Жақсының аты өлмейді

“Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем…”

Менің өмірімде ерекше орын алған адам – Жаңыл апам. Қарағандылық ғалым, ауыл шаруашылығы саласының білікті ұйымдастырушысы Мыңжасар Әдекеновтің аяулы жары, ғазиз жүректі Жаңыл апайымның дәл биылғы сәуірде 90 жасқа толған мерейтойын атап өтіп жатар едік… Әттең, жалған дүние…

Жаңыл апаммен жас кезімізден қатар өсіп, атқа мініп, Семей облысы Қайнар ауылына қарасты «Қарөлең» қыстағында ата-анамызға көмектесіп қой бақтық.

1949 жылы апам Қайнар орта мектебін үздік аяқтап, Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсті. Аталған оқу орнын 1954 жылы «тарих пәнінің мұғалімі» біліктілігі бойынша қызыл дипломмен тәмамдап, Семей облысы, Абай ауданына ұстаздық жұмысқа келді.

1953 жылы мен Қайнар орта мектебін «Алтын медальмен» аяқтап, институтқа оқуға түсуге дайындалдым. Жаңыл апай жазғы демалысқа Алматыдан келіп, мені Алматыдағы Тау-кен институтына оқуға түсуге үгіттеді. Ол кезде Тау-кен институтында стипендия жоғары болатын және студенттерге тегін киім беретін. Сөйтіп, мен Алматыдағы Тау-кен институтына оқуға түстім. Кейін осы оқуды аяқтап, инженер болып шықтым.

Алматыда Жаңыл апайымның маған деген қамқорлығы ерекше болды. Шексіз мейірімді, мейлінше парасатты жан еді. Әр нәрсені кемел ойлап, кең пішетін қазақ қыздарына, ұлт аналарына тән ерекше қасиетке ие болатын-ды. Ол кісінің сол кездегі маған берген ақыл кеңесі өмір бойғы азығым әрі ұстанымым болды.

Апам Алматыдағы оқуда жүргенде өзінің өмірлік жарын тауып, Алматының зооветеринариялық институтын қызыл дипломмен аяқтаған Мыңжасар Әдекеновпен тұрмыс құрды. 1955 жылдан бастап өмірінің сонына дейін Қарағанды өңірінде Әдекеновтер отбасында өткізді. Екеуі де көркем мінезге бай, асыл қасиеттерге ие, жайсаң да, бір-біріне жарасымды жандар еді. Екеуінің өзара сыйластығына, кіршіксіз пейілдеріне қызығатынбыз.

Алланың мархабатымен ата-енеге әдепті де, келісті кемеңгер келін, жұбайына адал жар, балаларына аяулы ана, ағайын-туған арасында ардақты, абзал адам атанған, шәкірттерінің ұлағатты ұстазы болған Жаңыл Доскейқызының осындай жарқын бейнесі бәріміздің жүрегімізде мәңгілік сақталды.

Атасы Әдікенді 15 жылдай – 90 жасқа, енесі Зылкешті – 31 жылдай 86 жасқа келгендерінше мәпелеп, үлкен сыйластықпен күтті. Сырттан үйге келген ағайынның ересегі болсын, жасы болсын, «атам мен апам мына жақта отыр» деп сәлем бергізіп, әкелген сәлем-сауқаттары болса, бірінші сол кісілерге көрсетіп, ауыз тигізуші еді. Бір сөзбен айтқанда, балаларының, немерелерінің алдында, ел ортасында ата-енесінің мәртебесін көтеріп, беделін арттыруды үнемі ойластырып, жүзеге асырушы еді.

Ата-енесінің айтқан әңгімелерін ықылас қойып тыңдап, өзі де әңгіме айтып сыйласып, сырласып отыратын. Балалардың бәрін ата-әжелерінің бауырына бейімдеп, тіпті, суретке де бірге түсіріп жүретін. Қазір сол суреттерге қарап отырсақ, Жаңылдың ата-енеге деген ыстық ықыласы, ізгі ілтипаты көз алдымызға келеді.

Осындай қылықтарын қимағандықтарынан шығар, ата-анаға өзінен туған барлық балалары бірдей ыстық болса да, үлкенді-кішілі басқа балаларының бәрін жеке отау шығарып, осы келінінің қолында өмір бақи тұрып қалды.

Жаңыл апайдың тағы бір қадір-қасиеті – өзінің кеңпейілділігімен алыс ағайындарды араластырып-құраластырып, жақындарды жанастырып отырушы еді. Осындай бауырмалдығы мен көпшілдігі үшін барша ағайын Жаңыл апамды қадір тұтып, ерекше құрметке бөлегенін көзіміз көрді. Бірде төртінші атадан қосылатын Нұржан қайынағасының үйінде отырғанымызда үй иесі: «Жаңыл келініміз болғанымен, бізге туған жеңгеміздей ізгілікті істер жасап, қамқор болып жүруші еді, ағайын арасының ажырамауы әйелдерге байланысты ғой», – деп еді.

1955-1956 жылдары Егіндібұлақта екі бөлмелі үйде ата-енесі, қайынағасы мен абысын-жеңгесі, өз отбасы, екі оқушы қайындары, өзінің немере ағайы Жақсыбек, ауылда он жылдық мектеп жоқтықтан 9-10-шы кластарды оқуға келген Орынтай, Рымкеш, Әсия деген шөбере қайын сіңлілері бірге тұрып, бір дастарханнан тамақтанып жүрді. Мұның үстіне, отағасы – жұбайының қызмет бабына байланысты облыс орталығынан іссапармен жүрген уәкілдер мен құдайы қонақтар да жиі болып тұрды.

1961 жылы 14 қаңтарда орталарында бір әйел – Анастасия Никитична Джурина бар, 4-5 қонақ келді. Қонақты тамаққа тойғызып күтуден тар үйде төсекке орналастыру қиын. Анастасия Никитичнаны өз жанына алып, жұбайын ер азаматтармен бірге жатқызды. Өзі таңға жақын табиғаттың талабымен перзентханаға аттанып, Алланың рахымымен қыздардың кішісі өмірге келді.

Алланың жарылқауымен едел-жедел туған балаларды өз мәнінде тәрбиелеп өсірумен қатар, жұбайына отбасында жайлы жағдай жасап, көңіл күйінің көтеріңкі жүруін қамтамасыз етуші еді. Күнделікті тұрмысқа, келешекке керекті жағдайларды ақылдасу қажет болса, жұбайына есіктен кірер-кірместен айтпай, шай ішіп жайласқаннан соң, жүйке жүйеге келіп, көңіл күй, сана сабаға түскен кезде сұхбаттасушы еді.

Кіші әлемдей күрделі отбасын үлкен әлемнің көшінен қалдырмау қарекетімен жүрсе де, институт бітіріп келгеннен зейнеткерлікке шыққанға дейін қол үзбей асқан қабілеттілікпен, қажырлылықпен қызмет етті. Ұлағатты ұстаз деген абырой-атаққа ие болды.

Егіндібұлақ, Қарқаралы, Шет аудандарының орта мектептерінде тарих пәнінен сабақ берді. Аталған мектеп ұжымдары мен оқушылар арасында өте беделді болды. Егіндібұлақта бірге қызмет істеген Зинаш Бейсембаева Жаңыл қайтыс болғаннан кейін еске түсіре отырып: «Жаңылдың жұбайы ауданның бірінші басшысы қызметінде болуына байланысты мектеп өмірінде орын алып жататын үлкенді-кішілі оқиғалар, келеңсіз жағдайлар күнделікті хабарланып қоя ма деп қауіптенуші едік, бірақ ондай жағдайға ондаған жылдардың ішінде бірде-бір рет куә бола алмадық. Бұл да Жаңылдың асқан адамгершілігінің бір айғағы еді», – деп еді.

Жаңылдың жоғарыда көрсетілген әр мектепте мұғалім болуы сол аудандарда басшы болып істеген жұбайының қызметінің ауысуына байланысты еді. Кезекті көш Қарағанды қаласына әкеліп, Жаңыл 1973 жылдан 1983 жылдың аяғына дейін №3 мектеп-интернатта (қазіргі Ә.Молдағұлова атындағы мамандандырылған спорт мектеп-интернаты) мұғалім болып, зейнет демалысына шықты. Кейін мектеп-интернат басшыларының берген еске алу мінездемесінде: «Жаңыл Доскейқызы өзінің педагогикалық қызметінде тәрбиеленушілеріне сенім білдіру, өзара толық ұғыныстық туғызу арқылы оқушылар коллективінің үлкен жетістіктерге жетуіне жағдай жасады. 90-шы жылдарда жаңалық ретінде оқу-тәрбие жүйелерінде қолданыла бастаған «өнерлестік», «ынтымақтастық» деген ұғымдарды Жаңыл Доскейқызы 70-ші жылдардың өзінде жүзеге асырған болатын. Соның нәтижесінде оқушылары үнемі пайдалы іспен шұғылданып, ізденіс үстінде, өздерінің қадір-қасиеттерін арттыру, өзіндік «Менін» қалыптастыру жолында тәрбиеленді. Тікелей Жаңыл Доскейқызының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған оқу-тәрбие жұмыстарының жемісі ретінде балалардың таланттарының көзі ашылып, талаптануларына шабыт пайда болғанын атап өтуге болады. Жаңыл Доскейқызы ата-аналары алыс ауылда қалған балаларды өз перзенттеріндей бауырына тартып, оларға ойының, бойының жылылығын дарытушы еді. Олармен қандай қиыншылық жағдай болса да, ашық, тең сөйлесіп, сенім білдіру арқылы тығырықтан жол табуға баулыды. Мұның барлығын балалар ыстық ықыласпен түсініп, үлкен сүйіспеншілікпен қатты сыйлаушы еді. Жаңыл Доскейқызы өзінің абырой-атағы үшін емес, оқушылардың көзінде ертеңге, келешекке деген сенім ұшқыны болуы үшін еңбектенді. Ол еңбегі ақталып, 1982 жылы бастауыш кластан бастап қабылдап алып, 10-ыншы класты бітіргенге дейін жетекшілік еткен класындағы 18 оқушының үшеуі мектепті «Алтын медальмен» бітірді. Бұл – №3 мектеп-интернат тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Тіпті, республика көлеміндегі ерекше көрсеткіш еді. Жоғарыдағы 18 мектеп бітіруші сол жылы түгелдей жоғары оқу орындарына түсті.

Жаңыл Доскейқызының қажырлы еңбектерін бағалап, жыл сайын мектеп-интернат дирекциясы алғыстар жариялап, аудандық, облыстық оқу-ағарту бөлімдері бірнеше рет грамоталар беріп, республиканың басшы орындары «Оқу-ағарту ісінің үздігі» атағымен, тағы басқа да медальдармен марапаттады.

Жаңыл Доскейқызы отбасында да бақытты жұбай, ардақты ана болды. Алланың рахымымен, жарылқауымен өмірге келген балаларды әкелері өз басының үлгісімен, ақыл-кеңесімен өмірде өз орындарын табуларына, білімге, ғылымға, еңбекқорлыққа баулыса, аналары күнделікті дәмді тамақ ішіп, таза киім киіп, мектепте үздік оқуларына жәрдемдесіп, реті келгенде басшы адамның, мұғалімнің балалары жақсы оқыса, тәртіпті әрі еңбекқор болса отбасыға абырой әперетіндіктерін естеріне салып, талап қойып, жауапкершіліктерін арттырып отыратын. Балалары ол еңбегін де, тілегін де ақтады. Жаңыл Доскейқызы «Ана даңқы» орденімен марапатталды…», – деп көрсетілді.

Өзінің ниетіне қарай, Балқаштың ар жағындағы Сарыарқаның сайын даласы Саяқтан арнайы алдырылып, басына қойылған гранит құлпытастағы бейнесі құбылаға, Қарағанды қаласына қарап тұр. Бейнедегі өзінен, ойлы көзінен, балаларының өмірдегі аяқ алыстарына, айтқан өсиеттерін орындағандарына мейірленіп, мерейленіп тұрғандай сезім сезіледі.

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы.

СЕМЕЙ қаласы.

Back to top button