Жаңалықтар

Қайраттың ерлігі – ел жүрегінде

Естеріңізде болар, Қайрат ЖҰМАБЕКОВ атты есіл ер. Иә, автобустағы 130 баланы аман сақтаймын деп, ардың жолында аттанған о дүниеге. Батырдың көзсіз ерлігі естіген жанның көңілінен кетпейді, жүрегінен өшпейді. Сол автобус ішінде болған Елдар НҰРМАҒАНБЕТ пен Әсемгүл АБАТОВА редакциямызға хат жолдапты. Қаз-қалпында ұсындық.

«Ұмыту әсте мүмкін бе?»

«Осыдан 14 жыл бұрын болған оқиғаны ұмыту әсте мүмкін емес. Мен ол кезде небәрі 4-сыныпта, ал ағам Алдияр 6-сыныпта оқитынбыз. 130 бала Елордаға саяхатқа барып, қайтарда болған апатты жағдай еді. Балаларды құтқару жолында қаза тапқан қаһарман полицей Қайрат Қуанышұлы Жұмабековтің ерлігі, әлі ел есінде. Шұғыл шешім қабылдап, басын бәйгеге тігіп 130 баланың өмірін сақтап қалу – мәңгі ұмытылмайтын ерлік. Осындай бейбіт күннің батыры Қайрат Қуанышұлы қаншама ата-аналарға қуаныш, балаларға өмір сыйлады. 1 наурыз – Алғыс айту күнінде алғысымызды білдіруді азаматтық парыз санадық. Алғысымыз әрине шексіз, бірақ бір өкініштісі – ортамызда болмағаны. Сол күні қаншама ата-ана балаларымен аман-есен қауышқанда, өзін үйде күтіп отырған жары, екі баласымен қауыша алмағаны – үлкен өкініш. Осындай ер азамат тәрбиелеп өсірген ата-анасына мың алғыс. Қолдан келері тек дұға бағыштау. Қабірі нұрға толып, Жаны жәннатта болсын дейміз. Осындай ержүрек әкелерін мақтан етіп жүрген балаларына ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз. Мен қазіргі таңда оқуды аяқтап, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының инспекторы болып қызмет етудемін», – делінген Елдардың хатында.

«Сол оқиға есімнен кетпейді. Ол кезде мен 7-сыныпта оқимын. Бірақ, оқиғаның қалай орын алғанынан бейхабар едік. Бір білетініміз, полициялар бізді құтқарып қалды деп жүрді. Кейіннен білдік бәрін. 130 бала деген қаншама ата-ананың үміті, болашағы ғой. Біз аман-есен қауыштық, Құдайға шүкір. Бірақ, ең өкініштісі – сол жерде ажал құшқаны Қайрат ағаның. Екі құлыншағы қауыша алмай қалды. Алғаш болып кімге алғыс айтамын дегенде, есіме Қайрат ағаның ерлігі түсті. Өйткені, екінші өмір сыйлады деуге болады. Алла ағамызды панасына алсын. Шексіз ризашылығымды білдіремін. Қазір тұрмыстамын. Екінші баламды өмірге әкелемін, Алла қаласа. Қайрат ағаны еске алу кешіне қатысып тұрамыз. Балаларымен де, жарымен де үнемі байланыстамыз. Әкелерін мақтан тұтады. Батыр ағамыздың рухы шат болсын, ал, алғысымды отбасына білдіргім келеді. Атын өшірмей, әке аманатына адалдық танытып жүргендері үшін. Амандық тілеймін сіздерге», делінген Әсемгүлдің хатында.

Тағы да тағзым

Қайрат ағамыздың ерлігіне көз жүгіртіп көрелік тағы бір. 2008 жылдың 20 мамыры. Қарағанды қалалық Жол полициясы батальонының инспекторлары полиция аға сержанты Қайрат Жұмабеков пен старшина Дмитрий Пугачқа Қарағандыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағытталған автобустағы мектеп оқушыларын аман-есен апарып келу туралы тапсырма беріледі. Қос инспектордің бағыттауымен үш автобус Елордаға аман-есен жетеді. Қарағандыға қайтар жолда полиция көлігінің тізгінінде Қайрат Жұмабеков болады.
Оларға қарама-қарсы жол бойымен келе жатқан тас тиелген жүк көлігі өзімен қатарлас жүйткіген жеңіл автокөлікпен жарысып, өзінің абайсызда жолдың қарсы бағытына шығып кеткенін байқамай қалады. Қас пен көздің арасында қарсы жолаққа шығып кеткенін сезінген жүк көлігі, жолда келе жатқан патруль көлігі мен автобустарды көріп оңға қарай бұрылады. Жүк көлігінің арақашықтығы тым жақын болғандықтан, жеңіл көлікке соқтығысады. Дәл осы жол апаты кезінде Қайрат Жұмабековтің алдында екі таңдау тұрды.

Біріншісі қарсы келе жатқан көліктен сытылып шығып, өздерін сақтау немесе соққыға өзін тосып, автобусты аман алып қалу. Бірақ, абзал ер арды таңдады. Ол артындағы балалардың амандығын ойлады. Өзінің үйінде де кішкентай құлыншақтарының күтіп отырғанын білсе де, батыр өз мойнына жүктелген тастай тапсырманы сезініп, кесапатқа қарсы тұрды. Сол жерде ажал құшты. Ал, қасындағы серігі ауыр жарақатпен аурухана жеткізілді.

…Қайсар рухты Қайрат Жұмабековтің рухына тағы да тағзым! Және өміріне араша түскен ағаларының рухына алғыс жолдаған қос құлын жүректен айналдық!

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

СУРЕТТЕ: Қайрат Жұмабеков.

Басқа материалдар

Back to top button