеков көшесі №106/1 үйдің кіреберісі карантинге жабылды. Ол 14 күнге созылады. Тұрғындар тұрақты медициналық бақылауда болады. Қажетті азық-түлік үйге тапсырыс бойынша күніне екі рет жеткізіледі.
- Пәтерлер мен кіреберіске дезинфекция жүргізілді. Полиция қызметкерлері күзет орнатты. Тұрғындардың денсаулығы дәрігерлер бақылауында болады, – деп хабарлады облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда кіреберіс уақытша бұғатталды. Бұл карантинді бұзуға тырысу фактілерінің жолын кесу мақсатында қабылданған шешім.
Тұрғындарға азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды тұрақты жеткізу, сонымен қатар қоқыс шығару ұйымдастырылды.
- Кіреберіске қоқыс жинауға арналған пластик контейнерлер орнатылған. Қоқыс күніне екі рет шығарылады. Азық-түлік сағат 10.00-де және 17.00-де жеткізіледі. Курьермен тікелей байланыс болмайды. Тапсырыстарды полиция қызметкерлері береді, – деп түсіндірді қала әкімдігі.
14 күндік карантин аяқталғаннан кейін тұрғындар қалыпты режимге орала алады.