Жақсының аты өлмейді

Мұсатаевтың еңбегі сіңген мұражай

Ақтоғай ауданының өлкетану мұражайы – қазақ халқының этнографиялық тарихынан сыр шертетін алуан түрлі, көне жәдігерлерге бай, облыс, қала берді, еліміздегі таңдаулы мұражай. Ал, осы бай экспонаттардың денін дала кезіп, тау асып, тірнектеп жинап, басын құраған бірден бір адам – Аманқұл МҰСАТАЕВ ағамыз. Өткен аптада аудандық мұражайдың қабырғасына өлкетанушы, археолог, суретші Аманқұл Мұсатаевтың есімі жазылған ескерткіш тақта ілінді. Тақтаны ұрпақтары іліп отыр.

Іс-шараны аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов ашты.

– Аудан тарихын тілге тиек еткенде Аманқұл Мұсатаевты еске алмау мүмкін емес. Ол Бектауата баурайында туған. Алматы қолөнер училищесін, Мәскеудегі Н.Крупская атындағы өнер институтын бітірген. Алғашқыда Қарағанды қаласында жұмыс істеп, кейін туған жері Ақтоғайда бейнелеу өнері пәнінен сабақ беріп, балаларды осы өнерге үйретеді. Аман ағаның өңіріміздің этнографикалық-археологиялық мәдениетіне қосқан үлесі орасан зор. Ол 1950-1970 жылдар аралығында заңғар археолог Әлкей Марғұланмен бірге Орталық Қазақстандағы тас бетіне салынған суреттер мен археологиялық қазбаларды зерттеуге қатысқан. Археолог ғалымдармен қатар жүріп Балқаш, Ақтоғай Қарқаралы, Ұлытау, Шет өңірлерін зерттеу жұмыстарына атсалысты. Аманқұл ағамыз – танымал өлкетанушы, педагог-ұстаз, суретші, 180-ге тарта полотнолардың авторы. Әужекеңнің қылқаламынан шыққан қазақ халқының белгілі Шоқан, Кенесары, Құнанбай, Абай, Марғұлан, Ағыбай, Жалаңтөс секілді тарихи тұлғаларының портреттері бар. А.Мұсатаевтың салған суреттері Бүкілодақтық көрмелерге қатысып, лайықты бағасын алған. Қазақстан Туының ең үздік эскизін жасауға қатысқан 17 суретшінің қатарында Аманқұл Мұсатаевтың болғанын, көптің бірі білсе, бірі білмейді, – деп өмір, еңбек жолына тоқталды Р.Әбеуов.

Сондай-ақ, Аманқұл Мұсатаевтың көзін көрген, бұрынғы аудан әкімі С.Дүйсебеков, өлкетанушының қызы Ақтоқаш Аманқұлқызы естеліктер айтып, қазақ археология ғылымының атасы, қола дәуірінің Бегазы-Дәндібай секілді ескерткіш кешеніне қазба жұмысын жүргізген Әлкей Марғұлан Аманқұл ағаны өле-өлгенше қатты құрметтеп, хат жазысып тұрғанын еске алды.

Қарағанды медицина университетінің профессор-ассистенті К.Әбдірахманова Ақтоғай аудандық мұражайына А.Мұсатайұлының есімін беру туралы ұсынысын білдірді.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінен соң, іс-шараға жиылған қауым аудандық мәдениет үйінде Мұсатаевтың қыл қаламынан шыққан сурет галереясын тамашалады. Сондай-ақ, рухына дұға бағышталып, естеліктер айтылып, ас берілді.

Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, Ақтоғай аудандық өлкетану мұражайы сонау тас дәуірінен бергі аралықты қамтитын құнды экспонатқа толы. Алдағы уақытта аудан басшылығы осынша мол мұраны аяқасты қалдырмай, лайықты ғимарат тауып, орналастырса деген елдің тілегі бар.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Back to top button