Баған

«Қара пиар» қадірді арттырмайды

Қазақта «атың шықпаса, жер өрте» деген сөз бар. Бірақ, жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат, несі абырой? Ел ішінде етек алған, заман ауанына қарай, «тонын айналдырып киген» бүгінгі күні «пиар», «хайп» дегендер айығуы қиын дертке айналды.

Желіге желімдей жабысқан жұрт «жердегі жұлдыздардың» желіккенін жұмысын қойып, жаппай талқылауға көшкен. Осынау арзан атаққа апаратын жолды таңдап, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүргендер қаншама! Оларды арнамысын аяғындағы шұлғауға айналдырғандар қатарына қосқан жөн шығар…

«Пиар» ұғымының санамызға енгеніне жиырма жылға жуықтады. Расы керек, көпшілік ел оны жарнамамен шатастырып келді. Кейін екеуінің ара-жігін ажыратып: жарнама – «сатып алу, сатып алмау», пиар – «ұнату, ұнатпау» деп бөліп қарастырып жүр. «Пиар-менеджер» қызметіне жүгініп, танымал болғандар саны артқан. Пиардың да, түр-түрі бар. Мәселен, «қара пиар» белгілі бір тұлға немесе нысанның имиджін түсіру мақсатында құрастырылады. «Ақ пиар» – өзара қатынас пен серіктестік негізіндегі ақпарат алмасу жүйесі. «Сары пиар» – «сары басылым» атауы мен соның қызметі негізінде шыққан. «Сұр пиар» – қоғамдық қатынастың барлаушысы. «Жасыл пиар» – сау қоғамға қамқорлық таныту дегенге саяды. «Қоңыр пиар» – нацистер мұрасы саналады. «Вирустық пиар» – ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы ауқымды аудиторияға жеткізу жолы. Ал, «Селфи-пиар» – өзін-өзі жарнамалау.

Осылардың ішінде, жалпы, пиар менеджментінде сұранысқа ие «қара пиар» екен. Ол әсіресе, қазақ эстрадасы өкілдерінің қазанын қайнатып тұр. Халық арасында есімі мүлдем айтылмай кеткен әншілерге қара пиарды танымалдылық үшін пайдалануға кеңес беріп, ұсыныс айтушылар да аз емес көрінеді. Жұрт сынына, табасына қалудан қорыққандарға «қара пиар да – пиар» дегенді алға тартатын сыңайлы. Оның қанаттас сыңарындай «хайп» деген дүние бар. Сол арқылы лүпіл (лайк) жинап, «хайп» жасауға құмартқандардың да дәурені жүріп тұр. Жалпы, «хайп» сөзі ағылшынша «High Yield Investment Program» деген бірнеше сөздің қысқарған түрі – «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағына береді. Бүгінде «хайп» жасау – заман трендіндегі сәннен қалмау. Көпшілік мұның түптөркінін бағамдамай, елең еткізу, таңғалдыру, өзіне жарнама жасау деп ойлап жүр. Оны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазылушылар санын арттыру мақсатында қолданатындар да баршылық.

Қара пиарға тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ. Ол тамырын тереңге жайып барады. Жағымсыз жаңалықпен атағын шығаруға тәуелділер тәубесіне қашан келеді?

Сіз бұған не дейсіз, оқырман?…

Нұрдос КӘРІМ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button