Жақсының аты өлмейді

Ғалымның ғұмыр-дастаны

Ұстазға тағзым етіп, ардақтап, өрелі сөзбен өз биігіне шығару – халқымызға, ұлтымызға тән қасиет. Осы орайда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі кафедрасы педагогика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Жұмағали НАУРЫЗБАЙДЫ еске алып, ғалымға арналған «Ғұмыр-дастан» атты кітаптың тұсауын кесті. Білім, мәдениет, ұлт саясаты туралы 500-ден аса мақала, 20-дан аса кітап пен кітапшалардың, философиялық эсселер, өлеңдер мен аудармалардың авторы Жұмағали Наурызбай саналы ғұмырын ілім мен білімге, мәдениетке арнады. Педагогика кафедрасында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ұстаз жас зерттеушілердің қанатын қомдап, ғалым қатарына қосуға үлкен үлес қосты.
Университет кафедрасында өткен жиында академик Жұмағали Наурызбайға арналған «Ғұмыр-дастан» атты кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада Педагогика факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент М.Иманбеков сөз сөйлеп, жиынды ашып берді. Кітаптың тұсаукесеріне оқытушылар мен студенттер, ғалымның дос-жарандары, туған-туысқандары қатысты.

Аталған жиынды академик Жұмағали Наурызбайдың шәкірті, кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Әбілдина жүргізіп, ғалымның жақсы істерін, ғылымға сіңірген еңбегін айтып өтті. Сондай-ақ, сол кафедрада қызмет етіп жүрген ғалымның басқа да шәкірттері педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ш.Мұхтарова мен педагогика ғылымдарының докторы, доцент Р.Айтжанова ғалым-ұстаз туралы сыр шертті.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, көзі көргендер ұстазды зор ықыласпен еске алып, естеліктерімен бөлісті.

Ал, жастар өмірі өнегемен өрнектелген тұлғаның артына қалдырған мол мұрасына сүйсініп, ғалым туралы айтылған естеліктерді ұйып тыңдады.

Кеште ғалымның бірге оқыған курстас досы Данияр Нұрғалиұлы академик туралы әдемі сөз сөйлеп, артына өшпес мұра қалдырған ұлы тұлғаның ғұмырлық еңбегін тілге тиек етті.

Туыстары атынан сөз сөйлеген Сағат Әбдіғұлұлы ғалымды тек туысы ретінде ғана емес, халықтың азаматы ретінде құрметтейтінін айтып өтті.

– Жұмекеңнің көптен ойда жүрген «Ғұмыр-дастан» кітабының шығуына демеуші болған, өмірде ерекше сыйласқан бауырым Сағат Әбдіғұлұлына, қиын кезде жанымызда болған досы Қуат Ахметбеков пен зайыбы Шәрбатқа, күйеу баласы Асылбек Нұрәлі мен қарындасы Жұмакүлге, тіреуші болған құдағиым Рыскүл мен балаларыма шексіз алғысымды білдіремін, дейді академик-ғалымның зайыбы Жанат Әбдіғұлқызы.

Сонымен қоса, ол жиынды ұйымдастырған барша әріптестеріне, ғалымның ізін басқан шәкірттеріне, кафедра ұжымына ризашылығын білдірді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Back to top button