Бас тақырыпМәселе

Педагогтерді аттестаттау: үміт пен күдік

Ұлттық біліктілік тестілеу кезінде болған қайғылы оқиға қоғамдық дау туғызды. Осыдан соң, аттестаттау – мұғалім үшін Әзірейілдей елестегені жасырын емес. Мәселенің мән-жайына қанықпағандар бұрын-соңды болмаған жайтты желеу етіп, әлеуметтік желіде оңды-солды пікір айтуда. Екпіні қатты. Арасында педагогтерді аттестаттау жөнінде жаңа заңға айып таққандар да бар. Үкіметтің педагогтерге деген көзқарасы мейлінше тым қатал дегендер де табылды. Бұлай деуге не себеп?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев былтыр күздегі Жолдауында білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет екенін айтты. «Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені, олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуы тиіс», – деген еді.

Расымен де, білімді ұстаздан білім алған баланың болашағы айқын, бағыт-бағдары белгілі. Бүгінгі озық ойлы оқушыға білім беру үшін мұғалім өз білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Мұның еш оғаштығы жоқ. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі педагогтерге аттестациядан өтуді міндеттеді.

Аттестациялау – педагог біліктілігін растайтын, белгілі бір уақыт аралығында өткізілетін рәсім. Алайда, ол қатып қалған қағида емес, уақыт талабына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, биылғы аттестаттаудың ерекшелігі – эссе жазу енгізілді. Тестілеудің нәтижесіне кірмесе де, әр мұғалім аттестациядан өту кезінде эссе жазуға міндетті. Дегенмен, мұғалімдер арасында оның не қажеті бар дегендері де баршылық. Шынында, жыл сайын білімін жетілдіретін педагогке 5 жыл сайын біліктілігін растау еш қиындық туғызбаса керек.

Кеше болған оқиғаны өзек етіп, аттестаттауды дабыра қылғандар білім жүйесін кінәлап әлек.

Тестілеу кезінде қайтыс болған ұстаз соңғы кездері өзін нашар сезінген. Туыстары үйде қалуын өтінсе де, тест тапсыруға барған. Мұғалім созылмалы дертке шалдыққан және жүрек ауруымен емханада есепте тұрған. Тестілеу кезінде дәм-тұзы таусылған жанның өліміне білім жүйесінің ешқандай әсері жоқ. Ал, ол сауатты, тәжірибелі, әрқашан өз біліміне сенімді азамат болған. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қарина дәл осылай деп хабарлады.

Ал, аттестаттауға оралсақ, 2018 жылдан бастап енгізілген жаңа жүйеде педагогтің біліктілік санаты бойынша қосымша төлем жалақының 30%-дан 50%-ға дейінгі көлемін құрады. Педагог-шебер 300 мың теңге алса, оған 90 мың теңге немесе одан да көп қосымша ақы төленеді.

«Ал егер мұғалім аттестациядан өтпесе, жұмысын жалғастыра береді. Ол қосымша ақы алуға әсер етеді. Аттестаттаудың жаңа жүйесі мұғалімнің шеберлік деңгейіне қарай жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді», – дейді вице-министр Шолпан Қарина.

Ережеге сәйкес, мұғалімдер бес жылда бір рет біліктілігін арттырады немесе растайды. Егер педагогтер бірінші тапсырғанда сынақтан өтпесе, оны қайта тапсыруға мүмкіндігі бар.

Мұғалімдерге ыңғайлы болу үшін аттестация жылына екі рет өткізіледі. 2018 жылға дейін жылына бір рет тест тапсыратын. Ал, қазір педагог тест тапсыратын уақытын өзі таңдайды.

Сонымен қоса, мұғалім тек мектеп бағдарламасы бойынша тест тапсырады. Вице-министрдің айтуынша, бұл – мемлекеттік білім стандартының ең төменгі талабы және мұғалімнің күнделікті оқушыларға үйрететін бағдарламасы. Тестілеу кезінде басқа ештеңе талап етілмейді.

Алайда, тестілеуге қатысқан мұғалімдер бейіндік пәннен бөлек, педагогика, психологиядан келетін сұрақтардың қиындығын айтады. Олардың айтуынша, нұсқаулықтың түпнұсқасы ағылшын тілінде жазылатын көрінеді. Одан соң орысшаға, қазақшаға аударылады. Әлеуметтік желіде: «Аудармадан құралған тесттің бастапқы, түпкі мәні қаншалықты сақталады?» деп базына айтқандары да бар. Қаншама жыл жұмыс істеген абыройлы мұғалім осындай сұрақтарды білмей қалып, тесттен құласа, абыройы айрандай төгілетіндей көзқарас қалыптасты бүгін. Талаптың күшейгені жақсы шығар, алайда тесттің қиындығын тілге тиек еткен мұғалімдер де жетерлік.

– 15 жыл, 20 жыл, тіпті 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдердің білімін анықтау тесті дегеннің өзі ақылға сыймайды. Осыншама жыл мектепте білім беріп жүрген ұстаз білгенін ұмытып қалмайды ғой. Қаншама жыл жұмыс істетіп алып, неменеге мұғалімдерді сапасы сын көтермейтін тестілеу мен құшақ-құшақ қағаз жинатып, портфолио толтырумен айналыстырып қойдық? Біліктілік санатын мұғалімнің еңбек өтіліне қарай анықтау жеткілікті емес пе?! 30 жылда кез келген мұғалім өзін сарқып, берерін беріп болады, қажырын да, қайратын да, денсаулығын да, жүйкесін де», – деп жазыпты желі қолданушысы Айгүл Жұмаділ есімді ұстаз.

Министрлік осындай талап қоя отырып, сапалысын сүзіп алады. Дәл осындай мазмұнда пікір айтқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылан Айтқұлов былай дейді:

– Педагог болғаннан кейін ол белгілі бір деңгейде білімін жаңартып, біліктілік деңгейін сынақтан өткізіп отыруы керек. Бұл тек мұғалімдерде ғана емес, басқа сала мамандарында да бар. Бірақ, тест жүйесі дұрыс болуы керек. Мұғалім тәжірибесі, білім беру методикасы, теориясы, міне осылар қамтылуы керек. Өзінің білімін жетілдіру үшін мұғалім тапсыратын тест жүйесі дұрыс құрастырылуы тиіс. Жалпы, мен бұл жүйені, педагогтерді аттестациядан өткізуді құптаймын», – дейді ол.

P.S: Қандай сынақ болса да, мықты мұғалім еш мүдірмеуі тиіс. Аттестаттациядан өту – мұғалім үшін қаржылық инвестиция екенін жоғарыда айттық қой. Қоғамның талабына, заманның сұранысына сай ұстаздарға қойылатын талап та орынды. Алайда, құзырлы органдар мұғалімнің талап-тілегін де ескеруі тиіс деп ойлаймыз.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button