Сенатор: гидротехникалық құрылыстың жартысы апатты жағдайда
Сенатор Сергей Ершов көктемгі су тасқыны жағдайына қатысты мәселелерді Премьер-Министрдің атына депутаттық сауалында көтерді.
Депутат Қазақстанда әр көктем су тасқынымен қатар жүретінін атап өтті. Олардың басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған және қазіргі уақытта физикалық және моральдық жағынан 40%-ға дейін тозған бөгеттер мен бөгеттердегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, ал, кейбір жағдайларда толық болмауы ерекше алаңдаушылық туғызады. Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың жартысына жуығы апатты жағдайда және жөндеуді, не жаңғыртуды қажет етеді.
Сенатор биыл ақпан айында Президент Үкіметке жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Өйткені, 2003 жылы қабылданған кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді.
«Бұл мәселе бірнеше жылдар бойы Сенатта парламенттік тыңдауда, Үкімет сағатында талқыланғанын атап өткен жөн. Онда ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен қадамдық іс-қимылдар мен кешенді ұсынымдар әзірленді. Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары өз есептері мен жауаптарында еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар туралы бірнеше рет сендірді. Алайда ағымдағы су тасқыны жағдайы, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы жағдай керісінше болып отыр», – деді сенатор Ершов.
Осыған байланысты, депутат Үкіметтен су тасқыны жағдайларының алдын алуға және жоюға бағытталған ұйымдастырушылық, заңнамалық және кешенді сипаттағы қажетті жүйелі шараларды қабылдауды және Палатаның таяуда өтетін отырысында жауап беруді сұрады.