Жаңалықтар

Шапағат шуағы

Дос!

Адал дос!

Өмірдің бұралаң жолдарында адамның жанына жақын, жүрегіне ыстық адал достары болады. Тәуба дейін, осы жасыма дейін жаныма ерген достарым аз болған жоқ. Бірақ, жан сырымды жасырмай бөлісетін адал да сыралғы достарым саусақпен санарлықтай ғана екен.

Қарағандылық талантты ақын Руслан НҰРБАЙ бір өлеңінде:

«Ақ пен қара – жолдарымның жолағы,
Жолағы да уақыттың қонағы.
ДОС деген сол үш-ақ әріп кей кезде,
ТУЫС деген төрт әріптен жоғары» – деп жырлаған еді.

Менің өмір жолымда туыстан да жақын болып кеткен сондай адал досымның бірі – Шапағат ЖАЛМАХАНОВ.

Шапағатпен сонау өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде қатар оқыдық.

Арманшыл албырт кезіміз еді, ол біздің!

Түн ұйқымызды төрт бөліп, жатақхананың қуықтай бөлмесінде ватман қағаздарды бір біріне қатарласа желімдеп, филология факультетінің қазақ бөлімінің «Жалын» қабырға газетін дайындаушы едік. Жанымызда Талғат Байсарин, Мәлік Белгібаев деген достарымыз да ауызбен орақ орып, желпілдеп жүретін.

Шапағат – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының тумасы. Жер шалғай болғандықтан, үйіне қысқы және жазғы демалыс кездерінде ғана баратын еді. Ал, менің ауылым Қарағандыға таяу. Жаныма Талғат, Шапағат, Мәлік достарымды ертіп алып, жолаушылар поезымен туған ауылым Жаңаарқа ауданының Атасу теміржол станциясына тартып кететінбіз.

Студент кездің қызығы мен шыжығын бірге өткіздік.

Жайық өзенінің жағасында өскендіктен, балықтарды бес саусағындай жақсы білетін, бірақ қазақтың төрт түлік малын тануға шорқақ Талғат Байсарин досымыздың әдеби бүркеншік атын тегі мен атының алғашқы буындары бойынша «Байтал» деп алмақшы болғаны арамызда анекдот болып кеткен. Кейін оның бір аты Байтал болды.

Сол жылдары даңқы дүркіреп тұрған ақын Мұхтар Шаханов Қарағанды университетіне cтудент жастармен кездесуге келгенде, бір ақын шалыс ағамыздың түні бойы будақ-будақ өлең жазып, сол шикілеу шығармасын ақын ағаның алдында үлкен аудиторияда оқымақшы болғаны, оны жабылып жүріп, райынан әрең қайтарғанымыз өз алдына бөлек бір хикая еді.

Радиодан ән беріле бастағанда, той тарқарда ән айтар дауысымен кез келген әнге қосыла кететін Мәлік Белгібаев досымызды:

Мәке, өзі айтсын. Сен қоя тұршы, – деп тоқтататынымыз еске түседі…

Шапағат жас кезінде той-думанның сәні болды. Шабыты шалқыған бағзы бір сәттерде қолына гитараны алып, «Үкілім-ай» әніне басушы еді.

«Арғы жағы, Еділдің бергі жағы,

Жағасында жайқалған жапырағы.

Үкілім-ай, жеңеше-ай,

Сағындым, сәулем, бір сені ойлап».

Әр әншінің өзіне ғана тән ән айту мәнері болады ғой. Біздің Шапағат дос бұл әнді екі көзін тарс жұмып алып, аздап теңселіңкіреп отырып айтушы еді. Әніне кәдімгідей елтіп қалатынбыз. Кейін ғылым жолына түскен соң ән айтуды қойып кетті ғой. Әйтпесе, жақын бауыры Жұбаныш Жексенұлы сияқты әйгілі әнші болмаса да, өнер жолының біраз белесінен асары анық еді.

III курсты бітірген соң мені М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға ауыстырды. Бірақ, Қарағандыда қалған студент достарыммен байланысым үзілген жоқ.

Сәті келген шақта ұшаққа отырып, елге тартып кетуші едім. Қарағандының ескі әуежайы басынан сағынған достарым құшақ жая қарсы алатын. Содан жатақханаға барып, думан кешіміз одан әрі жалғасып кететін. Ол дәурен де қазір санадағы сарғайған сағынышқа айналды.

Осылай дуылдатып жүріп, университетті де бітірдік. Әр тараптағы еңбек жолымыз басталды.

Мен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына тілші болып жұмысқа орналастым. Шапағат досым сол кездегі Егіндібұлақ ауданының шалғайдағы бір ауылындағы мектепте директордың орынбасары болып еңбек етіп жүрді. Көп ұзамай облыс орталығына қайтып оралып, Қарағанды мемлекеттік университетіне филология мамандығы бойынша аспирантураға түсті. Сабағын оқи жүріп, филология факультетінде студенттерге дәріс берді.

Сол жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің Оңтүстік-Шығыстағы отбасылық жатақханасында көрші тұрдық. Мен ол кезде үйленгенмін. Кішкентай қызымыз бар. Шапағаттың салт басты, сабау қамшылы кезі.

1987 жылдың шілде айы еді. Бір күні кешке таман Шапағат досым үлкен жаңалық айтты. Қарағандының әскери комиссариаты аяқ астынан қолына шақыру қағазын беріпті. Бірер күннен кейін әскер қатарына жүргелі отыр екен.

Мен бұл кезде университеттен кейін бір жарым жыл Кеңес Армиясы қатарында қызмет атқарып, елге оралар алдында бір айлық офицерлер курсынан өткен запастағы лейтенантпын. Әскердегі жағдайды жақсы білемін. Аңқылдаған ақкөйлек досымды қандай ауыр сынақтар күтіп тұрғанын ойлап, ішім қылп ете қалды. Бірақ, өзіне ештеңе демедім.

Бізден бұрын Армия қатарында болған Талғат Байсарин досымыздың әскерден еңкілдеп жылап жазған хаттары еске түсті. Толық әскери қару-жарақпен бірнеше шақырым жүгіруге шыдай алмаған сол бейбақ досымыз: «Мен байғұсты мына өмірге несіне әкелдің екен, анашым? Мына тозақты көрсін дегенің бе? Одан да өмірге келмегенім жақсы еді ғой» деп анасына мұң шағып, оны бізге жолдаған хатында жазып, қыран-топан күлкіге қарық қылатын еді, марқұм.

Шегінуге жол жоқ. Шапағат аспирантурасын тоқтата тұрып, әскерге аттанатын болды.

Заманның кең кезі еді ғой. Дереу келіншегім екеуіміз біздің бөлмеде дастархан дайындадық та, жақын жолдастарды жинап, Шапағатты әскер қатарына шығарып салу кешін дүрілдетіп өткіздік.

Ертеңінде редакциядағы қызметіме бардым. Түскі үзіліске дейін күтуге шыдамым жетпеді де, жұмысты Құдайға тапсырып, облыстық әскери комиссариаттың жинау бекетіне жүгірдім.

Шілденің шыжыған ыстығы ғой. Күн күйіп тұр еді. Шапағат досым темір шарбақтың арғы жағында кілең «өмір көрмеген» көгенкөз жастардың бір шетінде таңдайы кеберсіп, көңілі құлазып, қатты шөлдеп тұр екен. Қолына өзіммен ала барған салқын сыраның бір шөлмегін ұстата қойдым. Тығынын жұлып алып, сылқ-сылқ жұтып жатыр. Артынша жанары жарқ етіп шыға келді. Қысып тұрған суық тер де бұрқ ете қалды. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» демекші, сол сыраны ол күні бүгінге дейін тамсана айтып жүреді…

Шапағат әскери қызметін Ауғанстанда атқарды. Кеңес Армиясы ұйымдастырған бірқатар әскери операцияларға қатысты. Жауынгерлік борышын адал атқарып, «Ерлігі үшін» және басқа бірнеше медальдармен марапатталды.

Елге қайтып оралған соң өзінің қарашаңырағы – Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарды. Қазақ тілі кафедрасында доцент, факультет деканының орынбасары болды.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында «Қарағанды жастары» деген облыстық жастар газетін шығардық. Сол газеттің алғашқы санында Саттар Ерубаевтың есімін есте қалдыру туралы Шапағат досымыздың мақаласы жарияланды. Кейін осы тақырыпқа басқа да қарағандылық қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері үн қосты. Нәтижесінде, Қарағанды қаласының бұрынғы Киров көшесіне Саттар Ерубаевтың есімі берілді.

Шапағат Жалмаханов ғылыми жұмыспен де білек сыбана айналысып, филология ғылымының кандидаты, ғылым докторы атағын сәтті қорғап шықты. Кейін Қарағанды қаласындағы Заң институтына қызметін ауыстырып, сондағы Тілдер кафедрасын басқарды. Адал еңбегінің нәтижесінде, республика Ішкі істер министрлігінің Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Полиция полковнигі шенін алды.

Полковник демекші, белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Созақтан шыққан Гамлет» дейтін фильмі бар. Мен осыған орай досыма әзілдеп:

Сен Созақтан шыққан полковниксің, – деймін.

Әрине, шежіреге бай даңқты Созақ өлкесінен Шапағат досымнан басқа да полковниктер шыққаны анық қой. Бірақ, олардың арасында филология ғылымының докторы атағын қорғаған полковник жоқ.

Менің ардақты Шапағат досым бүгін 60 жастың асуына алқынбай шығып отыр. Азаматтың өмір жолындағы осы асқар белге ол үлкен абыроймен келді.

2010 жылы професор Шапағат Жалмаханов «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантына ие болды.

Түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі тағайындаған Күлтегін атындағы сыйлықпен марапатталды.

Филология ғылымының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз, запастағы полковник.

100-ге жуық ғылыми мақала мен 1 монографиялық еңбектің авторы. Бір адамға аз бедел ме бұл?

Профессор Шапағат Шарапатұлы Жалмаханов бүгінде Қарағанды университетінің филология факультетінде студенттерге сабақ беріп жүр. Жас ғалымдарға жетекшілік етіп, өзінің өнегелі еңбек жолын лайықты жалғайтын шәкірттер тәрбиелеуде.

Абыройлы асуларың жалғаса берсін, досым!

Атыңа сай шапағат шуағыңды шашып, Алланың берген жасын амандықта жасай беруіңді дос көңілмен тілеймін.

Мерейлі жасың құтты болсын!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button