Балқашта Александар Чесноковтың «К юбилею родного Балхаша» атты авторлық-шығармашылық кеші өтті

Балқаш қаласының 85 жылдық мерейтойы аясында М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында Ресей композиторлар одағының мүшесі Александар Чесноковтың «К юбилею родного Балхаша» атты авторлық-шығармашылық кеші өтті. Оған кеш иесінің досы, музыка бағытында шәкірт тәрбиелеп, екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты насихаттап жүрген педогог-музыкант, Свердловск өңірлік «Еуразия-Қазақстан» қоғамдық ұйымының мүшесі Бақытжан Тасмағамбетов арнайы келіп қатысты. Екеуі де бүгінде Ресейдің Екатеринбург өңірінде тұрады. Бірін-бірі демеп, Арқа төсіне еркелей келген қос қонақты балқаштықтар құшақ жая қарсы алды.

Оның да өз себебі бар. Өйткені, Александр Владмирұлы Балқашта туып-өскен. Ал, Бақытжан Байтулақұлы – қостанайлық. Қарағандыға бөтен емес. Жас кезінде Тәттімбет өнер колледжінде білім алып, оқуын аяқтап үлгермей әскерге аттанған. Кейін әскери салаға бет бұрыпты. Осылай Екатеринбургке атбасын бұрып, тұрақтап қалыпты. Қазір сонда екі елдің арасында алтын көпір болып жүр. Екеуі сол жақта танысып, дос болған, әлі де дос. Екеуінің достығын байланыстырып тұтас бір әлем бар. Ол – бүкіл саналы ғұмырын білім-ғылымға, оның ішінде, математика-физика, астрономия салаларына арнаған біртуар ғалым Аманжол Қарамурзиннің әлемі.

Аманжол Қарамурзин – КСРО Халықтар достығы орденінің иегері. Қостанайда туған. Қарағанды педогогикалық институтын бітіріп, Қостанайға жолдама алады. Көп ұзамай кеншілер қаласына қайтып келіп, 40 жылға жуық Қарағандыға тұрақтап, білім саласын дамытуға, ағартушылыққа, Арқаның арда азаматтарын тәрбиелеуге бар күш-жігерін салған жан.

Біздің қос кейіпкеріміз – осы Аманжол Қарамурзиннің рухани шәкірттері. Жүрген жерінде оның атын құрметпен атап, ғылымға сіңірген еңбегін насихаттап жүреді.

Балқаштың төрінде өткен кеште Александр Владимирұлының сиқырлы әндері орындалды. Кейбірін өзі орындаса, қайсыбірін жергілікті музыкадан білім алып жүрген жастар орындады. Ерекше айта кетерлігі – осы кеште А.Қарамурзинге арналған «Физиканың сыры» (Неиссякаемые физики открытия) әнін Балқаштағы өнер мектебінің тәрбиеленушісі Аяулым Ержанқызы алғаш рет шырқады. Туындының әні мен сөзі А.Чесноковтікі. Бұл туынды кешке жиылған көпшілікті баурап алды. Жас әншінің осындай жауапты әннің тұсауын кескеніне ел риза болды. «Болашақ Роза Рымбаева» деп баға берді. Екатеринбургтен келген талантты әнші Ирина Урусова «Балхаш зовет», «Шторм на Балхаше» сынды бірқатар әнін, Өнер мектебінің тәрбиеленушісі Кан Эдуард балаларға арналған әндерін шырқады. Кеш соңында «Родной Балхаш» әнін қонақтар хормен орындады.

А.Чесноковтың «Тебе воспеваем» атты әндер жинағы шыққан. Оған 30-дан астам туындысы еніпті. Ішінде лирикалық әндер, халық әуендерінің сарынымен жазылған туындылар және хормен орындауға арналған әндер топтасқан.

Шара соңында кеш иесіне қала әкімінің Алғыс хаты табысталып, қонақтардың иығына шапан жабылды. Алыстан арнайы келіп, екі елді жақындастыра түскен екі азаматтың еңсесі тік. Александр Чесноковтың әндерінен біз туған еліне деген шынайы сағынышты аңғардық.

Жәлел ШАЛҚАР.