Бәрекелді!

Ақсораңға көтерілді

«Arda media group» youtube-каналының авторы, ақын Асхат ҚАЖЫТАЙ Қарағандыдан жаяу жолға шығып, Арқаның ең биік нүктесі – Ақсораң шыңына көтерілді.

17 мамыр күні Қарағандыдағы тутұғырдың түбінен жолға шыққан Асхат Қажытай «Қазақстанды жаяу аралаймын» туристік танымдық жобасы шеңберінде межелі жеріне жетті. Жолға алты күн жұмсады.

Асхат 333 шақырымды жаяу өтіп қана қоймай, жол-жөнекей тарихи орындар мен киелі жерлерге бұрылып, таныстырып отырды.

Жаяуды 22 мамыр сағат 10.00- де аудан әкімі С.Әбеуова бастаған ақтоғайлықтар «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблінің ән-шашуымен қарсы алды. Ақтоғайдан кейін Асхат соңғы кезең – Шабанбай би ауылын бетке алды.

Ал, 23 мамыр таңғы сағат 8.00-де Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Балқаш қалаларынан қосылған ақын-жазушылар – С.Сағынтай, Р.Нұрбай, Б.Мүбәрак, М.Асан, А.Мырзахмет, М.Күземхан, Е.Мүбәрак, белгілі меценаттар – М.Көкейов, Е.Шахуов және аудан әкімің орынбасары А.Аманжолов, аудандық жастар орталығының жетекшісі Ш.Елеген бастаған ауыл жастарынан құралған ынталы топ Ақсораң шыңына бірге аттанды.

19 адам тар шатқал, қия-кезең, арша-бұта, ну тоғай аяқтан шалып, етектен тартқан 7 шақырымды бес сағатта жүріп өтіп, шаңқай түсте Ақсораңның басында тоқайласты.

«Әр адам өз алдына жеке тұлға» дейді. Ал, саналы әрбір тұлға түрлі бағытта өзін сынап, төзімділігі мен ерік-жігерін, қарым-қабілетін елге үлгі, өнеге боларлық іс-шаралар арқылы шамалап көргісі келеді. Асхат 333 шақырымды жаяу жүріп өтіп, сол сыннан сүрінбей өтті.

Шың басында ынталы топ мүшелері темір қобдишада жатқан бірнеше жылғы тілек дәптерін қолға алып, өз қолтаңбаларын қалдырды. Жазушы Алмаз Мырзахмет, ақын Мирас Асан республикалық әдеби-танымдық «Қасым» журналының, «Ақсораң» қоғамдық қорының 10 жылдығына арналған, Асхат Қажытай танымдық-туристік жобасының туларын шың басына қадады.

Төрт тарап алақаныңда жатқан шың басындағы әсерді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр кәлланы бір қиял кезіп, толқыған әр жүректе тебіренген сезім сапырылысып жатты. Арқа-жарқа, мәре-сәре сәтте біз, алда азабы мен бейнеті шыңға шығудан бір кем емес 13 шақырымдық жол күтіп тұрғанын қаперге де алмадық.

«Айтып-айтпай не керек…», ең бастысы Асхат бауырымызға рухани қолдау көрсетіп, теңіз денгейінен 1565 метр биікке шығып, ерік-жігерімізді көрдік. Жобаны қолдаушы топтың әр мүшесі тау етегіндегі сарқырап аққан бұлаққа жетіп, бас қойғанда, кепкен аңқа, кезерген еріндерін заматта ұмытып, «жеттік» деген мақтаныш сезім өне бойларын билеп, керемет бір күй кешкені хақ.

Тау бөктеріндегі ақшаңқан үйде Асхат Қажытайға зор құрмет көрсетіліп, А.Аманжолов аудан әкімінің құттықтау хатын тапсырып, иығына арнай тапсырыспен тігілген офистік шапан жапты.

Осылайша, Асхат Қажытайдың «Қазақстанды жаяу аралаймын» жобасының алғашқы сапары сәтімен аяқталды. Алда әлі талай асу тұр.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button